ӘЛЕМДЕ ӘРБІР ОНЫНШЫ АДАМҒА АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖЕТПЕЙДІ: ПРЕЗИДЕНТ СӨЗІ

Уақыты: 14.10.2021
Оқылды: 1986
Бөлім: САЯСАТ

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құжат қабылдау қажет. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі. Бұл проблема жаһандық өзектілікке ие болып отыр. Бүгінде Жер шарының әрбір 10-шы тұрғыны, яғни, 700 млн-нан астам адам азық-түлік жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр. Әрине, біздің елдеріміздегі ахуал әлдеқайда жақсы. Бірақ әлемдік баға өсімінің қысымын қазірдің өзінен-ақ нарықтарымыз сезіне бастады. Проблема шиеленісуі жылдан-жылға арта түсетін болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында.

ҚР Президенті бұған жауап ретінде Еуразиялық экономикалық комиссия одақ елдерімен бірлесіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ принциптері мен әдістерінің жобасын әзірлегендігін айтты. «Құжат азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге, тапшылық туындау тәуекелдерін төмендетуге, сонымен қатар, агроөнеркісіп кешенінде қолданылатын материалдық-техникалық ресурстардың импортты алмастыруына бағытталған іс-шараларды көздейді. Бұл құжаттың маңыздылығын ескере отырып, оны Алматыда өтетін отырыста бекітуді ұсынамын. Құжат жүйелі, іс жүзіндегі өзара іс-қимылға бағытталған және нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижелі болу тиіс», - деді Президент.

"ҚАЗАҚПАРАТ"