"Күш салатын боламын": зарықтырған заң Мәжілістің қарауына түсті

Уақыты: 25.05.2023
Оқылды: 854
Бөлім: САЯСАТ

«Елден заңсыз сатып алынған активтерді қайтару туралы» заң жобасы Мәжіліске түсті. Алдағы уақытта активтерді жинақтайтын қор құрылмақ. Алайда бұндай көп күттірген көпке "күлше" заңның "әттеген-айы" бар болып шықты. 

Бұл туралы Депутат Ермұрат БАПИ Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында жеткізді.  Оның айтуынша, игілігі көп заң жобасының әзіргі атауы тар ауқымда жазылған көрінеді.

– Президент Тоқаев былтырғы жылғы қарашада ҚР Үкіметіне «Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы» заң жобасын дайындауды тапсырған еді. Ал Мәжілістің талқылауына зарықтырып жеткен заң жобасы «заңсыз сатып алынған активтерді қайтару» деген атаумен бізге жетті. «Заңсыз сатып алу» мен «елден заңсыз шығарылған» деген екі тіркестің мән-мазмұны екі бөлек. Халық қаржысын талан-таражға салғандар барлығын әлдеқашан заңдастырып алған, олар ұрлаған мүліктің «мұртын балта шаппайды». Егер біз сол ұрланған мүлікті «елден заңсыз шығарылған» деген желеумен іздейтін болсақ, бұл жұмыстың ауқымы әлдеқайда кең болар еді. Бірақ мен осы заң жобасын талқылаушы жұмыс тобына мүше болып, аса қажетті құжаттың қауһарлы болуына күш салатын боламын, – деді Ермұрат Бапи.

Айта кетейік, құжат "активтерді анықтау және қайтару үшін қажет заңнамалық негіздер мен жаңа құралдардың болмауына байланысты активтерді қайтарудың тетіктерін айқындауға" бағытталған.

Фото: көрнекілікке алынды