АЙТУЛЫ СЫНАҚ АЛДЫНДА ТҰРМЫЗ. РЕФЕРЕНДУМ - ЕЛДІКТІ САҚТАУДЫҢ БІР КӨРІНІСІ

Уақыты: 21.05.2022
Оқылды: 1284
Бөлім: САЯСАТ

Кемінде  төрт мың жылдық мемлекеттігіміздің байтақ баянында Ұлы Далатөсінде тағдыршешті небір құрылтайлар өткен! Ғасырлар жүгін арқалаған сондай елдік жиындардың арқасында бүгінге күнге – Тәуелсіз күйге ендік. Президеніміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!»

Халық  үні – дәуір үні! Алдағы референдум да сол елдігімізді сақтап қалудың тарихи бір айшықты көрінісі! Ең бастысы – конституциялық заң арқылы билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың тепе-теңдігі сақталады. Халықтың елді басқару ісіне қатысуын кеңінен қамамасыз етеді. Шынайы демократия дегеніміздің өзі осы! Өзара сенім артады, рух бел алады. Бұдан былай халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың өзінің үзеңгілесі Асанбай Асқаровқа айтқан әйгілі сөзіндегі: «Енді қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек!» – деген тұжырымын ұмытпауға міндеттіміз!

Референдум бойынша облыстық қоғамдық штабтың мүшесі ретінде алғашқы күннен-ақ көпшіліктің ортасына баруға асыққаным рас. Көзбе-көз жұртшылықтың ой-пікірін, жүрек лүпілін сезгім келген еді. Алдымен Талдықорған шаһарындағы көпсалалы аурухана ұжымымен жүздестік. Бұдан кейін киелі әулиелер мекені – Қаратал ауданы жұртшылығы арасында насихат жұмыстарын өткердік. Сондағы байқағаным – тұрғындардың жүзінен сенім ұшқыны жарқырайды. Әңгімеге араласып, ертеңгі күнімізге деген қызығушылықтарын білдіріп отырды. Әсіресе, жастардың қанаттаған бейнелерін көргенде хош-риза күйге бөленесіз. Қай-қайсымен тілдессеңіз де терең білім мен адал еңбекке мол мүмкіндіктер ашылып, келешекке үлкен жоспарлар құрып отырғандықтарын ашық айтады. Сөйте тұра, елдің дамуымен ел іші тұрақтылығын сақтау барысында өздеріне жүктеліп отырған жауапкершілік жүгінің де салмақты екендіктерін алға тартады. Және одан қашқақтамайтындықтарын, керісінше, үміт отын одан әрі маздата беретіндіктеріне иландырып бағады!

Иә, ағайын! Айтулы сынақтың алдында тұрмыз. Болашақтағы асулар бұдан да еңселі, бұдан да шуақты. Соған сай елімізде тындырылып жатқан түбегейлі реформалардың тізбегі де, тиімділігі де барған сайын арта түсуде. Президентіміздің халқымен бірге жарғақ құлағы жастыққа тиместен тындырып жатқан ұлан-ғайыр шаруаларын санаммен бір қайыра таразылаған тұста Білге қаған ескерткішіндегі: «Әкеміз, ағамыз иелік еткен халықтың атақ-даңқы өшпесін деп түн ұйықтамадым. Күндіз отырмадым. Ығыр елдікті, ығыр қағандықты игі (тыныш) еттім!» – деген жалаулы жолдары жанымды отша шарпып өтеді!

Әміре ӘРІН,

Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры