ЖАҢАӨЗЕНДЕ ТАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ. ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫМЕН ГАЗ БАҒАСЫ ТҮСТІ

Уақыты: 03.01.2022
Оқылды: 1448
Бөлім: САЯСАТ

Премьер-Министр Асқар Мамин Президент тапсырмасымен Жаңаөзендегі наразылыққа байланысты әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыру үшін комиссия құрды. Нәтижесінде, толқуға шыққандардың талабы орындалып, газ бағасы түсті. Бұл туралы Үкіметтің ресми сайты мәлімдеді.

Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет сұйытылған мұнай газының бағасын реттеу бойынша шаралар топтамасын іске асырады. «Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АЖҚС иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастады. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының АЖҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Баға дәліздерін белгілеу арқылы бағаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету және газ бағасының алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеудің жүйелі шаралары жүзеге асырылатын болады», - делінген Үкімет хабарламасында.

Үкімет, Маңғыстау облысының әкімдігі прокуратура органдарымен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті бұзумен байланысты болған оқиғаны құқықтық бағалау бойынша шаралар қабылдайды.

Еске салайық, жаңажылдық мереке күндері Жаңаөзенде бір топ тұрғын наразылыққа шықты. Олар көптеген әлеуметтік мәселелерді көтерді, оның ішінде, газ бағасын түсіруді талап етті. Президент аталған оқиғаға байланысты үн қатты. "Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"