ШАҒЫМ ТҮСТІ: "ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ" ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ШЕКЕДЕН ҚАРАЙ МА?

Уақыты: 18.01.2021
Оқылды: 808
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Газетімізге Ләззат Имашева есімді Талдықорған қаласының тұрғыны хабарласып, төрт баламен он күнге жуық уақыт бойы газсыз, жылусыз отырғанын айтып шағымданды. Қыстың қақ ортасында бір бөлмені әзер жылытып отырған ана «ҚазТрансГазАймақтың» Жетісу филиалына бір емес, бірнеше мәрте хабарласқан. Бірақ телефон қоңырауынан еш нәтиже шықпаған. Аталған мәселенің анығын-қанығын зерттеуге «Жетісу» газеті кірісті.

«Табиғи газдың қатып тұрғанына 10 күн болды. Авариялық қызметтен жауап жоқ. Күніне кем дегенде 10 рет хабарласамыз, күтіңдер дейді, болды. Үй суық. Төрт баламен 1 бөлмеде жылытқыш қосып отырмыз. Дайындап қойған көміріміз де жоқ. Қаппен ғана мөлшерлеп сатып аламыз», – дейді талдықорғандық тұрғын Ләззат Имашева.

Ләззат Ержанқызының айтуынша, көгілдір отынға қосылғандарына 2 айдан асқан. Соның өзінде бүгінге дейін 5-6 рет газ құбыры қатып қалған көрінеді. Десе де, газсыз ары кетсе 3 күн отырған. Ал бір аптадан бері мәселесі шешілмегені бірінші рет. Аталған сұрақ бойынша Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бас маманы Алмас Барлыбековке хабарласқанымызда «8 күн бойы көгілдір отынсыз отыру мүмкін еместігін» алға тартты.

– Қазіргі уақытта күндіз күн жылып, қар еру үстінде. Кешкісін сәйкесінше суық болады. Соның салдарынан редуктор, құбырлар қатып қалып жатыр. Бүгінгі таңда Өтенай, Еркін ауылдары мен "Батыс" тұрғын үй алабы табиғи газдың қатуы көп кездеседі. Осы сұрақтар бойынша «ҚазТрансГазАймақтың» Жетісу филиалымен бірлесе жұмыс жасаудамыз. Ал, сіз айтқандай, табиғи газдың 8 күн бойы қатып тұруы мүмкін емес. Ары кетсе 2 күн ішінде шешілуде, – дейді ол.

Өз кезегінде, аталмыш мекеменің басшысы Нұрым Әлиұлы «ҚазТрансГазАймақтан» 8 топ, 104 қызметінен 2 жедел топ жұмыс жасап жатқанын айтты. Оның айтуынша, аталған мәселе бойынша күніне 200-ден артық өтініш келіп түседі. Барлық шағым 1 күннің ішінде, ұзақ дегенде 2 күннің ішінде қаралады.

Кемінде 500 мың теңгеге жуық қаражат беріп, газ орнатқан тұрғын енді өмірі үшін үрейленіп отыр. Қаражат жағдайына байланысты көгілдір отынды да несиеге орнатқан. Көмір алып, күл-қоқыс шығармаймын деген ол енді кімнен жауап аларын білмей әлек. Жөндеуге келген жедел топ та: «Бүгін ғана хабарластыңыз ғой», - дейтін көрінеді. Шағым түсірген тұрғын бізге "ҚазТрансГазАймақ" мекемесіне телефоннан он күннен бері неше рет қоңырау шалғанын да скриншот арқылы көрсетті.

Біз де «ҚазТрансГазаймақтың» Жетісу филиалының телефон нөміріне қоңырау шалғанымызда: «Төлебаев көшесі 39/41 мекенжайына келіп, жазыласыз. Содан кейін ғана сұрақтарыңызды қоя аласыз», - деп мәселені жылы жауып қоя салды. Бәлкім, көрсетілген басқа телефон нөміріне хабарласқанымда жолымыз болар деген үмітпен тағы да қоңырау шалдық. Тағы да сол жауап. "ҚазТрансГазАймақта" телефон қоңырауын қабылдайтын қыз журналиске мән-жайды түсіндіруі керектігін білмейді-ау немесе журналистерге, БАҚ туралы заңға шекеден қарай ма деген ойға қалдық. Ең сорақысы, басшылықтан кімге хабарласу керектігін сұрағанымызда ешкімнің телефон нөмерін бермейміз деп тұтқаны қоя салды. Яғни, кімнің кесірінен жұмыстың дұрыс атқарылмай жатқаны, газ құбырларының неден қатып жатқаны тағы белгісіз болып қалды.

Түйінді мәселеге "Жетісу" газеті араласқанын түсінгеннен кейін бе, әлде, расымен де, он күн дегенде "қой, барайық, төрт балалы ананың газын қосып берейік" деп шешті ме, мамандар келіп, жылуды қосып үлгерді.

Еңлік АРЫҚБАЙ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы