Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА КӨПШІЛІКТІ ҚУАНТҚАН ЕКІ ШАРА БОЛДЫ

Уақыты: 03.01.2021
Оқылды: 871
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ауданда бірқатар нысан қайта жаңғырып, ел игілігіне берілді. Олар – Көлді ауылдық Мәдениет үйі мен Құсайын Бижанов ауылындағы спорт кешені.

Тескенсу ауылдық округіне қарасты Көлді ауылындағы заманауи үлгімен нақышталған Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев қатысып, тұрғындарды құттықтады.

– Мемлекетіміз бүгінгі таңда мәдениеттің дамуына жіті көңіл бөлуде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыттары оған мүмкіндіктер туғызды. Соның нақты дәлелін өздеріңіз көріп отырсыздар. 2021 жыл – ерекше жыл, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Ұлы мерекені ойдағыдай ұлықтау міндеті бәрімізді жігерлендіреді, – деді аудан әкімі Қуанышбек Қалиұлы.

Аталған құрылыстың қайта жаңғыртылуына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттік бюджеттен 215 миллион теңге бөлінген еді. Оның бәрі ойдағыдай игерілді. Сапалы жұмысты жүзеге асырған «Нұр-Шапағат» құрылыс компаниясы басшыларының атына жиналған жұрт алғысын арнады.

Бартоғай ауылдық округіне қарасты Құсайын Бижанов ауылында да көпшілік жақсы жаңалықтың куәсі болды. Кезінде бұл елді мекен талайға үлгі болған. Алайда өтпелі кезең қиындықтары оңайға соққан жоқ. Қаржы тапшылығынан мәжбүрлі шешімдер қабылдауға тура келді. Ауылдағы мәдени-әлеуметтік нысандар сатылымға шығарылды. Сондай тізімнің ішінде спорт мектебі ғимараты да бар еді. Бұл үшін, әрине, ешкімді кінәлай алмайсыз. Десек те, ең өкініштісі, ауыл балалары спорт мектебінен қол үзіп қалды.

Өмір алға жылжыды. Бірте-бірте  қиындықтар да еңсерілді. Алайда бұрынғыдай ауқымы кең спорт кешенін тез арада жасап шығу мүмкін емес еді. Осыны ой елегінен өткізген ауыл кәсіпкері Руслан Камердинов жерлестеріне арнап үлкен сыйлық әзірлеуді жөн көрді.

Алдымен бұрынғы спорт кешенінің ғимаратын оны жекешелендірген адамнан сатып алады. 2017 жылы ғимаратты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылдық округі әкімдігінің есебіне ақысыз-пұлсыз басы бүтін берді.

Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша аталған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге мемлекет қазынасынан 369 миллион теңге бөлінді. Оның құрылыс жұмыстарын тендерден жеңіп шыққан «Энергохолдинг LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Мамыр айында басталған жұмыс белгіленген мерзімде толықтай аяқталып, қайтадан жаңғырды.

Бір күнде қатарынан екі нысанның пайдалануға берілгені үлкен жетістік. Жаңартылған нысандар – халықтың игілігі. Олар сонысымен маңызды, сонысымен құнды.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы