Ойын жарысы өзгеше, ой ойлайтын онкүндік. Жетісу өңірі Халықаралық жастар күнін кең ауқымда атап өтпек. Мерекелік күнге орай 30 000 жасты тікелей, ал 500 000 адамды жанама түрде қамтуды жоспарлапты. Бұл жөнінде Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында айтылды.
Аталмыш мереке биыл тамыз айының 3 мен 12 аралығында аталмақ. Онкүндік аясында облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі, жалпы саны 21 шара ұйымдастыру жоспарға енгізіліпті. Оның ішінде, жастардың зияткерлік қабілетін арттыру мақсатында республикалық пікір сайыс, интеллектуалды ойын, облыстық шахмат турнирі, республикалық жайдарман ойыны, жастар арасындағы есірткінің алдын алуға бағытталған шаралар, облыс аумағында халықаралық «Жетісу жауһарлары» экспедициясы, республикалық «Шаған тау» тау жарысы сынды тағы да басқа игілікті істер бар. Ал аудан, қалалық деңгейде 100-ден астам іс-шара өткізілмек.
– Біздің өңірімізде Жастар күні кең ауқымды мерекеленбек. Онда 14-35 жас аралығындағы жастар, оның ішінде, мектеп оқушылары, ЖОО мен колледж студенттері, жұмысшы, жұмыссыз, өзін-өзі қамтыған, NEET санатындағы және тағы басқа жастар қамтылады. Онкүндік аясында Абай күніне орай жастар үшін поэзиялық кеш, Жетісу облысының әкімі үшін республикалық Жайдарман ойыны, халықаралық «Жетісу жауһарлары» волонтерлік экспедициясы ұйымдастырылады. Бұл атқарылатын жұмыстың бір парасы ғана, – дейді «Jetisy jastary» КММ-нің директоры Еркебұлан Ақболатов.
Онкүндіктің негізгі мақсаты – жастарды қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық іс-шараларға тарту, оларды әлеуметтендіру, шығармашыл жастарға қолдау көрсету, облыстың дамуына елеулі үлес қосып жүрген белсенді жастармен еріктілерді ынталандыру, марапаттау, саламатты өмір салтын ұстануды насихаттау, зияткерлік қабілеттерін арттыру, потенциалын ашу, отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу және өзекті мәселелерді анықтау, шешу жолдарын әзірлеу. Өзін-өзі басқару органдарын дамыту және анықтау екенін айта кеткен жөн.
Алмас МЫРЗАХМЕТОВ
Фото: opennews.kz