Құрылыс жұмыстарымен танысты

Уақыты: 22.05.2017
Оқылды: 1123
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талдықорған қаласында жуық арада құрылыс жұмысы аяқталып, ел игілігіне берілетін бірнеше маңызды нысан бар. Облыс әкімі Амандық Баталов сол нысандардың бірқатарымен танысып, инженерлік-техникалық жұмыстарда орын алған кемшіліктерге сын-ескертулер айтты. 

Биыл қыркүйек айында облыс орталығында жабық бассейннің құрылысы басталады. Бассейннің жобасымен танысқан өңір басшысы жобалау барысында кеткен кейбір кемшілікті көрсетіп, біраз өзгерістер енгізуді тапсырды. Оның себебін  «ПС Аксент» ЖШС-нің жобалаушысы Есім Мананов түсіндіріп берді. Оның айтуынша, нысан бұған дейін 84х50 метр аумаққа салынады деп жоспарланған. Алайда қала аумағының кеңеюіне, облыс орталығында бірде-бір халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге арналған бассейннің болмауына  байланысты оның аумағы 120 х 90 метрге ұлғайтылып, қайта жобалау жүріп жатыр екен. Сонымен қатар, бассейн ғимаратының ішінен бұрын қарастырылмаған жуынатын орын мен жарыс кезінде  дайындалуға арналған  шағын бассейн салынбақшы. Бұл өзгерістер нысанды салу уақытында кедергі келтірмейді. 
«Қаратал» шағын ауданындағы құрылыс жұмысы қызу жүріп жатқан ашық бассейннің де артық-ауыс тұстары көп. Әсіресе, тұрғындарға арналған орындықтар мен бассейнді жарықтандыру мақсатында орнатылған электр шамдары, мүгедектер пандусы облыс басшысының көңілінен шықпады. Оларды сапалы әрі әдемі етіп қайта салу керектігі тапсырылды.
Биыл Талдықорған қаласын газдандыру жұмысы қауырт қолға алынды. Алайда, облыс әкімі алдымен көшелерге газ құбырын тартып алып, содан кейін жөндеу жұмысымен айналысуды тапсырған болатын. Бұл қала жолдарын күрделі және ағымдағы жөндеу уақытын кешіктіруде. Аталмыш шара – жолды жөндеп алып, біткен істі қайта қазып жататын жағдайды алдын алу үшін жасалған қадам. Аталған тапсырма аясында нақты мысалдар келтірілді. Қаланың батыс  кіреберісіне салынып жатқан арканың жобасы да  облыс басшысы назарындағы нысан. Арканың бірнеше жобасы дайын. Оларды көріп шыққан Амандық Ғаббасұлы әрбір жобаның артықшылығы мен кемшілігін саралай келіп, классикалық бағытта дайындалған бір-екі жұмысты жоғары бағалады. Сондай-ақ, арканың айналасын абаттандыруға ерекше ден қоюды міндеттеді. 
Талдықорған қаласының абаттандыру жұмысымен танысқан өңір басшысы бірқатар кемшілікті  көрсетіп берді. Соның бірі – көпқабатты үйлердің ауласындағы ескірген ойын құрылғылары, тозығы жеткен суағарлар, қобырсып жатқан қоқыс жәшіктері. Бұл жағдай сәулетшілерді де алаңдата бастаған көрінеді. Олар алдағы уақытта қаладағы көпқабатты үйлердің ауласына қойылатын құрылғылар мен жол бойына егілетін ағаштардың түр-түрін, абаттандырудың заманауи үлгілерін облыс әкімінің назарына ұсынбақ. Сонымен қатар, мердігер компания өкілдері құрылыс материалдарының нысандарға орнатылатын жиһаздардың үлгісін таныстырып, сапасын көрсетті. Өңір басшысы жаңа құрылғылардың облыс орталығының табиғи жағдайына үйлесетіндерін таңдау керектігін ескертті.  Кейбір нысанның ішкі безендірілуіне көңілі толмайтынын да жасырып қалмады. Әсіресе, Көрме үйінің ішкі қабырғаларын түрлі-түсті бояулармен әрлеудің нысанның әдемілігін арттыра түсетінін жеткізді. 
Жұмыстың сапасына айрықша мән берген Амандық Ғаббасұлы жіберілген қателіктерді сынға алып, орынбасарлары мен мекеме, басқарма басшыларына, құрылыс  компаниясының өкілдеріне көрсетілген кемшілікті белгілі уақыт шегінде  түзетуді тапсырды.

Қажет АНДАС