АЙНАЛАМЫЗДА АУҚЫМДЫ СОҒЫС БОЛЫП ЖАТЫР. ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙ ШИЕЛЕНІСІП КЕТТІ

Уақыты: 27.09.2022
Оқылды: 1327
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Түркістан жұртшылығымен кездесуде қазіргі халықаралық ахуал жөнінде пікір білдірді.

«Қазіргі халықаралық ахуал жөнінде қысқаша айта кеткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі жағдай әбден шиеленісіп кетті. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан халықаралық ұйымдарда, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымында дауыс беру кезінде бейтарап ұстанымын сақтап отыр. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді. Жеріміздің бүтіндігі және еліміздің амандығы – біз үшін бәрінен маңызды. Сондықтан, парасат пен сабырлық танытып, арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, халқымыздың ең басты күші – бірлік, парасат және төзімділік.

«Осы құндылықтардан айырылып қалсақ, елімізге үлкен қауіп төнеді. Мемлекеттердің территориялық тұтастығы міндетті түрде сақталуы керек. Бұл – негізгі қағидат. Мен мұны халықаралық аренада үнемі ашық және анық айтып жүрмін. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымына барып, ең биік мінберден бұл туралы тағы да мәлімдедім. Мұның бәрі бекер емес. Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен, еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек», - деді Президент. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз барын айтып, ең бастысы, іргелес елдермен тату болу керектігін алға тартты.

«Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни, Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

«Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек. Мен қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде және осы жолы киелі Түркістанда ата-бабаларымызға құран бағыштап, хандарымыздың рухына тағзым етіп, Алладан бір-ақ тілек тіледім. Ол – еліміздің амандығы және халқымыздың бірлігі», - деді Президент.

"ҚАЗАҚПАРАТ"