СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНБЫЗ БА? ТІКЕЛЕЙ ЖАУАПТЫ МЕКЕМЕ НЕ ДЕЙДІ?

Уақыты: 24.01.2021
Оқылды: 1061
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Қазсушар» РМК биылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Осы бағытта қазір қандай шаралар қабылданып жатыр? Бұл туралы «Қазсушар» РМК бас директорының орынбасары Ерлан Сәдуақасов мәлімдеді.

Оның айтуынша, су тасқыны қаупінің алдын алу үшін  өткен жылдың күзінен бастап су қоймаларында бос сыйымдылықтар құру бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта өткен жылдың күзінен бастап жұмыстар жүзеге асырыла бастаған. Осы ретте бассейндік инспекциялармен, ТЖ өкілдері және әкімдіктермен бірлесіп гидротехникалық құрылыстар тексерілген. Төтенше жағдай туындаған жағдайда құрылыс және басқа да инертті материалдардың, қаптардың қажетті қорлары дайындалған. Арнайы техникалар да бар.

Ерлан Сәдуақасов хабарлағандай, «Қазсушар» РМК балансында республикалық меншіктегі 4953 су шаруашылығы және гидромелиоративтік объектілер, оның ішінде 86 су қоймасы, 84 су торабы, 36 бөгет, 103 сорғы станциясы, 46 бас құрылыс, 3298 канал және басқа да су шаруашылығы объектілері бар. Сондай-ақ, барлық су қоймалары бекітілген кестеге сәйкес іске қосу режимінде жұмыс істейді. Көктемгі су тасқынын қабылдауға арналған сыйымдылық қоры бар.

Олар жобалық көлемге дейін толтырылған және үлкен тасқын сулар келген жағдайда транзиттік режимде жұмыс істемек. Қазақстанда су тасқыны кезеңі, оңтүстік өңірлерді қоспағанда, наурыз айының басында басталып, еріген су ақпанның басында келеді. Су тасқыны маусымының сәтті өтуі ауа райы жағдайларына және су тасқынына қарсы уақытылы қабылданған шараларға тікелей байланысты.

Ақпан айында "Қазгидромет" ылғал қорының көлемі мен топырақтың қату тереңдігі туралы ақпаратты ұсынбақ. Бұл көктемгі су тасқыны қаупі бар аймақтарды анықтайды. Сондай-ақ, олардың мәліметтері негізінде су қоймаларының жұмыс режимі түзетіледі. Бұл қауіпті гидрологиялық құбылыстарды дер кезінде анықтау, гидротехникалық құрылыстардың жағдайын бақылау үшін жасалатын болады.

Айгүл БАЙБОСЫН

Алматы облысы