ТӘУЕЛСІЗДІК - АЩЫ ТЕРМЕН КЕЛГЕН ТӘТТІ ЖЕҢІС, ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ҰЛЫ БАҚЫТ!

Уақыты: 11.10.2021
Оқылды: 2750
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ халқы – өте мейірімді, бауырмал, кеңпейілді, қонақжай халық. Осы керемет қасиеттерінің, жасаған жақсылықтары мен елім деп еңіреген ұл-қыздарының ерліктерінің арқасында сайын даланы мекендеп, бейбіт өмір сүруде. Тарих қойнауына кеткен 1991 жылдың 16 желтоқсаны – еліміз үшін ақ түйенің қарны жарылған күн! Себебі еліміз өзін егеменді, зайырлы, өз діні мен ділі бар тәуелсіз ел ретінде жариялады. Бұл халқымыз аңсап жеткен ең бақытты күн еді.

Бір сөзбен айтсақ, Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс, ата-бабаларымыздың төгілген қанымен, жалынды жігері, рухымен жеткен ұлы күн! Міне, сол кезден бері аттай 30 жыл да көзді ашып-жұмғанша өте шығыпты. Түсінген адамға бұл аз уақыт емес. Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі – 30 жыл! Қандай зор қуаныш!

Тәуелсіздігін алған еліміздің өз басшысы, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында өз Президенті бар, шаңырағы биік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел, терезесі тең мемлекет болып қалыптастық. Отыз жылда Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында жеткен жетістіктеріміз ұшан- теңіз. Еліміз етек-жеңін жиып, шегарасын бекітіп, көршілес республикалар арасында дербес, зайырлы мемлекет болды. Іргесі қаланған жаңа республиканың әрі қарай дамуы қажырлы еңбек пен зор төзімнің негізі. Зор жетістікке жету үшін, халқымыздың аяғынан тік тұрып кетуі үшін мемлекеттің сыртқы және ішкі әлемі, экономикасы, қаржысы секілді көптеген құндылығы болуы тиіс.

Аталған құндылықтарды отыз жыл ішінде зор мақсатқа айналдырған еліміз өз астанасын да бекітті. Қазірде астанамыз  Нұр-Сұлтан арман қалаға айналды. Еліміздің бір ғана емес, мақтанып айтатын үш астанасы бар. Біріншісі, апортына бүкіл ел қызығатын оңтүстік астана – Алматы қаласы, екіншісі, сұлу Есіл өзенінің бойына орналасқан әсем қала, бас қала – Нұр-Сұлтан, үшіншісі киелі жерде орналасқан рухани астанамыз – Түркістан. Еліміздің әр қаласы мәдениет пен әдебиеттің, өнердің алтын ордасы десек артық айтқанымыз емес. Ішкі туризмі, тарамдалған жолдары түрлі сапарларға менмұндалап шақырып жатыр. Қазірде қазақ елін бүкіл әлем мойындауда.

Тәуелсіздік – басты құндылығымыз! Сонау замандардағы бастауын қазақ хандығынан алатын егеменді еліміздің  көшін бүгінге дейін жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың басты парызы – осы аманатты сақтап қалу. Отанды, туған жерді, елді қызғыштай қорғау, қастерлеп өту – әрбір ұрпақтың міндеті. Халқымызда «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» деген мақал бар. Осы мақалда айтылғандай, әр адамға өз туған жерінен қымбат ештеңе жоқ, сол себепті барымызды бағалап, аялай білуіміз керек.

Біз бақытты, бейбіт, тәуелсіз өмір сүріп жатқан елміз. Осы бақытымызға егемендіктің, тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Тәуелсіздік – біз үшін теңдесі жоқ ұлы бақыт. Осы бақытымызды бағалай білсек, оның құны мен салмағы арта түсері анық.

Әсем АҚЫЛБЕКОВА,

Кербұлақ аудандық мәслихатының депутаты,

«Балдырған» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі

Сурет ғаламтордан алынды