ПРЕЗИДЕНТ ЖЕРДІ САТУ ЖӘНЕ ЖАЛҒА БЕРУ МӘСЕЛЕСІНЕ НҮКТЕ ҚОЙДЫ

Уақыты: 25.02.2021
Оқылды: 867
Бөлім: САЯСАТ

Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысына қатысты. Жиында көптің көкейінде жүрген маңызды мәселеге нүкте қойылды. Ол - жерді шетелдіктерге сатуға және жалға да беруге заң шеңберінде тыйым салу. Жиында жерден бөлек, тұрғын үймен қамтамасыз ету, адам құқығын қорғау, қылмыстың алдын алу, маман даярлау, қайта оқыту, білім, медицина, ауыл және аудан әкімдерін сайлау сияқты бірнеше әлеуметтік-экономикалық мәселелер, саяси реформалар сөз болды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Президенттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Өз сөзінде Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға зор үлес қосып келе жатқанын және кеңесте қабылданған шешімдер еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаларға тың серпін бергенін айтты.

– Бүгінгі таңда Ұлттық кеңестің ұсынысымен 13 заң қабылданды. Тағы 9 заң жобасы әзірленіп жатыр. Заң шығару жауапты және күрделі жұмыс екені баршаға белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Кеңес мүшелері ауқымды істер атқаруда. Ұлттық кеңес алғашқы кезеңде өз қызметін консультативті-кеңесші орган ретінде бастады. Ал бүгінде жаңа реформалар ұсынатын маңызды құрылымға айналды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ұлттық кеңес ұсынған шаралар мен бастамалар жайында өз ойымен бөлісті. Ең алдымен, тұрғын-үй және экономика саясатын жетілдіру бағытына қатысты пікір білдірді. Бүгінде қазақстандықтар өз зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын-үй жағдайын жақсартуға пайдалана бастады. Айналасы бір айдың ішінде ғана мыңдаған азамат көптен күткен баспанасын алды, ипотекасын өтеді немесе несиесін азайтты. Дегенмен, тұрғын-үй мәселесі әлі де өзекті болып отыр. 

– Мен Үкіметтің қаңтар айындағы кеңейтілген отырысында тұрғын-үй саясатын жетілдіру үшін жаңа ұсыныстар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет айтарлықтай тиімді ұсыныстар берді. Жалпы бұл ұсыныстарды қолдаймын. Дегенмен нарықтың өз ережесі бар. Нақты экономикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес. Сол себепті қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни, алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Соған сәйкес тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасындағы бағамен сатып алынады. Мұндай тәсіл сынақ жобалары аясында алдын ала пысықталды. Енді мұны бүкіл ел бойынша жүзеге асырған жөн. Бұл қадам аз уақыттың ішінде құны қолжетімді жаңа тұрғын үйлер салуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ауылдық жерлердегі тұрғын-үй мәселесін шешу үшін кәсіпкерлер өз жұмысшыларына арнап үй салса, оған кеткен шығынның 50 пайызына дейін қайтаруды ұсынды. Бұл ұсыныс ауылды дамытуға жан-жақты септігін тигізіп, экономикалық белсенділікті арттырып, қажетті мамандарды, ең алдымен, мұғалімдер мен дәрігерлерді, мал дәрігерлерін тартуға мүмкіндік береді. Үкімет бұл тәсілді осы жылдың екінші жартысынан қалдырмай қолданысқа енгізуі керек.

Мемлекет басшысы аймақтардағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысын қайта реформалап, оларды толыққанды институтқа айналдыру қажет деп санайды. Олардың жұмысы ашық әрі қоғамның толық бақылауында болуға тиіс. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін үйлестіру үшін Ұлттық экономика министрлігінің құзыретін күшейту керек. Экономиканы әртараптандыру және оның энергия сыйымдылығын төмендету шараларымен қатар, «жасыл технология» бағытына қадам баса беру керек.

– Дәл осындай стратегиялық маңызды салаға қатысты мемлекеттік саясаттың ұстанымдары мен шаралары белгісіз күйінде тұр. Сондықтан баламалы энергетиканы дамыту мәселелері бойынша жаңа заң әзірлеу қажет. Онда жаңартылатын энергия көздерін ғана емес, барлық баламалы қуат көздерін реттеудің тәсілдері мен нормаларын да көрсету керек. Үкіметке тиісті заң жобасын әзірлеп, оны Парламенттің қарауына енгізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын дамыту қажеттігін атап өтіп, Үкіметке 600 қазақстандық білім беру ресурстарына лимитсіз қол жеткізе отырып, «Білім» ұялы операторларының тарифтік жоспарын мерзімін шектемей ұзартуды, сондай-ақ, мектептердің отандық білім беру ресурстарына тегін қол жеткізуін қамамасыз етуді тапсырды.

– Тағы бір маңызды міндет – педагогика және медицина кадрларын даярлау. Қазірдің өзінде көптеген өңірлерде осы сала мамандарының тапшылығы ерекше байқалып отыр. Бұл – өте күрделі мәселе. Оны жедел шешуіміз керек. Мемлекет осы ахуалды түзету үшін нақты шараларды қолға алды. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көбейтіп, әлеуметтік мәртебесін арттырып жатырмыз. Бұған дейін біз педагогикалық жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің стипендиясын көтеру туралы шешім қабылдадық. Бұл қадам өз жемісін берді. Сондықтан, медициналық оқу орындарындағы стипендияны көбейту қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті қоғамдық орта қалыптастыру мәселесіне жеке-дара тоқталды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жүйелі түрде қолдау дамыған және әлеуметтік жауапты мемлекеттерге тән. Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты үнемі жақсартып отыруға тиіс. Себебі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны өсуде. Сонымен қатар мұндай іске мамандандырылған ұйымдардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін қолданыстағы нормалар ескірген.

– Өңірлердің ерекшеліктерін және қазіргі заманғы стандарттарды ескере отырып, аталған саладағы нормативтерді жаңарту қажет. Бүгінде бір психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия 60 мың баланы қамтиды. Олардың жұмысының тиімділігін арттыру үшін бұл нормативті 50 мың балаға дейін төмендету керек. Балаларды сәби кезінен бастап скринингтен өткізу ісін жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары жанындағы әлеуметтік қызметтердің жұмысын күшейту қажет. Уәкілетті органдар ерекше қажеттіліктері бар бала мен оның отбасы үшін бірыңғай маршрут түрінде іс-қимылдардың түсінікті алгоритмін жасауы тиіс. Өңірлердегі арнаулы мекемелерді ескере отырып, онда бала дүниеге келгеннен бастап мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің барлық түрі ұсынылуы керек. Білім және ғылым министрлігі ерекше балалардың білім алу құқықтарын іске асыру мәселесіне айырықша назар аударғаны жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мүгедектікті анықтау рәсімдерін жеңілдетуді тапсырды. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін біріктіру керек. Осылайша азаматтар өздеріне қажетті қызметтің барлығын бір ғана медициналық мекемеден алуға тиіс. Бұл жоба биылғы 1 шілдеден бастап сынақ ретінде, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап толыққанды жүзеге асуы қажет. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға кіріп-шығуын және көліктерге мініп-түсуін қамтамасыз ету мәселесі де өзекті.

– Іс жүзінде жүріп тұруы қиын азаматтардың өздігінен үйден шыға алмай қалатын кездері болады. Бұл жерде олардың қандай да бір нысанға баруы және оның ішінде өздігінен жүріп тұруы туралы айтудың өзі артық. Мұндай күрделі әрі қолайсыз жағдайды түбегейлі өзгерту қажет. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың қажетті нысандарға қиындықсыз жетуін қамтамасыз ету үшін «табалдырықтан табалдырыққа» қағидаты бойынша жұмыс істейтін нақты нормативтік-құқықтық актілерді тез арада қабылдау қажет. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар Қажетті нысандардың тізімін немесе картасын әзірлеуі тиіс. Аталған тізімде барынша қажетті ұйымдар, олардың қатарында халыққа қызмет көрсету орталықтары, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да мекемелер болғаны жөн. Соның негізінде әкімдер аталған нысандарды талаптарға толық сәйкестендіруі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғауға қатысты Үкімет, жұмыс берушілер мен кәсіподақ өкілдері әзірлеп жатқан Қазақстандағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарының маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы әзірлеген 14 жаһандық индикатор негізінде адам құқықтарын сақтау бойынша бағалау жүйесінің Ұлттық индикаторларын кезең-кезеңімен енгізуді жолға қою ұсынылды. Өскелең ұрпақтың денсаулығын «әлеуметтік кеселдерден» қорғау мақсатында кәмелетке толмағандарды құмар ойындарға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту ұсынылды. Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету мәселесі де өткір әлеуметтік проблема ретінде айтылды.

– Жыл сайын елімізде әйелдерге қатысты 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеледі. Оның ішінде адам өліміне алып келетін жағдайлар да бар. Бұл өткір мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың күш біріктіруі қажет. Бұл ретте, Ішкі істер министрлігіне қарасты 1999 жылы құрылған Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер маңызды рөл атқарады. Аталған бөлімшелер полиция мен азаматтық қоғамның арасында дәнекер болуы керек. Алайда кезінде олардың штаттық саны, әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі тіркелетін аймақтарда екі есеге дейін қысқартылды. Ішкі істер министрлігіне Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелердің штатын қайта қалпына келтіруді тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында түзеу мекемелері мен полицияның арнайы ғимараттарындағы «көзден таса» учаскелерді бейнебақылау жүйесімен толық қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Енді, аталған мақсатты іске асыру үшін Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және құқық қорғаушылармен бірлесіп, Нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуі тиіс. Бұдан бөлек Парламентке адвокаттардың кәсіби әдеп сақтамағаны және заң көмегін көрсету қағидаттарын бұзғаны үшін өмір бойына лицензиясынан айыру туралы норманы алып тастау мәселесін қарастыру ұсынылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаларды дәйекті іске асыруға баса мән береді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу аясында тиісті заң жобасын дайындау тапсырылды. Биыл кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау өткізіледі.

– Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ. Сайлау туралы заңнамаға енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар пысықталуда. Тиісті заң алдағы уақытта қабылданады. Содан кейін ғана кенттердің, ауылдар мен ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына қажетті барлық нормативтік-құқықтық негіз толығымен қалыптасты деп айта аламыз.  Бірақ, біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Келесі маңызды қадам – аудан әкімдерінің тікелей сайлауы. Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Түптеп келгенде, аудандарда сайлау өткізу халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қос азаматтығы үшін жауапкершіліктің күшейтілуі мүмкін екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен бұған дейін берілген мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік ұйым басшылары арасында қос азаматтығы бар адамдарды жұмыстан шығару туралы тапсырмасының есебін сұрады.

Мемлекет басшысы жер мәселесінің ерекше маңызды екенін атап өтіп, қазақ жерінің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы бұған дейін де бірнеше мәрте мәлімдегенін еске салды.

– Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауылшаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек.  Екіншіден, бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек. Үшіншіден, Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын. Төртіншіден, комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек. Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың мейлінше ашықтығын көрсету. Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды, – деді Мемлекет басшысы.

Жиын соңында Президент Ұлттық кеңестің маңызды міндеттерінің бірі мемлекет пен қоғам арасында тиімді байланыс орнату екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық жұмыс, ең алдымен, азаматтарымыздың алдындағы үлкен миссия әрі жоғары жауапкершілік. Ұлттық кеңес үйлесімді қоғамдық ортаның дамуына, өркениетті диалог нормаларының түбегейлі қалыптасуына септігін тигізуі тиіс.

Сонымен қатар жиында Қазақстан Республикасы Президентінің Көмекшісі Ерлан Қарин, сондай-ақ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Марат Шибұтов, Қайырбек Арыстанбеков, Эмин Аскеров және Максим Рожин сөз сөйледі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"