Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БОСТАНДЫҚ АРАЛЫНДАҒЫ БАСҚОСУ НЕМЕСЕ ТҮРКІ ҰЙЫМЫ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

Уақыты: 16.11.2021
Оқылды: 676
Бөлім: САЯСАТ

Өткен аптаның басты жаңалығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Түркия еліне сапары болды. Онда Қазақстан Президенті Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммитіне қатысып, бауырлас елдерге ортақ ұсынысын ортаға салды. Мәрмәр теңізінің Демократия және бостандық аралында өткен басқосуға Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан Президенттері, сондай-ақ, Мажарстанның Үкімет басшысы келді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы саммиттегі сөзінде алдымен Түркітілдес мемлекеттердің басшыларымен Стамбұл қаласында жүздесіп отырғаны және Түркия елінің басшысы Режеп Тайып Ердоғанға Анадолы жерінде көрсеткен қонақжайлығы үшін шынайы алғысын жаудырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан халықтарын биылғы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, мұның тарихи белес екенін атап өтті.

– Біз осы кезеңде іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Мемлекеттеріміздің арасындағы достық қатынасты нығайта түстік. Биылдың өзінде екі рет бас қосып, жоғары деңгейде саммит өткіздік. Бұл – мызғымас бауырластығымыздың айқын көрінісі. Қазақта «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ұлағатты сөз бар. Осы жерге жиналған елдердің жоғары деңгейдегі өкілдерінің ниеті түзу. Біз  барлық мемлекеттерді ынтымақтастыққа шақырамыз, сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдердің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі жылдан бері аталған кеңеске тиімді төрағалық етіп келе жатқан Әзербайжан басшылығына алғыс білдірді. Сондай-ақ, олардың кеңес жұмысын жандандыра түсуге зор үлес қосқанын атап өтіп, әлемді жайлаған індетке қарамастан түркі кеңістігінде бірқатар жақсы жаңалық болғанын айтты. Түркітілдес мемлекеттер пандемияға қарсы күресте күш біріктіру үшін алғашқылардың бірі болып төтенше саммит өткізді, Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасы атанды, сондай-ақ,  Таулы Қарабақ мәселесі де Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарына сәйкес оң шешімін тапты. Ендігі кезекте кеңестің төрағалығы Түркия Республикасына өтіп отыр.

– Анадолы елі бұл міндетті абыроймен атқарып, ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін. Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді.  Біз бір-бірімізге әрдайым тілектеспіз, сыйластығымыз да ерекше. Бүгінгі алқалы жиын – осының айқын дәлелі. Түркі кеңесінің ықпалы мен беделі жыл өткен сайын артып келеді. Біздің құрылымға халықаралық қауымдастық едәуір қызығушылық танытуда. Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін тиімді пайдалану керек. Бұл  бәріміз үшін маңызды, – деді Қасым- Жомарт Тоқаев.

Жиын қорытындысы бойынша Түркі кеңесінің үшінші тараппен ынтымақтастығы туралы жаңа ережелер қабылданды. Қазақстан Президенті мұны уақытылы және заман талабына сай әзірленген құжат деп бағалады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ұйымның жаһандық деңгейде лайықты орнын алатынына сенім білдірді.

– Менің пікірім бойынша, ұйымымыз, ең алдымен, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастыққа баса мән бергені жөн. Әріптестерім бұл тұжырыммен келіседі деп ойлаймын.  Бірлігіміз әрдайым бекем болсын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қазіргі күрделі жағдайда сын-қатерлерді еңсеріп, орнықты даму үшін күш-жігер біріктірудің, жаңа технологияларды игеру саласында ынтымақтастық орнатудың аса маңызды міндет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше мемлекеттер жұмыла отырып, бірлесіп әрекет етуге тиіс бірнеше маңызды бағытты атады.

– Біз жаңартылатын қуат көздерін дамыта береміз. Бұл міндет «жасыл экономикаға» көшу туралы тұжырымдамада көрініс тапты. Жоспарланған шаралар 2060 жылға қарай көміртегіден арылуға жол ашады. Сондай-ақ, алдағы он жылда парникті газ шығаруды 15 пайызға азайтуға  мүмкіндік береді. Осының аясында біз 2025 жылға дейін 500 мың гектар жерге 2  миллиард түп ағаш отырғызуды жоспарлаудамыз. Бұған қоса қазір еліміздегі жаңартылатын қуаттың үлесін 3 пайызға жеткіздік. Оны 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін арттырамыз. Сол мақсатпен Нұр-Сұлтан қаласында «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын» аштық, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сутегі энергетикасын дамытуды екінші маңызды мәселе ретінде атады. Президент әлемде оны «таза» отынның жаңа түрі деп санайтынын айта келіп, Қазақстанда жасыл сутегінің өнеркәсіптік кластерін құруға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті. Оған еліміздің ғылыми әлеуеті де, білікті мамандары да жеткілікті.

– Осы орайда, елдеріміздің басты ғылыми мекемелерін жұмылдырып, Халықаралық консорциум құруды ұсынамын. Бұл құрылым сутегіні өндіретін, оны сақтап, тасымалдайтын жаңа технологияны дамыту үшін қажет. Мұнда ғалымдарымыз бас қосып, өзара тәжірибе алмасуына болады, – деді Қазақстан Президенті. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық жылыну үдерісі, су және азық-түлік қауіпсіздігі, трансшегаралық су ресурстарын тиімді пайдалану, жасыл капитал нарығы, урбанизация, қаржы, цифрландыру  секілді аса маңызды мәселерді бірлесіп шешу қажеттігіне тоқталды.

Жиын барысында Қазақстан Президенті қазақ халқы үшін аса маңызды мәселеге тоқталды. Қиын-қыстау замандарда қазаққа құшағын жайған түрік халқына алғыс айтып, осы елдің мемлекет қайраткері Аднан Мендерестің рухына тағзым етті. «Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр. Ол өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары он жыл бойы Түркия Республикасының Премьер-Министрі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын», – деді Мемлекет басшысы.

Саммит қорытындысы бойынша, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің атауын «Түркі мемлекеттері ұйымы» атауына өзгерту туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, саммит декларациясы, байқаушы мәртебесін беру, «Түркі әлемінің келешегі – 2040», Алишер Навои атындағы халықаралық сыйлық, серіктес мәртебесін құру, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевті Түркі әлемінің Жоғарғы орденімен марапаттау жөніндегі бірнеше маңызды құжаттарға қол қойылды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР