АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА РЕФЕРЕНДУМНЫҢ МӘН-МАҒЫНАСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Уақыты: 18.05.2022
Оқылды: 1507
Бөлім: САЯСАТ

Бүкілхалықтық референдумда Конституцияға енгізілер өзгерістерді әрбір азаматтың қолдауын түсіндіру шаралары еліміздің барлық аймақтарында белсенді жүргізіліп, шалғай ауылдардың жұртшылығына жеткізілуде. Көксу ауданының Талапты ауылы орталықтан қиыстау, Шаған тауының қойнауында жатқан елді мекен. Түтіні түзу ұшқан 215 үйі бар ауылда 1500-ге жуық тұрғын егіншілікті кәсіп етіп, тіршіліктің көрігін қыздыруда.

Ауыл тұрғындарымен кездесу өткізген Алматы облысының Құрметті азаматы Жомартқали Жексембинов пен Көксу ауданының Құрметті азаматы Сайлаубай Бәзілов Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына енгізілетін өзгерістерді және ел көлемінде өткізгелі отырған референдумның мән-мағынасын ұғындырып, жергілікті жұртшылықты толғандырған сұрақтардың жауабын беріп қайтты. Алдымен Конституцияның 33 бабына енгізілер өзгерістерді жан-жақты түсіндірген Жомартқали Баясылұлы Жаңа Қазақстан құруды қолға алып, көптеген игілікті істерді бастаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көздегені халықтың жақсы өмір сүруі, әділеттілік пен адалдықтың алға шығуы, жер және қазба байлықтың әрбір тұрғынның қажетіне жарауы, билік тармақтарының теңшеліп, Президенттің бала-шағасының, туған-туыстарының билікке есепсіз иелік етуін болдырмауы, Мемлекет басшысының ешқандай саяси партияға төрағалық етпеуі, азаматтардың өз кандидатураларын бір мандатты дауыспен сайлауға ұсынуы, өзін-өзі басқару тетігінің толық жүзеге асуын қамтамасыз етуге ұмтылуы заман талабынан туындап отырғанын атап өтті.

– Президенттің Екінші Республика құру туралы ойы құрғақ жерден алынбағаны белгілі. Мысалы, Францияда қазір Бесінші Республика жұмыс істеп жатыр, – деген Жомартқали Жексембинов көпшілік толық біле бермейтін мәселені түсіндіріп өтті. – Әр заманның өз талабы, сұранысы бар. Соған сәйкес француз халқы Бесінші Республиканың тұсында өмір сүріп жатыр. Сондықтан бүкіл дүниежүзінің тарихынан хабары бар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы көп нәрсенің байыбын білуге жетелейді. Сол себепті бүкілхалықтық референдум арқылы Конституцияға өзгеріс енгізуді ұсынған Мемлекет басшысының бастамасы уақтылы көтеріліп отыр дер едім. Оны халық дұрыс түсініп, қолдау көрсетуде. Күллі Қазақстанның байлығын уысына алған 162 алпауыттың әрекеті халықтың көкірек көзін ашып, саяси белсенділігін оятты.

Жалпы Көксу ауданында 36 адамнан құрылған референдум жөніндегі штаб кестесі бойынша күніне бірнеше кездесу ұйымдастырылып, саяси науқанның қажеттілігін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"