ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТАРЫ ҚАЛА ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 04.01.2023
Оқылды: 2228
Бөлім: САЯСАТ

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласына ресми іссапармен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сұлтан Дүйсембінов пен Ғалиасқар Сарыбаев Қаратал, Көксу өзендерінің аңғарында жатқан шаһардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Алдымен табиғи газға қосылған №4 кварталдық қазандық пен Ә. Әлімжанов көшесіндегі көмір жағатын қазандықтың жұмысын көруге барған халық қалаулыларына жылу беретін орталықтардың жұмысын «Талдықорғанжылусервис» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Манархан Ахымбеков таныстырды. Басшының айтуынша, қала халқын жылумен қамтамасыз етуді 10 қазандық атқарады. Олардың бесеуі табиғи газға қосылып, облыс орталығының экологиясын жақсартуға елеулі үлес қосып отыр. Қалған қазандықтарды кезең-кезеңімен көгілдір отынға қосу  жұмыстары қолға алынуда. Атап айтқанда, екі қазандықтың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Соған байланысты қаладағы 8 қазандық табиғи газға ауыстырылады. Жалпы ұзындығы 180 шақырымға тең жылу жүйесі Талдықорған қаласындағы 700-ден астам көпқабатты нысандар мен 1200 жекеменшік үйге жылу жеткізеді.
Бұдан соң Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжіне барған Сенаторларды оқу орнының директоры Әсет Жұмаділов қарсы алып, колледждің жұмысымен таныстырды. Директордың айтуына қарағанда, 400 балаға кәсіптік білім берумен айналысатын оқу орынның жанында жиһаз цехы мен заманауи баспахана жұмыс істейді. Жыл сайын оқу бітірген 150 бала әр саланың жұмысын жандандырып, бір-бір мамандықты меңгеріп шығады. Дегенмен, қазіргі жастардың көпшілігі ауыр еңбектен қашып, блогер, тик-токер болғысы келеді. Бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осындай келеңсіздікті болдырмас үшін ұстаздар қауымы өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беруі керегін айтқан Сенат депутаттары гуманитарлық-техникалық колледж ұжымымен кездесіп, жұртшылықтың пікірін тыңдады.
Одан соң облыс орталығының оңтүстік-батысындағы 8-9-шағын аудандарында салынып жатқан көпқабатты үйлердің инженерлік желілік құрылысын да көріп қайтты. 

 

Мәди ӘСЕТҰЛЫ,
Жетісу облысы