ӘРБІР ПІКІР МАҢЫЗДЫ

Уақыты: 24.12.2022
Оқылды: 1679
Бөлім: САЯСАТ

Биылғы жыл еліміз үшін саяси оқиғаларға толы болды. Қаңтардың қаралы күндері мемлекетке төнген қауіптің зардабы орасан болатынын ұғындырды. Тәуелсіздіктен айырылып қалудың оңайлығын түсінген халқымыз тез есін жиып, бұлғақ пен бүліктің соңы жақсылыққа апармайтынын түсінді.

Мемлекеттің қауіпсіздігін тікелей басынан өткерген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сол күндердің сабағын «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» атты мақаласында сипаттады. Соңғы 30 жылдың бедерін үш кезеңге бөліп қарастырған Президент: «Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету» – деген сөздермен түйіндейді.
Шынында бүгінгі біздің жетістігіміз, озық көрсеткіштеріміз ақ жаулықты аналарымыз бен батыр бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманының, бата-тілегінің нәтижесі. Ұрпағының болашағы жарқын, келешегі кемел болуын тілемеген ата-ана кемде-кем. Сондықтан біз де алдағы жылдардың азаматтарына ұлан-байтақ жерімізді, ұлттық құндылықтарымызды, асыл дініміз бен құнарлы тілімізді саф күйінде жеткізуге тиіспіз. Сол арқылы әлем жұртшылығына қазақ дейтін халықтың әділетшілдігін, отансүйгіштігін, тыныштық пен бейбітшілікке құштарлығын, ынтымақ пен берекеге ынтық екенін ұғындыра аламыз. Ұлттық салт-сана мен пайым-парасат байлықтан құнды екенін өскелең ұрпақтың бойына сіңіре білсек, өзгенің құрметі артары сөзсіз.
Қазірдің өзінде еліміздегі саяси науқан – 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауының нәтижесі әлем жұртшылығына Жаңа Қазақстандағы өзгерістер мен жаңарудың үлгісін көрсетті. Бір ғана дауыс беру бюллетеніне қосылған «Барлығына қарсымын» деген графаның өзі әлемдік демократияның көрінісіндей әсер қалдырғаны шындық. Мұның өзі саяси өмірдегі азаматтық белсенділікті арттыратын құралға тең дер едім. Себебі, әркім өз таңдауын жасауға құқылы екенін ескерсек, қарсылар мен қолдаушылардың шығуы заңдылық. Тіпті, бұл баған әркімнің Конституциялық құқығын білдіруге жасалған мүмкіндік. Әлдебір саясаттанушылар айтқандай «Барлығына қарсымын» графасы қоғамның екіге бөлінуіне апармағанын көзіміз көрді. Мұндай қадамдар азаматтардың талап-тілегін орындаудан туындап отырғанын ескерсек, Жаңа Қазақстан басқан әр қадамның әділетке негізделгенін байқауға болады.
Халқымыздың: «Ит үреді, керуен көшеді» деген нақыл сөзі бұл өмірдің талас-тартысы, ықылас-ымырасы, айғай-шуы, қуаныш пен қайғысы өтпелі екенін айғақтайды. Шынында өзара сыйласып, ортақ келісімді ұстанғанда ғана халықтың ғұмыры ұзара түседі. Бұл әрбір отбасы мен азаматқа да қатысты ұғым. Ендеше, Отан – отбасынан басталатынын ұмытпай, үйдегі тәлім-тәрбиені дұрыстап, шыбық секілді таралып өскен ұл мен қызды ұлттық ұғымды құрметтейтіндей өсіру керек екенін ұғынатын уақыт жетті.
Осыны биылғы сайлауға кандидат болып қатысқан әрбір үміткер туған аймағына, өскен өңіріне айта жүріп, сайлауалды тұғырнамасында көтерген мәселелердің аяқсыз қалмауына күш салуы керек деп білемін. Өйткені, олар да әрбір көкіректе жүрген ойларды қозғағаны анық. Біз үшін тап қазір әрбір азаматтың, әрбір тұлғаның ой-пікірі маңызды, жанашыр сөзі құнды болып тұр. Ендеше, «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген ұлттық ұғымды мемлекет деңгейінде көтере білейік.

Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,
қоғам қайраткері