АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІНДЕ МӘСЛИХАТТЫҢ БІРІНШІ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Уақыты: 17.01.2021
Оқылды: 708
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жуырда Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар  депутаттарының сайлауы өткені белгілі. Жаңа сайланған депутаттар құрамы өз жұмысын бастап кетті. Осы орайда VII шақырылған Алматы облыстық мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Онда мәслихат жұмысын ұйымдастыру мәселелері қаралып, Алматы облысының аумақтарын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Сессияға облыс әкімі Амандық Баталов қатысты.

Бірінші кезекте сессия төрағасы сайланды. Депутаттар ұсынылып отырған Әсет Қыдырмановтың сессияға төрағалық етуіне қарсы еместігін білдіріп, бірауыздан дауыс берді.  Ендігі кезекте «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бюросымен ұсынылған облыстық мәслихат хатшысы мен тұрақты комиссиялар құрамын  таныстыру үшін сөз облыс әкімі Амандық Баталовқа берілді.

Амандық Ғаббасұлы облыстық мәслихат хатшылығына аймағымыздың құрылыс саласында жемісті еңбек етіп, «Nur Otan» партиясының жұмысын белсенді атқарып жүрген Жанболат Жөргенбаевтың кандидатурасы ұсынылып отырғанын жеткізіп, алты бағыт бойынша жұмыс жасайтын тұрақты комиссия мүшелерін де атады. Бұл ұсыныс та депутаттар тарапынан  қолдау тапты. Өз кезегінде Жанболат Әкебайұлы көрсетіліп отырған сенім үшін алғысын айтып, мәслихат жұмысын жандандыруда күш-жігерін  аямай еңбек ететінін жеткізді.

Алматы облысының аумақтарын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасымен облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов таныстырды. Ол жаңа бағдарламаның жобасын таныстырмас бұрын 2016-2020 жылдарға арналған алдыңғы бағдарламаның орындалуы жайын қысқаша баяндап өтті.

– Бағдарламаны іске асыруға бағытталған шаралардың барлығы толығымен орындалды, жоспарланған индикаторларға қол жеткізілді. Атап айтар болсақ, бес жылда жалпы ішкі өнім 1,7 есеге артып, 3 трлн.343 млрд.теңгеге жетті. Ауылшаруашылық өнімдері жыл сайын 50 миллиард теңгеге өсіп, өткен жылы 917 млрд. теңгені құрады. Бес жылда облыс экономикасына 3 трлн. теңге инвестиция тартылып, 200 мың жаңа жұмыс орны құрылды, 4,5 млн.шаршыметр баспана берілді. Жалпы ішкі өнімдегі кіші және орта бизнес үлесі 27-ден 33 пайызға артты.  Орталықтандырылған сумен қамту  81-ден 98,3 пайызға, газбен қамту 20-дан 59 пайызға, қанағаттанарлық жағдайдағы жолмен қамту деңгейі 77-ден 84 пайызға өсті. Мектепке дейінгі мекемелер қатарын көбейту бойынша да үлкен жұмыс жүргізіліп, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші 64-тен 98,4 пайызға жетті. Адамдардың өмір сұру ұзақтығы 71-ден 73,4 жасқа көтерілді, – деді ол.

Жаңа бағдарламада негізгі үш бағыт – «Өңір экономикасын көтеру», «Жайлы және қауіпсіз өңір құру», «Өмір сүрудің жаңа сапасын қамтамасыз ету» мәселелері қамтылған. Бірінші бағыт аясында экономиканың тұрақты дамуын жыл сайын орта есеппен 4 пайызға қамтамасыз ету шаралары көзделген, жалпы өңірлік өнімді 2025 жылға қарай 5 трлн.теңгеге жеткізу жоспарланған. Ол үшін өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсаты қойылып отыр.

Бүгінгі таңда облыстың инвестициялық портфеліне 5,4 трлн.теңгенің  546 жобасы енгізілген. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 2021-2025 жылдары төрт жарым мың жұмыс орнын құра отырып, инвестициялар көлемі 690 млрд. теңгелік 37 жоба іске асырылмақ. Олардың арасында трансұлттық компаниялардың жобалары да бар. Олар: Іле ауданында ұсақ мал етін терең өңдеу бойынша «Жетісу қой», Қапшағай қаласында ірі қара мал етін өңдеу бойынша «Тайсон фудс», Кербұлақ және Ұйғыр аудандарында екі құс фабрикалары («Прима құс», «Кәусарагро»), Еңбекшіқазақ ауданында «Жетісу вольфрамы» кен өңдеу зауыты, Сарқан ауданында «Kunkuat» жел электр стансысының құрылысы. Нәтижесінде  шикізаттық емес экспорт көлемі жыл сайын 8 пайызға, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 6 пайызға артады.

Ауылшаруашылығында басым дақылдар егістігінің көлемі ұлғайтылады. Қант қызылшасының алаңы 20 мың гектарға, жүгері – 90 мың, бақтар 29 мың гектарға жеткізіледі. Суару жүйелерін қайта жаңғырту арқылы 138 мың гектар суармалы жерлерді айналымға енгізу жұмыстары жалғасады. Он үш ауданда 30 мал бордақылау алаңдары мен 22 сүт-тауарлы фермаларын құру жоспарланып отыр. Осылардың бәрі 2025 жылға қарай ауылшаруашылығының жалпы өнімін 1,3 трлн. теңгеге, еңбек өнімділігін 2,5 есе өсіріп, 6 млн. теңгеге жеткізуге мүмкіндік береді.

Шағын және орта бизнесті дамытуда «Бизнестің жол картасы» аясында жыл сайын 265 кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, «Еңбек» бағдарламасы бойынша үш мыңнан астам адам шағын несиелер мен гранттар алатын болады. Нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілерінің шығарған өнімі мен көрсетілген қызметтер көлемі 1,9 млрд. теңгеге жетіп, жұмыспен қамтылғандар саны 300 мыңнан асады.

Туризм саласы бойынша Алакөл жағалауында инженерлік инфрақұрылымды дамытуға көп көңіл бөлінбек. Ақши ауылында демалыс аймақтарының аумағын қамти отырып  сумен жабдықтау, су бұру жүйелерінің құрылысы басталды. Жағалауды бекітуге арналған қоршау бөгеті салынуда. Бір сөзбен айтқанда, Алакөл жағалауының  халықаралық курорттардан кем түспеуі үшін барлық шаралар қабылдануда. Бұдан басқа, Балқаш, Көлсай және Қайыңды көлдеріне дейінгі автожолдарды қайта жаңарту жүргізілуде.

Тағы бір басымдық – Алматы тау кластері болып табылады, оның шеңберінде Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарында заманауи тау шаңғысы курорттары салынады. Жалпы, туристік ағын 2025 жылға қарай 3,5 млн. адамға жетеді, бұл бюджеттің кіріс бөлігіне қомақты үлес қосатын болады.

Бағдарламаның екінші бағыты – жайлы және қауіпсіз өңір құру. Мұнда халықтың тұрғын үй мәселесін шешу  көзделген. 2021-2025 жылдары облыста шамамен 5 млн. 400 мың шаршыметр тұрғын үй салу жоспарлануда, оның ішінде «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында – 1,1 млн. шаршыметр. Сондай-ақ, 58 мың пәтерлік бір мыңнан астам коммерциялық үй салынады, оның 5 мыңы «7-20-25» бағдарламасы бойынша іске асырылады. Тұрғын үймен үш мыңнан астам әлеуметтік осал және 5527 көпбалалы отбасы қамтамасыз етілмек.

Бағдарламада халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. 9 ауданның 33 ауылына орталықтандырылған су жүйесі салынады, 72 ауылда су желілерін жөндеу жұмысы жүргізіледі. Нәтижесінде  орталықтандырылған сумен 2023 жылы қалалар, 2025 жылы ауылдар 100 пайыз қамтамасыз етіледі.

Газдандыру бойынша Ақсу, Сарқан, Алакөл, Кеген және Райымбек аудандарының 195 елді мекенін қамти отырып, «Талдықорған-Үшарал» және «Шелек-Кеген» магистральдық газ құбырларын салу жоспарлануда. Нәтижесінде газдандыру мүмкіндігіне 1,6 млн. тұрғын немесе бүкіл халықтың 76 пайызы ие болады.

Бағдарламада жергілікті жолдарды жақсартуға да көңіл бөлінген. Бес жыл ішінде төрт мың шақырымнан астам жолды қайта құру және жөндеудің барлық түрімен қамту жоспарлануда. Осының есебінен 118 ауылдағы жолдардың сапасы жақсарады. Ондағы мақсат – жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 2025 жылға қарай 100 пайызға жеткізу. Сондай-ақ, бағдарламада қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп мәселелері көрініс тапқан. Қылмысты азайту мақсатында Талдықорған, Текелі қалалары мен 14 ауданның қоғамдық орындарында 1736 бейнебақылау камералары орнатылады. Жыл сайын кемінде 30 патрульдік автокөлік сатып алынады.

Ауылдық елді мекендерді дамыту негізгі мақсат болып табылады. Бұл орайда инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды жақсарту да қолға алынбақ.

Бағдарламаның үшінші бағыты – өмір сүрудің жаңа сапасын қамтамасыз ету. Бұл орайда бес жыл ішінде 260 мың жұмыс орнын құру арқылы халықты жұмыспен қамту шаралары көзделмек.

Бұған «Еңбек» бағдарламасы да ықпал ететін болады, жыл сайын 30 мыңнан астам адам қамтылады. «Жас кәсіпкер», «Бастау бизнес» жобалары бойынша 5 жарым мың жас оқытылып, жұмысқа орналастырылады. Осылайша, 2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызға дейін, жастар жұмыссыздығы 2,5 пайызға дейін төмендейді.

Білім беру саласында үшауысымды және бейімделген мектептердің мәселесін шешу жалғастырылады. 2022 жылға қарай мектепке дейінгі ұйымдармен қамту деңгейін 100 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда.

2025 жылға дейін облыста денсаулық сақтау саласында тағы 62 нысан салу көзделіп отыр. Дәрігерлер тапшылығын жою үшін (381) медициналық жоғары оқу орындарының 122 түлегі тапшы мамандықтар бойынша резидентурада оқитын болады. Жыл сайын әкімнің гранты 260 мектеп түлегіне беріледі.

Бұқаралық спортты дамытуда 2025 жылға дейін 58 спорт нысанының құрылысын салу жоспарлануда, халықтың спорттық инфрақұрылыммен орташа қамтамасыз етілуі 1000 адамға шаққанда 60 пайызға дейін ұлғаяды.

Бағдарламаны жүзеге асыруға 3,5 трлн.теңге қарастырылып отыр, оның ішінде 2 трлн.300 млрд.теңге бюджет, 1 трлн.200 млрд.теңге жеке қаражат есебінен.

Сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов мақсат ел сенімін ақтау, Елбасы мен Президентіміз алға қойған міндеттерді абыроймен жүзеге асыру екеніне тоқталып, жуырда өткен Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауында белсенділік танытқан Жетісу жұртшылығына алғысын білдірді.

– Сайлауда жетісулықтар бірлік пен ауызбіршіліктің жоғары деңгейін көрсетіп, «Nur Otan» партиясына саяси көшбасшы ретінде сенім білдірді. Азаматтық белсенділік танытқаны үшін облыс халқына шынайы алғыс айтамын және депутаттық корпустың жаңа құрамының сайлануымен құттықтаймын. Сіздердің әрқайсыларыңыз өңірдің дамуына және жетісулықтардың өмір сүру сапасын көтеруге өз үлесін қосады деп сенемін, – деген облыс басшысы депутаттар құрамында нәзік жандылардың және жастардың құрамы артып отырғанын қуанышпен жеткізді. Бұған дейін халық қалаулысы ретінде белсенді еңбек еткен облыстық мәслихат сессиясының 5-6 шақырылым депутаттарын Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады.

Сессиядан соң облыс басшысы мәслихаттың жаңа сайланған хатшысы Жанболат Жөргенбаевты жұмыс кабинетінде құттықтады. Бұған дейін  «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарған Жанболат Әкебайұлының мол тәжірибесінің бар екенін айтып, алдағы жұмысына толағай табыс тіледі.

Жанболат Әкебайұлы еңбек жолын Кеген ауданында Қарқара ет және сүт кеңшарында бастаған. Әр жылдары Талғар ауданындағы ауыл әкімшілігінде жұмыс істеп, бірқатар аудан-қала орталықтарында әкім орынбасары қызметін атқарды. «Еділ Ақсу», «Ақсу», «Қарасай құрылыс» ЖШС мекемелерінде жауапты басшылық қызмет істеді.  2019 жылдың желтоқсан айынан бастап «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды.

Бұдан соң «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталов партия филиалы Саяси кеңесі Бюросының ұсынысымен және партия Жарғысының 9.3 тармағына сәйкес «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің бұйрығымен Гүлнәр Қожағұлқызы Тойлыбаеваны партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындап, мол сенім артты.

Бұған дейін, 2016 жылдан бері аталған саяси ұйым төрағасының орынбасары лауазымын атқарған Гүлнәр Тойлыбаеваның партия қызметіндегі жұмыс өтілі 13 жыл. Еңбек жолын 1989 жылы Қарабұлақ кенті Киров атындағы мектепте ұстаздық қызметтен бастап, Ескелді аудандық ішкі саясат бөлімінде бас маман қызметін атқарған. 2007 жылдан облыстық «Nur Otan» партиясында саяси жұмыс, ұйымдастыру-бақылау бөлімдеріне жетекшілік етті. Облыс әкімі, облыстық партия филиалының төрағасы Амандық Баталов Гүлнәр Тойлыбаеваны жаңа қызметке тағайындалуымен арнайы келіп құттықтап, сәттілік тіледі.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы