Шабыт шуағы

Уақыты: 30.06.2018
Оқылды: 1446
Бөлім: САЯСАТ

Астана қаласының 20 жылдығына орай облыстық білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының мұрындық болуымен «Шабыт шуағы – бояулар құпиясы» атты академиялық бағыттағы шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жас суретшілер мен қолөнершілердің көрме байқауы өтті.

Көрмеге өңірімізге қарасты 17 аудан мен 3 қаланың қылқалам шеберлері 3000-ға тарта туындысын ұсынды. Оның ішінде жаңадан құрылған Кеген ауданының қолданбалы өнері бойынша ағаштан түйін түйген шеберлерінің жұмыстары да бар. 
Академиялық бағытта өткен көрме байқауының ашылу салтанатында сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді.
– Оқушыларға жүйелі білім беру үшін ең әуелі өнердің алғашқы қадамын жасауымыз қажет. Осы орайда академиялық бағытта сурет салдыру нағыз өнердің шыңына шығатын сара жол болмақ, – деді ол.
Негізінде байқаудың мақсаты – бейнелеу өнері арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, кәсіби шығармашылығын шыңдау, сол арқылы жас жеткіншектердің заман талабына сай өресі биік өнер иесі болуына ықпал ету. 
Шара барысында Қаратал ауданынан келген суретші ұстаз Айнолла Қасенұлының асық туындысы көрермендерді тәнті етті. Сондай-ақ, Талдықорған қаласы бойынша «ЮНЕСКО» клубы балалар көркемсурет мектебі түлектерінің дипломдық жұмыстары, графика, кескіндемелік шығармашылық туындылары эстетикалық талғампаздықпен жоғары деңгейде орындалды. 
Одан кейін Көксу ауданындағы Қабан жырау атындағы орта мектеп оқушылары мен ұстаздарының «Шаған тауы», «Білім саласының үздік белгісі» макеті көпшіліктің көңілінен шықты. І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы Мұратхан Әбділдаевтің туындысы да жоғары бағаланды. 
Жалпы байқау облыстық білім басқармасы бекіткен ережеге сәйкес, графика, кескіндеме, сәндік қолданбалы өнер, дизайн және мүсін өнері номинациялары бойынша сараланды. 
Шара соңында Т. Жүргенев атындағы Өнер академиясының доценті Жайық Күшікбаевтың көркем эстетикалық туындыларына талдау жасалынды. Сонымен бірге, қазылар алқасы байқау жеңімпаздарын марапаттап, арнайы Мақтау қағаздарын табыс етті.
 
Есет ДӘУРЕНБАЕВ,
облыстық білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының көркем және эстетикалық шығармашылықты дамыту бөлімінің басшысы