ЖАҢА ӘКІМ ЖҰРТТЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІНЕ ҚҰЛАҚ АСУ КЕРЕК

Уақыты: 10.10.2021
Оқылды: 1380
Бөлім: САЯСАТ

Халқымыз биыл аса маңызды науқан – ауылдық округ әкімдерін сайлауды абыроймен өткізіп, өздері қалаған жанға дауыс беруге болатынын ұғынды. Соның арқасында әрбір өңірдің қажеттілігін жақсы білетін мамандар ауылдық округ әкімі болып сайланып, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып жатыр. Тамыз айының 2-нен бастап әкімдік жауапкершілікті өз мойнына алғандар 3 айдың ішінде бірқатар жұмыс атқарып, өзекті мәселелерді шешудің жолын іздестіруде.

Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы селосының әкімі Ромэн Суджеков осы елді мекенде дүниеге келген. Аудан орталығының әрбір көшесін, әрбір қалтарысын жақсы білетін әкім тұрғындарды толғандырған мәселелерге жетік. Соның арқасында болар, Алматы индустриалды-педагогикалық академиясы мен Алматы гуманитарлық-техникалық университетін бітірген Ромэн Рахметжанұлының ауылдық округ аумағында орналасқан шағын көлді тазартуға кірісуі жұртшылықтың ризашылығын тудырды. Одан бөлек, ауылдық округке қарасты 5 мектеп, 2 колледж, 2 мемлекеттік балабақшаның жылыту жүйелерін тексертіп, қысқа дайындығын пысықтауы ұстаздар қауымын бір серпілтті. Шындығында ұлттың ұстазы – мұғалімдерді назардан тыс қалдырмау көптен көкейінде жүрген ой болатын.
Ауылдық округ болғаннан кейін ондағы тұрғын үй мәселесінің міндетті түрде күн тәртібіне шығатыны белгілі.  М. Мәметова, З. Абдразақов көшелерінің шығысында орналасқан жаңа үйлерге электр желісін тарту сондай кезек күттірмес міндет. Осыған орай жобалық-сметалық құжаты жасалған электр желісін орнатуға қажетті қаражатты сұрастырып, аудан әкімдігіне тиісті хат жіберді. Сонымен қатар, Шонжыдағы 80 пәтерлі көпқабатты үйлерге жылу беретін 2 қазандыққа жүргізілген жөндеу жұмыстарын қадағалап, жылыту маусымына дайындығын пысықтағанын тұрғындар жақсы біледі. Соның қатарында көпқабатты 1 үйдің шатырын ретке келтіріп, ескірген жабындысын бүтіндеуі жергілікті халықтың қуанышын еселеді. Міне, осының өзі-ақ ауылдық округ әкімі Ромэн Суджековтың жұртшылық көңілінен шығатын маман екендігін байқатады. Сөзімізге дәлел болуы үшін Шонжы ауылындағы «Руханият», «Желтоқсан»,             А. Қадыров көшелерінің тұрғындары жазған өтінішті алайық. Ойық-ойық көшелерге құм-шағыл төгіп, тегістеуге ықпал еткен жаңа әкімнің бастамасы көпшіліктің ризашылығын тудырды.
Міне, осындай көптің көңілінен шығып, тұрғындардың тыныс-тіршілігін жетік білуінің артында Ромэн Рахметжанұлының өмірлік тәжірибесі жатыр. Бұған дейін Үлкен Ақсу ауылдық округінің әкімі болған ол ең алдымен жергілікті жұртшылықтың талап-тілегіне құлақ асу керектігін жақсы ұғынған-ды. Әрбір атқан таң сайын тағдырының алдынан қандай сыйлық дайындап қойғанын, одан алар сабағы мен тәжірибесін ойлайды. Сол арқылы біліктілігі мен білімі артып, халықтың көкейкесті мәселелері мен күнделікті қажеттіліктерін ұғына түседі.

М. ӘСЕТҰЛЫ
Сурет ғаламтордан алынды