Қоқыс, қалауын тапса, байлық көзі

Уақыты: 18.05.2017
Оқылды: 2495
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Заман көші алға озып, экономика дамыған сайын қоршаған ортаны қорғау қиынға соғып барады. Өндірісті дамытпаса, экономика алға баспайтыны белгілі. Қазір әлемде индустриалды кезең басталды. Өзінің индустриалды бағдарламасы арқылы жаһандық экономикадағы беделін бекемдей білген Қазақстан да көштен қалмауды басты назарда ұстап келеді. Еліміз индустрияландыру картасын жүзеге асырып, соңғы екі жылда 550-ден аса кәсіпорынды іске қосып, 100 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде ел қазынасына еселеп табыс келді. Енді алдағы уақытта «Жасыл экономиканы» жүзеге асыру арқылы да жағдайды жақсарту көзделген. Есептеулер бойынша, 2050 жылға қарай «Жасыл экономика» шеңберіндегі жаңартулар  ЖІӨ 3% ұлғайып, 500 мыңнан астам жұмыс орнын құруға, өнеркәсіп пен қызмет көрсетулердің жаңа салаларын қалыптастыруға, халық үшін сапалы өмір сүру стандарттарын қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді.

Елімізде қоқысты өңдеуден туындайтын экономикалық мүмкіндікті пайдалану ісі әлі де кенжелеп тұр. Тіпті, біз қоқыстардың экологияға тигізер әсерін жоюдың жолын да таба алмай отырмыз. Мысалы, еліміз бойынша бүгінгі таңда 43,1 млн. тонна қоқыс бар. Шетелдік мамандардың пайымынша, біз Қазақстандағы барлық кенді жауып тастап, сол кеннің қалдықтары мен полигондарға төгілген қалдықтарды қайта өңдеумен айналыссақ, қазақстандықтарды жарты ғасыр уайымсыз асырауға жетеді. Бұл бағытта да нақты шаралардың қарастырылып жатқанын жасыра алмаймыз. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бағдарламасын жетілдіру жөнінде Үкіметке тапсырма жүктеді.  Аталмыш бағдарлама бұл секторды жоғары деңгейде басқаруға қол жеткізуге, сонымен бірге, жасыл экономика негіздері мен қағидаларын сақтай отырып, саланы бизнес пен жеке құрылымдар үшін тартымды етуге мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе шетелдерде сынақтан өтіп, дәлелденген. Ендеше, алдымен соның ең тиімді жағына тоқталайық.
Шетелдіктердің тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуде жеткен ең үлкен табысы – қалдықтарды энергияға айналдыру немесе энергияны қалдықтардан өндіру әдісі. Мұны жүзеге асыратын ең алғашқы зауыт Альберт Фрайердің жобасы бойынша Manlove, Alliott & Co., Ltd. компаниясымен 1874 жылы Ұлыбританияның Ноттингем қаласында салынды. АҚШ-та қалдықтарды өртейтін алғашқы зауыт Нью-Йоркте, Говернюс аралында 1885 жылы іске қосылды. Данияда қалдықтарды өртейтін бірінші зауыт Фредериксборг қаласында 1903 жылы салынды. Чехияда мұндай алғашқы нысан Брно қаласында 1905 жылы салынған болатын. Ал қалдықты өңдейтін кәсіпорындар өткен ғасырдың соңын ала өркендей бастады. Айталық, 2001 – 2007 жылдар аралығында қалдықтарды энергияға айналдыру қуаттылығы жылына шамамен төрт миллион тоннаға артты. Жапония мен Қытай тікелей балқытуға немесе қатты қалдықтарды қайнату қабатында жағуға негізделген бірнеше зауыттар салды. Қазірдің өзінде Қытайда қалдықты энергияға айналдыратын 50 зауыт бар. Жапония 40 миллион тонна көрсеткішпен әлемдегі ҚТҚ-ны термалдық өңдеудің ірі пайдаланушысы болып отыр.  Бір айта кетерлігі, қазіргі таңдағы қалдық өңдейтін жаңа зауыттар стокер технологиясын пайдаланады, басқалары озық оттегі байыту технологиясын қолданады. Сонымен қоса, тікелей балқыту, Эбара флюидизация процесі және Термиялық-таңдау-JFE газдандыру және балқыту технология процесі сияқты біршама жаңа процестерді пайдаланатын жүзден астам термиялық тазарту зауыты бар. Грекияның Патрах қаласында Грек компаниясы жай әлеует көрсететін жүйені сынақтан өткізуді жақында ғана аяқтады. Бұл бастамалар қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы кіріс көзін молайту мүмкіндігін кеңейте түспек. 
Десе де, жоғарыда айтқандай, шетелдерде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісі осыдан бір жарым ғасырға жуық бұрын басталды. Қазіргі таңда ол елдер қоқыстың экологияға тигізетін зардабын түбегейлі жойып болып, енді экономикалық мүмкіндігін ұлғайтуға көшті. Сөзіміз дәлелді болу үшін өркениетті елдердің бірқатар тәжірибесін айта кеткеніміз жөн сияқты. Жапония астанасының тұрғындары 2020 жылғы Олимпиада ойындары медальдарын құюға ескі телефондарын өткізуге кезекке тұруда. Мұндай алғашқы акциялардың бірі жуырда Токио муниципалитеті ғимаратында өтті. Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті мен демеушілік көрсететін компаниялар телефондар үйіндісінің астында қалды.    
Ұйымдастыру комитеті ұялы телефондар мен ескі тұрмыстық техникалардан       40 киле алтын және әрқайсысы 3 тоннадан күміс пен қола алуды жоспарлап отыр.
– Біз қоғамда ұзақмерзімді даму идеясын насихаттау және тұрғындардың «Олимпиада 2020» ойындарына тікелей атсалысуын қамтамасыз ету мақсатында осындай бастама көтердік. Сіздің ұялы телефоныңыз Олимпиада медалінің бір бөлшегі болуы мүмкін деген идея қоғамның спортқа деген ынтасын арттырды, – дейді Токио губeрнатoры Юрикo Кoикэ.    
Шикізат ретінде жиналған телефондар тиісті өңдеуден өткізілген соң олардан Олимпиада және паралимпиада ойындарына арнап 5000 медаль соғылады. Сәуір айында ескі электроника құралдарын қабылдайтын осындай тағы 2400 орын ашылатын көрінеді.
 Малайзиялық суретші Рэд Хонг Йи (Red Hong Yi) елді елең еткізерлік туындыны жұртшылық назарына ұсынды. Ел назарын ерекше аударған портрет «Teh Tarik Man» деп аталады. Оған кәдімгі шайдың пакеттері пайдаланылған. Суретші оларды бояп, түрлі кейіпке енгізіп, өз дүниесін жасап шыққан. Бұған 20 мың дана боялған шай пакеттері жұмсалған.
 Ресейдің қоқыс пен әйнек шөлмектер шашылып жататын жағажайы тамаша демалыс орнына айналды. Қатты толқын әйнек бөтелкелерді мүжіп, олардан әдемі “бұйымдар” жасаған. Владивосток маңындағы жағажай бір кездері қоқыс тастайтын орын болған. Уақыт өте келе толқын әйнек шөлмектерден тамаша “бұйымдар” жасапты. Енді бұл жерге туристер ағылып келіп жатыр. Бір қарағанда жағажайдың маңында көптеген шырақ жанып тұрғандай көрінеді. Алайда бұл бар болғаны күнге шағылысқан әйнектің сынықтары. Бұрындары адамдар бұл жерден аяқ алып жүре алмайтын болған. Ал соңғы 10 жыл ішінде жағдай толықтай өзгерді десек те болады. Жергілікті тұрғындар бұл жерді “Әйнек жағажай” деп атап кеткен екен. Ресейдің билік өкілдері бұл жағажайдың қорғалатынын мәлімдеді. Сол жердің халқына жағажай маңына қоқыс тастауға тыйым салды. Түрлі түсті әйнектер жазда құмның үстінде жатса, қыста аппақ қардың үстінде жарқырайды. Жылдың төрт мезгілінде туристер үзілмейтін орынның ел экономикасына қаншалықты қаржы құйып жатқанын есептей беріңіз.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Ықылым замандардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды. Осының бәрі  жерге аса немқұрайды қараудың ащы мысалы. Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп айтылғандай, бүгінгі таңда еліміздегі, облысымыздағы экологиялық ахуал  нашарлап барады. Оны бүгін қолға алмасақ, ертең кеш болатыны анық.     
 Мамандардың зерделеуінше, елімізде жыл сайын пайдалануға жарамды материалдық ресурстардан 500 мың тонна қағаз бен картонды, 300 мың тонна шыныны, 200 мың тонна металл мен 500 мың тонна пластмассаны қайта өңдеуге болады. Яғни, бұл қайта өңдеуге жарамды материалдық ресурстарды екінші рет пайдалануда үлкен әлеуеттің барын көрсетеді. Алайда, қайта өңдеу ісі толық жүйеге түспегендіктен бұл бағыттағы жұмыс ақсап тұр. Осы ретте елімізде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау ісін 2020 жылға қарай 90, 2035 жылға қарай 100 пайызға жеткізу көзделуде. Сондай-ақ 2020 жылы санитарлық полигондармен  қамтылу деңгейін 50 пайызға дейін жеткізу қарастырылған. «Жасыл» энергияны өндіру үлесін арттыру маңызды көрсеткіш ретінде орнығып, бұл тұрғыда биологиялық қалдықтарды қайта өңдеу кезінде жылу мен электр энергиясын өндіру үшін газ шығаруға ерекше мән беріледі. Бұл ретте «жасыл» энергияны өндіру бағытында пайдаланылатын қалдықтар үлесін 2020 жылы 5 пайыздан бастап, 2050 жылға қарай 30 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін  «Жасыл даму» бағдарламасы негізінде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқарудың бірыңғай орталығын құру ұсынылды. Бағдарламаның бастапқы кезеңі үшін 52 млрд. теңге көлеміндегі бюджет шығыстары қарастырылып, республикалық бюджеттік комиссия тарапынан қолдау тапқан. Осыған орай, қоқыс өңдейтін зауыт құрылысын Ақтау мен Қарағандыда, ал жалпы, еліміздің тоғыз қаласында бастау жоспарланған. Сол қатарға Алматы облысы да енген болатын. Жасыратыны жоқ, біздің өңірде бұл іс кенжелеп тұр. 
Облыс әкімі Амандық Баталов биыл облыс тұрғындары алдында берген есебінде осы жағдайды тілге тиек етіп:
«Облыста тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт жоқ. Жыл сайын облыс аумағына шамамен 800 мың тонна қатты қалдықтар шығарылады. Бүгінгі шығарылған қалдықтардың көлемі 8,4 млн. тоннаға дейін жетті. Осы уақытқа дейін қалдықтар полигоны толып кеткен және бұл мәселе дер кезінде шешуді қажет етеді», – деп өзекті мәселенің бар екенін және қай бағытта жұмыс атқаруымыз керек екендігін көрсетіп берді. 
Бұл өңірімізде қайта өңдеу саласы мүлдем өркендемей қалды дегенді білдірмейді. Өкінішке қарай, кәсіпорындар тек өз қажеттілігіне қарай қайта өңдеу саласымен шағын көлемде ғана айналысуда. Ал өңір басшысының «облыста тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт жоқ» дегені қайта өңдеудің бизнестің бір саласы ретінде қалыптасып үлгермегенін меңзегені. Осы ретте, біз солардың бірқатарының өңір экономикасын өркендетіп, жұмыссыздық деңгейін азайтуға сеп болып жатқаны жайында айта кеткен жөн деп шештік.
Айталық,  Қарасай ауданы Елтай ауылдық округіндегі  лак және бояу шығаратын  өндіріс ошағына финляндиялық «Tikkurila» компаниясы инвестиция салған. «Tikkurila» Финляндия, Швеция және Ресейдің қымбат бояулар нарығында көшбасшы болып саналады. Алдағы уақытта өндіріс өнімдері Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты мемлекеттерге экспортталмақ. Егер сұраныс өссе, өнім көлемін ұлғайтуға да дайын. Зауыт жылына екі миллион литр бояу өндіруге қауқарлы. Өндірістегі заманауи технология лак және бояудың мыңнан аса түрін шығаруға қабілетті. Қазір бұл компания он алты елде жұмыс істейді. Сапалы сүт өнімдерін шығаратын «Danone-Bercut» ЖШС-нің құрылысы өткен жылғы тамызда «Даму» индустриялдық-логистикалық орталығы аумағында басталды. Жалпы 5 гектар аумаққа орналасып, йогурт пен айранның жиырмадан астам түрін шығаруға бейімделген өндірістің жылдық қуаттылығы 12000 тоннаны құрайды. Жобаның жалпы құны 3068 млн. теңге, құрылыс жұмыстарына 80 адам тартылған. Ұйғыр ауданындағы жалпы аумағы 1,5 гектар жерге салынған Шонжы тері-жүн өңдеу зауытына инвестордың 800 млн. теңге қаржысы жұмсалыпты. Заманауи үлгідегі жабдықтармен жабдықталған өндіріс орны қой мен ірі қара терісін өңдеп, жүн жуатын болады. 
«Қайнар-АКБ» ЖШС өткен жылы          1 миллион 700 мың аккумулятор батареясын өндіріп, рекордтық өнім шығарды. Өнімнің осы деңгейге жетуіне зауыттағы қайта өңдеу саласы барынша ықпал еткен. Зауыттың сапалы өнімі бұрындары ТМД елдері мен көршілес Ресей және Украинаға экспортталып келсе, ендігі уақытта Германия, Иран, Моңғолия және Араб біріккен әмірлігі сияқты шет мемлекеттерге сатылуда. Зауыттың қайта өңдеу саласы бойынша 2014 жылы 13.385 тонна, 2015 жылы  11.885 тонна, 2016  жылы 19 тонна, биылғы бірінші тоқсанда  7. 538 тонна аккумулятор өңделген. Бір ауысымда 5 адам жұмыс істейді. Олардың еңбекақысы 80 мың теңгеден жоғары. 
Іле ауданындағы «Компания В» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 пайызбен 33 миллион теңгеден астам несие алып, жаңа қондырғылар сатып алған. Қазіргі кезде зауытта тәулігіне 20 тонна, айына 750 тоннадан астам қағаз өңделеді. Қалдық негізінен Алматы қаласы және облыс аумағынан жинап әкелінеді. Шілде айында Қырғыз еліне 200 тонна өңделген қағаз экспортталған. Есік қаласында орналасқан «Электрокабель зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 1000 километрге жуық кабель шығарады. «Colden and Younq» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 154 миллион теңгеден астам несие алып, ол қаражатты осы зауыттың құрылысына жұмсады. Одан бөлек 25 миллион теңге несие алып, айналымдағы қаржыны толтыруда. Осының арқасында өндіріс ауқымы кеңейіп, өнім көлемі артты. Ал «Алель  Агро» акционерлік қоғамының «СейМар» сауда маркасы бойынша елеулі жұмыс атқарғанын білеміз. Олар 2012 жылы 20 мың тоннаға дейін сапалы өнім шығарған болатын. 2013 жылы  бұл көрсеткіш 25 мың тоннаға жеткізілсе, өткен жылы 30 мың тонна өнім сатылымға жол тартты. Биыл 35 мың тонна өнім өндіру мүмкіндігі бар көрінеді. Ал, болашақта өндіріс көлемін 50 мың тоннаға жеткізу жоспары жасалыныпты. «Эфес Қазақстан» компаниясы ел экономикасына 245 миллионнан аса АҚШ долларын инвестициялап, осы уақытқа дейін 40 миллиард теңгеден аса салық пен өзге де міндетті төлемдерді төлеген.  
Қайта өңдеу саласындағы осындай жетістіктер өңір экономикасының дамуына ерекше серпін берді. Айталық, 2016 жылы өндірістің жылдық өсім деңгейі 2%-дық өсімді көрсетсе, оған облыстағы жұмыссыздық деңгейінің 2011 жылғы (өңірдегі қайта өңдеу саласы осы жылдан басталды) 5,1%-дан 4,8%-ға, ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұратын халықтың үлес салмағының 3,0-дан 2,1-ға дейін азайғанын қосайық. Демек, облыстағы осындай жетістікте қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың үлесі аз болмағаны айдан анық. Мұның өзі бізде мол мүмкіндіктің болғанын айғақтайды. Жетпей жатқаны тынымсыз еңбек, ұзаққа бағдарланған жоспардың жоқтығы. Егер біздегі осы кемшіліктер түзетіліп, тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу саласы ойдағыдай өркендесе, Елбасы айтқандай, «Қайта өңдеу саласын дамытудың бизнестің өміршеңдігін арттыратындығы» бесенеден белгілі.

Табыс еселене түсті

Жаркент қаласындағы темір-бетоннан  құрылыс материалдарын  дайындаумен  айналысатын «Сұңқар» ЖШС-нің өнім өндіре  бастағанына  5-6  жыл  болды.

Бетоннан  ірге  блоктар, су  жолдарына,  құбырларға  қажет  қуыс  бетон  бұйымдар, олардың  қақпақтары, су  жолдарына  салатын  дайын  арықтар  жасаумен  және  дайын  бетон  сұйығын  дайындап  берумен  жұмыс  бастаған  жас  кәсіпорын  өндірген  өнімінің  сапасын жақсарту  арқылы  өндірісін  өрге  домалатып  келеді.  Нәтижесінде,  бүгінгі  күні  Панфилов  ауданындағы  «Қорғас»  ШМХО, «Алтынкөл»,  «Құндызды»  теміржол  бекеттері, «Құрғақ  порт», Индустриялық  және  логистикалық  орталықтар, «Байсерке-Агро»  жылыжай  кешені,  Нұркенттегі екі 60  пәтерлі  тұрғын үй  және  Жаркент  қаласындағы  орталық  аурухана, Шолақай  ауылындағы  жаңа  амбулатория  құрылыстарына  дайын  бетон  сұйығын,  іргетас,  төбе  жабатын  бетон  құймалар  дайындайтын  негізгі  кәсіпорынға  айналып  үлгерді.
– Бүгінгі  күні,  шағыл  мен  цемент  араластырып  қолдан  әзірленген  бетон  сапа  талаптарына  жауап  бере  алмайды  және  құрылыс  қарқынына  кедергі  келтіреді, – дейді  «Сұңқар»  ЖШС  құрылтайшысы  Закир  Исмазов.  – Мемлекеттік  стандартқа  сәйкес  бетон  арнаулы  араластырғышта,  қоспалардың төзімділігі,  сапасы  компьютермен  белгіленген  жағдайда  әзірленуі  тиіс.  Сондықтан,  біз  талапқа  сай  сапалы  шағылдан, арнаулы  орындарда  әзірленген  тас  қиыршықтардан,  шайылған  құмнан,  жоғары  маркалы  цементтен  және  өнімнің  төзімділігін  жоғарылататын  «Криопласт»  химиялық  қоспасын   араластыру  арқылы  бетон  дайындаймыз.
Серіктестік  өткен  жылы  өндірісін  кеңейтіп,  бүгінгі  таңда  жергілікті  тұрғындар  арасында  үлкен  сұранысқа  ие  бетоннан  жасалатын  қуыс  кірпіштер,  үй  ауласына  және  жүргіншілер  соқпағына  қалайтын  өрнекті  төсеніш,  әртүрлі  көлемді  үй  төбесін,  көпірлер  мен  қораларды  жабатын  плиталар, электр  бағаналарын,  тағы  басқа темір-бетон бұйымдар  шығаруды  қолға  алыпты. Оларды  құюға  қажет  жабдықтарды  қытайлық  кәсіпкерлерден  келісімшарт  арқылы алдырып, іске қосқан. Болашақта  жоғары  кернеулі  электр  желілеріне  арналған  бағандар  жасауды  ойластырып жатқан көрінеді.
 Закир  Шабазұлының  айтуынша,  алдағы  уақытта  бетон  бұйымдарды  булайтын  жаңа  цех  ғимараты  жасалады. Технологиялық  стандартқа  сәйкес  зауыттан  шығарылған  барлық  темір-бетон  бұйымдар  осы   цехта  талапқа  сай  дәрежеге  жеткізіледі. Өндіріс  қуатын  арттыруға,  алға  басуға  қажет  жұмысшы  күші  мен  техникалары  жеткілікті. Серіктестікте  жалпы  30-дан  астам арнаулы  техника  бар. Олардың  арасында  дайындалған  бетон  сұйығын  құрылыс  объектісіне  жеткізіп  беретін  арнаулы  көліктер  тоқтаусыз  қызмет  атқарады. Қазір  зауытта  мамандығына  байланысты  арнаулы  орта  оқу  орындарын  тамамдаған  30  жас  жігіт  еңбек  етіп  жүр. 
Жаздың  шыжыған  ыстығында,  қыстың  аязды  күндерінде  темір-бетон  бұйымдарын  дайындау  оңай  емес. Алайда  бұл  зауытта  алғашқы  сәттен  еңбек  ететін  Оспан  Арсланов, Рахим  Юсупов,  Евгений  Улич,  Андрей  Шестаков,  Олег  Домоковичуте,   тағы  басқалар   өндіріс  технологиясын  сақтаудың түрлі әдісін меңгерген. Осы мамандардың біліктілігінің арқасында жас  «Сұңқардың»  жұмысы уақыт өткен сайын жанданып  келеді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Жаркент қаласы.

Бұл басылым Еуропалық Одақтың қолдауымен әзірленген. Басылымның мазмұны автордың жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Қажет Андас