83 ПАЙЫЗ ДАУЫС ЖИНАҒАН: ЖАҢА ӘКІМГЕ ЖҰРТ РИЗА

Уақыты: 09.10.2021
Оқылды: 1663
Бөлім: САЯСАТ

Сайлау жүйесін жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқару үрдісін нығайту мақсатында ауыл-аймақтың дамуына жауапты тұлғаны халықтың өзі таңдауына құқық берілгені белгілі. Бұл бастама биылғы жылдың басты жаңалығы болып отыр.

Алакөл ауданында барлығы сегіз ауылдық округте әкім сайлауы өтіп, 25 үміткер тіркелген еді. Олардың ішінде «Nur Otan», «Adal», «Аuyl» партияларының мүшелері мен өзін-өзі ұсынған азаматтар болды. Өңірдегі сайлау толқусыз өтіп, бұқара өзінің таңдауын жасады. Жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп, бүтіндей бір елді мекеннің тізгінін ұстағандардың қатарында Мұрат Ахметов те бар.
Бұған дейін бірнеше жерде басшылық лауазымында болып, өзінің біліктілігі мен қызметіне деген жа­уапкершілігін таныта білген М. Ахметов Ақтүбек ауылдық округіне әкім болып сайланды. Ол тұрғындардың 83 пайыз дауысын жинаған. Аталған ауылдың тумасы, осы округте талай жылдар бойы еңбек еткен, туған жерінің әр сайы мен тасын жатқа білетін, келелі де күрделі мәселелерінен хабардар азаматты халық бірден қолдады. Оған әкімдік ғимаратына жиналып, ақ тілектерін жаудырған ақсақалдар мен ақжаулықты әжелеріміз дәлел.
Әкім болып сайлану бір бөлек, осы лауазымға лайықты қызметті дөңгелентіп әкетудің жөні мүлдем басқа. Бұл ретте Мұрат Байболатұлына сын көзбен қарар ақтүбектіктер әлі байқалмады. «Ауылым – алтын бесігім» деп кіндігі кесіліп, жөргегі жуылған ауылды көркейтуге барынша күш салып жүрген әкім сайлауалды бағдарламасында көрсетілген жұмыстарды рет-ретімен жүзеге асыруды кейінгі кезекке ысырып қойған жоқ.
Қызметін бастай сала ауылдық ардагерлер кеңесі, аналар ұйымы, қоғамдық кеңес мүшелерімен кеңесе келіп округтегі басты мәселелерді сараптады. Тұрғындарға ненің керектігін, ненің қажетсіздігін нақтылап, маңызды деген шаруаларды қолға алды. Көптің көкейінде іркілген сауалдың бірі мәдениет ошағының салынуы еді. 150 орынға жоспарланған нысанға 517 млн. теңге бөлінген.  Жұмыстың аяқталу мерзімі ендігі жылдың ақпаны. Алайда мердігер компания «Алакөл-Асыл-Құрылыс» өкілдері Тәуелсіздік күніне орай мәдениет үйін қолданысқа береміз деп отыр. Округ әкімі құрылыстың өз ретімен жалғасуын қадағалап, мердігерлермен тығыз қарым-қатынаста қызмет етуде.
Сонымен қатар, М. Ахметов әкімдік лауазымға отырған сәтте Ақтүбек ауылында жеті көше күрделі жөндеуден өтіп жатқан болатын. Бұл игілікті істі тоқтатпай «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл тағы да 11 млн. теңгеге М. Мәметова көшесі жөнделді.
Ауылдың негізгі тіршілігі ауылшаруашылығы болғандықтан жергілікті диқандар мен төрт түлікті өрбітіп жүрген азаматтармен жұмыс та жіті назарда. Жуырда соя бұршағын өсіріп отырған халық жаңа әкімнен көмек сұрай келген болатын. Егістік алқабында күннің ысуына байланыс­ты қанкөбелектер қаптап, шаруаларды шығынға батырған. Ауыл басшысы арнайы мекемелердің өкілдері мен энтомолог мамандарды шақыртып, бұл мәселені шешудің жолдарын да қарастырып берді. Ақтүбек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Арынтай Тұраров: «Жаңа әкімге жұрт риза. Өзіміздің ауылдың баласы ғой. Қолынан келгенше қызмет етіп жатыр. Ақсақалдармен кеңесіп, жұмыс­тың жай-күйі жайында үнемі ақылдасып отырады. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген мәтел бар емес пе?! Мұрат баламыз Ақтүбектің дамуына, көркеюіне әлі де талай еңбегін сіңіреді деп сенеміз. Ешкімнің де көңілін қалдырмай, бәріне жәрдемдесуден тартынбайды. Жуырда «Мектепке жол» бағдарламасы аясында мұқтаж отбасынан шыққан баланы мектепке толықтай әзірледі, киіндірді, қажетті құрал-жабдығын әперді. Мерекелерде талай қария мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы барып, сый-сияпатын табыс­тады. Халықаралық қарттар күніне орай барлығымыздың басымызды қосып, ізгі тілегін жеткізіп, арнайы марапат ұсынды. Бізге бұдан асқан не керек? Өз баламыз өз ауылымыз үшін еңбек етуде», – дейді.
Байқағанымыздай, жаңа әкім бұқараның көңілінен шыққан. Ел мүддесі мен халық қамы үшін аянып қалмауда. Сайлауалды бағдарламасында көрсетілген жұмыстарды рет-ретімен жүзеге асыруды басты мақсаты етіп отыр.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ
Алакөл ауданы
Сурет ғаламтордан алынды