МАҢЫЗДЫ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ. ТОҚАЕВТЫҢ САУД АРАБИЯСЫНА САПАРЫ

Уақыты: 24.07.2022
Оқылды: 2067
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қос Киенің сақшысы – Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың шақыруымен Джидда қаласына ресми сапармен келді. Сапар аясында бірнеше кездесу ұйымдастырылып, екі елдің сауда-саттығы мен экономикасын жандандыратын маңызды келісімдер жасалды. Бұл туралы Президенттің ресми сайты жариялады.

Қазақстан Президентін әуежайда Корольдің кеңесшісі әрі Мекке провинциясының губернаторы Фейсал Халид бен Әбделазиз, сондай-ақ  Сауд Арабиясы Корольдігінің Қоршаған ортаны қорғау, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Абдурахман Әл-Фадли қарсы алды. Содан кейін Президент ресми кездесу өткізу үшін Корольдің «Қаср Ас-Салам» сарайына барды.

Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Сауд Арабиясының әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа ресми делегациялардың мүшелері таныстырылды. Бұдан кейін Мемлекет басшысы мен Тақ мұрагері келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа ілтипат білдіріп, шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Сауд Арабиясының Королі мен Тақ мұрагеріне алғыс айтты.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Мемлекет басшысы ретінде Сауд Арабиясына алғаш рет келгендіктен, бұл сапардың маңызы зор. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Қазақстанның басты стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

– Сауд Арабиясы – Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған елдердің бірі. Осы кезеңде түрлі бағыттағы ынтымақтастығымыз нығая түсті. Қазір қазақ-сауд қатынастары жоғары деңгейде. Дегенмен, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді. Бұл – елдеріміздің мүддесіне сай келетін ортақ шешім. Біздің өзара тиімді байланыстарымыз нығая береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан Сауд инвесторлары үшін өзара мүддені көздейтін түрлі перспективті салалар бойынша ерекше шарттар мен кең көлемде артықшылықтар ұсынуға дайын.

Тараптар өзара тауар айналымын едәуір арттыруға ниетті екенін және жуық арада екі ел үкіметтерінің бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыратынын нақтылады.

Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд елдеріміз арасындағы қатынастар деңгейі жақсы екенін атап өтіп, оны әрі қарай нығайтып, дамыту үшін мүмкіндіктер мол екенін айтты. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл ретте Қазақстан мен Сауд Арабиясының бизнесмендерін біріктіретін Іскерлік кеңестің рөлі зор болмақ.

Тақ мұрагері Мемлекет басшысының ресми сапары аясында өтетін Инвестициялық дөңгелек үстелге Корольдіктің ірі компанияларының өкілдері қатысатынын жеткізді.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қоры үйлестіретін бірқатар жоба бойынша бірлескен жұмыс маңызды саналады. Атап айтқанда, Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Корольдіктің компаниялары Қазақстанның аграрлық саласына инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Оның пікірінше, бұл бағыт жаһандық азық-түлік дағдарысы жағдайында аса өзекті бола түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тақ мұрагерін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Мұхаммед бен Салман бұл шақыруды қуана қабылдайтынын айтып, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың нақты нәтижелерін талқылау үшін Қазақстанға сапармен келуге дайын екенін жеткізді.

***

Мемлекет басшысы сапарының екінші күнінде саудиялық ірі компания өкілдерімен, инвесторлармен кездесіп, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын таныстырды. Сонымен бірге, Ислам даму банкінің Президентімен, Ислам ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысымен жолығып, екі жақты уағдаластыққа қол жеткізді.

Сонымен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясына ресми сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Сауда Арабиясының Спорт министрлігі арасындағы спорт саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.

2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Сауд Арабиясы Бұқаралық ақпарат құралдары министрлігі арасындағы БАҚ саласындағы ынтымақтастық жөнінде өзара түсіністік туралы меморандум.

3. «Сауд баспа ісі агенттігі» мен «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КеАҚ  арасындағы өзара түсіністік және ақпарат алмасу туралы меморандум.

4. Astana International Exchange Ltd. компаниясы мен Сауд қор биржасы (Tadawul) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

5. Ірі қара мен қой еті импортына қойылатын санитарлық-техникалық хаттама.

6. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен ACWA Power компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

7. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Ajlan & Bros Holding Group Ability компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.

8. «KAZBIOSORGO» ЖШС мен Ajlan & Bros Holding Group компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

9. «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен Ajlan & Bros Holding Group Ability компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.

10. «Оптоград» ЖШС мен Ajlan & Bros Holding Group Ability компаниясы арасындағы Қазақстаннан Сауд Арабиясына ет жеткізу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.

11. «KAZAKH INVEST Ұлттық компаниясы» АҚ мен Al Rajhi International for Investment (RAII) компаниясы арасындағы инвестициялар бойынша ынтымақтастық туралы меморандум.

12. «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен «Лулу Сауди Гипермаркетс» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

13. «Eurasia Invest LTD» ЖШС мен Jamjoom Pharma компаниясы арасындағы Қазақстаннан Сауд Арабиясына құрғақ қымыз жеткізу туралы келісім.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"