ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТТЕ СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗДЫ САТУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 26.01.2021
Оқылды: 890
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің жанында әкімшілік, экономикалық және басқа да кедергілерді анықтау және жою, бәсекеге қабілетті нарықтық экономиканы қалыптастыру мақсатында құрылған тауар нарықтарына кірудегі кедергілерді анықтау және жою жөніндегі кеңес (бұдан әрі - кедергілер жөніндегі кеңес) жұмыс істейді. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Кедергілер жөніндегі кеңес кедергілерді жою бойынша ұсыныстарды анықтайды және әзірлейді, сонымен қатар, кедергілерді жоюға бағытталған кәсіпкерлік субъектілер мен азаматтардың ұсыныстарын қарастырады.

Осылайша, «ЖетісуГаз» АҚ кедергілер жөніндегі кеңеске сұйытылған газды сату мәселесімен жүгінді. Кедергілер жөніндегі кеңестің кезекті отырысында бұл мәселе қаралды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұнай химиясы мен газ тарату қондырғылары үшін сұйытылған мұнай газын сатуды қоспағанда, сұйытылған мұнай газын сатудың электронды сауда платформаларына толық көшуі 2021 жылдың басына жоспарланған еді.

Сұйытылған газды, оның ішінде, тұрмыстық баллондарға арналған газды сатып алу үшін толықтай электронды сауда платформаларына көшу газ құнын екі есеге арттыруға алып келеді. Сонымен қатар, бұл ауылда газ тарату қондырғылары болмағандықтан, негізінен, ауыл тұрғындарына әсер етуі мүмкін.

Осы мәселе аймақтық деңгейде қаралғаннан кейін Республикалық деңгейдегі кедергілер жөніндегі кеңесіне жіберілді.

Өтініштердің, оның ішінде, өңірлік кеңестің нәтижелері бойынша, 2020 жылдың 30 желтоқсанында 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін электронды сауда платформасына толық көшуге және көрсетілген мерзімге дейін ауылда газ тарату қондырғыларын аккредиттеу институтының сақталуына қатысты түзетулер енгізілген заң жобасы қабылданды. Сонымен бірге, электронды сауда платформасындағы газ үлесін Энергетика министрлігі монополияға қарсы органмен келісе жүргізетін болады.

Осылайша, кедергілер кеңесіне ұсынылған мәселе шешілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан