Елімнің Ақордасы

Уақыты: 06.07.2018
Оқылды: 1584
Бөлім: САЯСАТ
Биыл – елдің жан жүрегі, арман қала, ару қала Астанамыздың 20 жылдығы. Бұл шын мәнінде ұлы той. Қазір Астана төрткүл әлемге танымал шаһарға айналды. Ел ішіндегіні айтпағанда маңызды халықаралық басқосулар Астанада өтеді. Осыған орай, аудандық кітапханада «Елімнің Ақордасы – Астана» атты тақырыпта тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылды. 
Көрмені кітапханашы Мамық Салқымбаева таныстырды. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Астанада тоқсан үш күнге созылған халықаралық мамандандырылған ЭКСПО – 2017 көрмесі ұйымдастырылды. Елордада өткен бұл шараға 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымының жоғары лауазымды қонақтары арнайы келді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. Көрме Қазақстанның әлемге танылуы мен туристер үшін танымдылығын арттырды. Елбасы «Дүниежүзі көз тіккен ЭКСПО – 2017 көрмесі беделімізді биіктетіп, абыройымызды асқақтатты»,–деген болатын. 
Астана – Қазақстанның мақтанышы, көз қуанышы. Бүкіл ел абыройының асқақ көрінісі, мемлекетіміздің мақтан тұтар айнасы. Дүниежүзі халықтарының көпшілігі туристік, дипломатиялық сапармен қонаққа келіп, Елордамыздың жылдан жылға көркейіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму қарқынын үдете түскеніне таңырқай да тамсана да қарайды. Бүгін біз осындай қасиетті сөздерді құрметпен, бойымызға біткен ұлтшылдық сезіммен көкірегімізді керіп, басымызды көтеріп, аса мақтанышпен айта аламыз. Себебі, Арқаның төрінде сылдырап аққан ерке Есілдің жағалауында орналасқан айбынды Астанамыз бүгінде 20 жасқа толды. 
Ару қаланың көрсе көз тартар көрікті, қараса көздің жауын алар, жаңа үлгідегі өнеріне негізделген биік-биік ғимараттары қалаға сән беріп, жаңаша бағытта ерекшелендіріп тұр. Астананың ауыз толтырып айтар жері көп екені бәрімізге аян. Яғни, ару Астанамыздың халық тамашалап, қызықтап көрер жері де көп. Бұл дегеніміз – ару Астананың небәрі 20 жылда қол жеткізген жетістіктері. Осы жылдар ішінде адам айтса сенбестей өзгерген Астана өзге елдермен терезесі тең, келешегі кемел, болашағы айқын және жұлдызы жарық қалалар қатарына қосылды. Астана бүгінде қалыпты дамып, жаңаша бағытта көркейіп, гүлденіп келеді. Сондықтан, елдігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, еліміз мәңгі жасап, қол жеткізген жетістігіміз молайып, жайнай берсін демекпін. 
 
Толқын САТЫБАЛДИЕВА,
Көксу аудандық
кітапханасының қызметкері