ПРЕЗИДЕНТ КӘСІПКЕРЛЕР ЖИЫНЫНА ҚАТЫСЫП, ЖАҢА БАСТАМАЛАРДЫ ЖАРИЯ ЕТТІ

Уақыты: 28.09.2021
Оқылды: 1296
Бөлім: САЯСАТ

Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ қатысуымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезекті VIII съезі өтті. Онлайн тәртіпте өткен съезге ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев және басқарма мүшелері, республикалық және салалық қауымдастық төрағалары, мемлекеттік орган өкілдері, өңірлік палаталар жанындағы кеңес мүшелері, жалпы 373 делегат қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Жиында ауыл шаруашылығы саласын жеткіліксіз қаржыландыру, шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторийді алып тастау, қайта өңдеу үшін алынатын төлем, аяқ киім, дәрілік заттар, жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен сүт өнімдерін таңбалау, тағы басқа да мәселелерге назар аударылды.

Алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, кәсіпкерлер палатасы құрылған күннен бастап, Үкіметтің сенімді серіктесіне айналғанын және еліміздің орнықты дамуына зор үлес қосып келе жатқанын айтып өтті. Президенттің пікірінше, «Атамекен» ұлттық бизнестің мүддесін тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ, халықаралық деңгейде де үнемі қорғайды.

Бес жыл бұрын шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 24 пайыз болды. Қазір бұл көрсеткіш 32 пайызға жетті және салада 3,5 миллион отандасымыз жұмыспен қамтылған.

- Бүкіл әлемге тараған эпидемия былтырдан бері еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтірді. Қиын сәтте мемлекет бизнес саласына жан-жақты қолдау көрсетті. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 6,3 триллион теңге болатын дағдарысқа қарсы шаралардың 3 топтамасы жүзеге асырылды. Бұл ахуалды түзеуге және экономикалық белсенділік пен кәсіпкерлік бастамаларды қайта қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді. Жұмыссыздықтың бірден белең алуына және кәсіпорындардың жаппай банкротқа ұшырауына жол бермедік. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасы 3 пайызға өсті. Мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы 2022 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» және Бизнестің жол картасы бағдарламаларының аясында 1 триллионнан кем емес қаржы бөлінгенін жеткізді. Осы күрделі кезеңдегі басты міндет – адамдардың денсаулығын сақтау және толыққанды кәсіпкерлік белсенділікті қалпына келтіру шараларын тең ұстай білу. Президент бұл жаппай вакциналау есебінен ғана мүмкін болатынын еске салды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы, сондай-ақ, Үкімет пен бизнестің жуырда атқаруға тиісті міндеттеріне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, елімізге жаңа реттеуші саясат қажет. Қатаң реттеуден бизнестің іскерлік белсенділігін ынтыландыруға, «smart regulation» деп аталатын өзін-өзі реттеуге көшу керек.

Мемлекет басшысы заманауи кәсіпкерлік экожүйенің қалыптасуын Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының пандемиядан кейінгі кезеңдегі негізгі ортақ басымдығы ретінде атап өтті. Оның пікірінше, бизнесті тікелей қолдаудан бәсекеге қабілеттілік бағытындағы сапалы өзгерістерді ынталандыруға, тиімділікке және кәсіпорындардың өнімділігіне көшу керек.

- Үкімет пен «Атамекен» бірлесіп, шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуі қажет. Құжатта бизнесті тікелей, адрессіз қолдау мен субсидиялаудан мейлінше нарықтық құралдар мен әдістерге көшу мәселесі қарастырылады. Жалпы шағын және орта бизнес санының өсуіне қарамастан, орташа компаниялар үлесінің төмен болуы – бұрынғы және әлі күнге дейін шешілмеген проблема. Дәл осы компаниялар мейлінше орнықты әрі бәсекеге қабілетті. Осыған байланысты шағын бизнестен орта санатқа көшу үшін реттеуші және ынталандырушы жаңа шаралар қажет. Үкіметке «Атамекенмен» бірлесіп, жыл аяғына дейін шағын және орта бизнесті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауды тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазақстандық өнімді дамыту еліміздің экономикалық саясаттағы басымдықтарының бірі екенін айтты. Елімізді одан әрі индустрияландырудың маңызды міндеттерінің бірі – отандық өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету. Осыған байланысты жыл соңына дейін Президенттің тапсырмасына сәйкес қордаланған мәселені шешуге бағытталған «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заң қабылданады.

– Өздеріңізге мәлім, бизнестің маған жасаған өтініштері негізінде 2023 жылдан бастап еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем жасау жүйесін енгізу туралы шешім қабылдадым. Шағын және орта бизнеске түсетін жүктеме 34 пайыздан 25 пайызға дейін азаяды. Мұндай тәсілді өзін-өзі жұмыспен қамтитын және жеке кәсіпкерлерге қатысты да қолдану мүмкіндігін пысықтау қажет. Біз салық процесін басқаруды жеңілдетіп, кәсіпкерлік қызметтен барлық салықтар мен бюджеттен тыс төлемдерді қамтитын бірыңғай төлем жасау мүмкіндігін қарастырғанымыз жөн. Бұл бизнесті «көлеңкелі аймақтан» шығуға ынталандырады. Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып, қолданыстағы арнайы салық тәртіптерін жетілдіру жұмыстарын пысықтауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет пен бизнес арасындағы байланысты цифрландыруды белсенді жалғастырудың маңызды екенін атап өтті. 1 шілдеден бастап салық төлеушінің контрагенттерді дербес тексеруі үшін интеграцияланған ашық деректер базасы – Atameken Business Information Services іске қосылды.

Мемлекет басшысының пікірінше, бизнесті цифрландыруды белсенді жүргізу қажет. Қазақстанда қазірдің өзінде автоматтандыру себебінен жұмыс орындарының 52 пайызына қауіп төніп тұр.

– 2030 жылға қарай жұмыс күшінің үштен бір бөлігіне жуығы цифрлық дағдыларды меңгерген және ерекше қабілеттері бар жастар болады. Оларды тиімді пайдаланған жөн. Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, кадрларды әзірлеу үшін ұзақмерзімді бағыттарды айқындауға тиіс. Яғни, алдағы 10-12 жылға арналған құзыреттер болжамын жасау қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Еуропа одағындағы көптеген мемлекет ұмтылып отырған көміртегіне бейтарап ел болу бағытына баса мән берді.

– Қазақстан – әлемдегі энергияны көп тұтынатын елдердің бірі. Энергия теңгерімінің 70 пайызын көмір генерациясы құрайды. Мұнай-газ секторының маңызын түсіндірудің өзі артық. Дегенмен, әлемдік қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегінен таза ел болуға ниетті екенін мәлімдеді. Осы мәселе бізден технологиялық және экономикалық түбегейлі құрылымдық өзгерістерді талап етеді. Бұл әрбір азаматқа қатысты. Осыған байланысты Үкімет халықаралық сарапшылармен бірлесе отырып, 2060 жылға қарай көміртегін аз пайдаланушы ел болу тұжырымдамасын пысықтауда. Аталған жұмыс барысында отандық бизнестің көзқарасы мен пікірі аса маңызды. Сондықтан Палата мен барша бизнес қауымдастықты осы Тұжырымдаманың жобасын әзірлеуге белсенді араласуға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзін қорытындылай келе, съез барысында қабылданған нақты шешімдерді Үкімет іс жүзінде пайдалануы тиіс екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесті дамыту және нығайту мемлекет үшін басты басымдық екенін атап өтті.

Кезекті съезде, сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин, «Атамекен» Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, тағы басқалары сөз сөйледі. «Біз Үкімет ретінде проблемаларыңызды естиміз және оларға жауап береміз. Бизнес тауарға жөнелтпе құжат және ЭШФ енгізу бойынша пилоттық жүйелердің сапасына қатысты мәселені әділ көтереді. Пилоттық жобаларды 2022 жылдың сәуіріне дейін ұзарту туралы шешім қабылданды және бизнестің ұсыныстарын ескере отырып, ҰКП-мен бірлесіп модульдер пысықталатын болады», – деді Үкімет басшысы Асқар Мамин.

«Атамекен» Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Ұлттық палата карантин шектеулері мен кәсіпкерлік қызмет арасындағы тепе-теңдікті таба алғанын атап өтті. «Бизнес Ashyq қосымшасын белсенді қолданады. Өңірлік кеңестер мен салалық қауымдастықтардан түсетін мәселелерді шешу жүйелі негізде жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мәселе шешілді, өткен аптада біз өңірлік кеңестермен және қауымдастықтармен кезекті кездесулер өткіздік, тағы да 100-ден астам проблема айтылды. Олар Үкімет алаңында шешілетін болады», – деді Тимур Құлыбаев. Сондай-ақ, ол ҰКП басқармасының алдына алдағы жылға да маңызды стратегиялық міндеттер қойылғанын атап өтті. Олар - реттеуді «таза парақтан» енгізу, «Бизнеске арналған үкімет» порталын жетілдіру және адами капиталды дамыту.

- Біз мынадай қағидат бойынша ескірген нормалардан арылуға ниеттіміз: қолданыстағылардың орнына бір жаңа реттеуші талап. Бұл нормаларды бір-бірден тазалай, оларды бірден жою. Негізі бар, орындалатын, болжанатын, мөлшерлес және цифрланған талаптар ғана қалады. 2024 жылдың 1 қаңтарына қарай мемлекеттік реттеудің осы қағидаттарына сай келмейтін барлық талап автоматты түрде жойылады, – деді «Атамекен», ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Темір Шыңғыс.

Реттеуші реформаны жүргізудің жалпы ұзақтығы - үш жыл. Инновациялар кезең-кезеңімен енгізіледі. Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП «Бизнеске арналған үкімет» порталын құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. 2021 жылғы қаңтарда заң қабылданды, оған сәйкес ҰКП кәсіпкерлерге арналған порталды дамытатын болады. Жыл соңына дейін 50-ден астам мемлекеттік қызмет пен ҰКП-ның сервисі платформада, сондай-ақ мобильді нұсқада кәсіпкерлерге қолжетімді болады.

- Салық берешегі болып, сол себепті шоттар бұғаттала ма? Біз ақпараттық жүйелер көмегімен мұны алдын ала көріп, кәсіпкерге ескерте аламыз. Сол кезде кәсіпкер қарызды жабады немесе арыз түсіреді. Сіз өндіретін өнімге тендер жарияланды ма? Біз сізге хабарлап, осы сатып алу бойынша қандай бағалық ұсыныс ұтымды болатынын айтамыз. Айыппұл салынды ма? Жүйе осы айыппұлға арыздану үшін мемлекеттік органға хаттың шаблонын шығарып береді, – деп атап өтті ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

«Атамекен» ҰКП-ның цифрлық экожүйесінің мүмкіндіктері тек бизнеске ғана емес, сондай-ақ, өңір басшыларына да қызықты болады. Олар үшін өңірлердің экономикалық картасы әзірленді. Карта пайдаланылмайтын ресурстар: жер, су көзі, оларды одан әрі пайдалану үшін арнайы экономикалық аймақтар бойынша нақты көрініс береді.

ҰКП Адами капиталды дамыту, соның ішінде, оқушыларды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға да назар аударатын болады. Үш жыл ішінде колледждердің 136 мыңнан астам студенті мен 127 мың жоғары сынып оқушысы осы пән бойынша білім алды. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың пікірінше, оқушылардың бизнеске деген қызығушылығы жыл өте артып келеді.

Съезд барысында делегаттар міндетті мүшелік жарналар мәселелерін талқылады. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін 2025 жылға дейін тағы үш жылға міндетті мүшелік жарнаны төлеуден босату туралы шешім қабылданды.

Жиын соңынан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов съезде айтылған мәселелерді пысықтап, салаға жауапты қызметкерлерге тапсырма жүктеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы