Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БҰЛ МЕНІҢ ТУҒАН ҚАЛАМ. ПРЕЗИДЕНТ БҮЛІНГЕН, ТОНАЛҒАН АЛМАТЫНЫ АРАЛАДЫ

Уақыты: 13.01.2022
Оқылды: 948
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ бүлінген, қираған, тоналған Алматыға келді. Мұнда Президент төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті. Онда Үкіметтік комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев және Ішкі істер, Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрлері баяндама жасады. Бұл туралы "Жетісу" газеті Президенттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Президентке Алматы қаласына қосымша күштер, соның ішінде ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің күштерін жұмылдыруға қатысты берген тапсырмасының нәтижесінде қала лаңкестерден толық тазартылғаны туралы баяндалды.

Қазіргі уақытта қала тіршілігін қамтамасыз ететін барлық саланың жұмысын қалпына келтіру белсенді жүріп жатыр. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың хабарлауынша, қаланы жылу, электр қуаты, су және газбен қамтамасыз ететін барлық нысан қалыпты жұмыс істеп жатыр. Сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, базарлар, жанармай бекеттері және өнеркәсіп орындары жұмыстарын жандандыруда, қоғамдық көлік іске қосылған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа зардап шеккен әкімшілік ғимаратында 14 қалалық басқарма болғаны, қазіргі уақытта олардың резервтік ғимараттарға, сондай-ақ әкімшілікке қарасты ұйымдарға орналастырылғаны жөнінде ақпарат берілді. Бұдан бөлек тәртіпсіздік кезінде келтірілген шығын көлемін анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекет басшысы еліміздің ірі қаласына жасалған террористік шабуыл салдарын өз көзімен көру үшін Алматыға арнайы келгенін айтты. Президент Үкіметтік комиссияға Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, инфрақұрылым нысандарын, оның ішінде, мемлекеттік, құқық қорғау және арнаулы құрылымдардың ғимараттарын, бейнебақылау жүйесін қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырды. Сонымен қатар, зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі.

– Өздеріңізге мәлім, Алматы – менің туған қалам. Осында дүниеге келдім, оқыдым. Алдымызда қысқа мерзім ішінде қаланы қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл – менің Президент ретінде және еліміздің азаматы ретінде парызым. Қаланың қалпына келетініне еш күмән жоқ. Үкіметтің алдында қаланың келбетін бұрынғыдан да жақсарту міндеті тұр. Бұл өте үлкен жұмыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы алда ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентінің бөлімшелерін қайтару жұмыстары жүргізілетінін айтты.

– ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентін елден шығару жұмыстары басталады. Мен тиісті мемлекеттердің басшыларымен сөйлестім. Осы сәтті пайдаланып, осы бірнеше күнде жүргізген ауқымды жұмыстары үшін контингенттің басшылығына алғыс айтамын. ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің Қазақстанға, соның ішінде Алматыға келгені жалпы еліміздегі жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды. Бұл әрекеттердің лаңкестер мен содырлардың агрессиясын қайтаруда үлкен психологиялық маңызы болғаны сөзсіз. Миссия өте сәтті өтті. Менің әріптестеріме Ұйымға мүше елдердің басшыларына үлкен алғыс білдіремін, – деді Президент.

Жедел штаб отырысының қорытындысы бойынша Үкіметтік комиссия мен жергілікті әкімдіктер бірлесіп қысқа мерзім ішінде барлық аймақтағы нысандарды қалпына келтіруге, көліктердің үздіксіз жұмысын реттеуге, азық-түлікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарының жұмысын жандандыруға күш салу тапсырылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің туған-туыстарымен кездесті. Мемлекет басшысы қайғыра көңіл айтып, отбасы мүшелерімен әңгімелесті. Оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

– Олар халқымыздың қауіпсіздігі үшін, еліміздің болашағы үшін өз жандарын құрбан еткен нағыз батырлар. Біз олардың ерлігіне тәнтіміз, ешқашан ұмытпаймыз. Олар халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Сіздердің отбасыларыңыз назардан тыс қалмайтынына сөз беремін. Баспана болсын, балалардың оқуы болсын барлық мәселеге әрқашанда көмек көрсететін боламыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және қызметтік міндетін орындау кезінде көрсеткен батырлығы мен жанкештілігі, мемлекет мүддесін қорғау барысында көрсеткен ерліктері үшін біріне жар, біріне әке болған марқұмдарға берілген наградаларды туған-туыстарына табыс етті.

Атап айтқанда, ҰҚК Шекара қызметі академиясының кафедра бастығы Андрей Кабдиновтің жары мен ұлына II дәрежелі «Айбын» ордені, Алматы қаласы Алмалы ауданы полиция басқармасының полиция-жүргізушісі Әлен Асылхановтың жарына, сондай-ақ, Алматы қаласы Алмалы ауданы полиция басқармасының полиция-жүргізушісі Ринат Камбетовтің жарына III дәрежелі «Айбын» ордені берілді.

Содырлар қолынан қаза тапқан марқұмдардың туыстары бұдан былай біздің елімізде дәл осындай қайғылы оқиғаның болмайтынына сенім білдірді.

Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Травматология бөліміндегі палаталарды аралап көріп, террорлық акті кезінде зардап шеккен азаматтармен әңгімелесті.

Президент жараланғандардың хал-жағдайларын сұрап, олардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді, сондай-ақ дәрігерлермен сөйлесті. Күштік құрылымдардың зардап шеккен барлық қызметкеріне көмек көрсетіледі. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен азаматтардың бәріне дер кезінде жан-жақты медициналық көмек берілген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы полиция департаментінің Шұғыл әрекет ету орталығын көрді. Мемлекет басшысына Орталықтың құқықтық тәртіпті және қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі туралы мәлімет берілді.

Шұғыл әрекет ету орталығында қала аумағындағы шұғыл жағдайлар туралы түскен ақпараттар тәулік бойы үздіксіз жиналып, оларға талдау жасалады және құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіледі.

Президентке қаладағы террористк акті кезінде бұзақылардың мақсатты түрде 20 көшеге орнатылған 493 бейнекамераны, бейнебақылауды басқару және байланыс жүйесінің техникалық жабдықтарын істен шығарғаны жөнінде баяндалды.

Үкіметтік комиссия мен әкімдікке бақылау жүйелерін түгелдей қалпына келтіру тапсырылды. Қаладағы тәртіпті 10 мыңға жуық бейнекамера бақылайтын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"