Жиырма жыл бұрынғы көш

Уақыты: 06.07.2018
Оқылды: 1941
Бөлім: САЯСАТ
Әңгімені әріректен бастайын. Әріден бастағым келетін себебі – тәуелсіздікке дейінгі өмірімізді және қоғамдық құрылымдық саяси жағдайды айта кеткеніміздің жөн екендігі. Біз орта мектепті бітірген 1961 жылы жоғары оқу орнына түсу үшін кем дегенде екі жыл өндірісте еңбек етсін немесе әскери борышын өтеп келсін деген тапсырма болды. Бір жағынан біз оны дұрыс қабыл алып, сыныбымызбен шаруашылық бригадасын құрып, ұжымшарға кеттік. Жүгері өсірдік. Жер жырттық. Егістіктерге жүк тиеуші болып, қи тасып төктік. Сол кезде Н. Хрущевтің бұйрығымен бұрынғы Ақмолаңыз Целиноград деген атқа ие болып шыға келді. Ақмола қаласының атын ауыстыруды ешкімнен сұраған жоқ. Содан бастап солтүстік облыстарда біздің қазақтың үлесі азая берді. Ұзақ жыл бойына ылғи сырттан адамдар келді. Өндіріс күштері орталық Қазақстанға шоғырлана бастады. Целиноград өңіріндегі ірі өнеркәсіп орындары түгелдей Мәскеуге бағынды.
Мұны айтып отырғаным, бүгінгі тәуелсіздіктің қадірін жас ұрпақтың білуі  қажет. Тәуелсіздіктің арқасында, тәуелсіздіктің нәтижесінде Мемлекет басшысының ұсынысымен жаңа Қазақстан жаңа дәуірде өз астанасын таңдады. Жаңа дәуірде жаңа өріс, жаңа өркендеу, халықтың шоғырлануы, тұрақталуы, демографиялық ахуалды оңалдыру қажеттігі туды. 90 жылдарда күн сайын солтүстік көршілерден мемлекетімізге оғаш әңгімелер көп естілетін. Соның бірі 1990 жылы Солженицын деген орыстың беделді жазушысы «Как обустроить Россию?» деген мақала жазды. Автор мақалада Қазақстанның мемлекеттілігіне күмән келтірді. Ондай көзқараспен осы уақытқа дейін қоректеніп жүрген әртүрлі күштер бар. Қауіпсіздік – үнемі қалғымай, қадағалап отыратын мәселе. Солтүстік облыстарда қазақтың аздығын пайдаланып, неше түрлі әңгімені желеу етуге құмар ұйымдар бар.
Тың көтеруге байланысты сырттан миллионға жуық адам келді. Ол – бір. Кезінде Сталин    30-шы жылдарда «Карлаг» (Қарағанды лагері) жүйесін құрды. «Карлагтың» өзінде миллионға тарта адам болды. Сол тұтқындарды күзеткен, тұтқындардың лагерьлік өмірлерін ұйымдастырып, бақылаған қаншама адам келді. Бұл – екі. Біз тәуелсіздік алған тұста бас штабы Алматыда орналасқан Орта Азия әскери округінің өзінде 700 мыңнан астам әскери күш тұрды. Әскери полигондарда Қазақстанға бағынбайтын қаншама құрылымдар болды. Бұл үш деңіз. Отандық өнеркәсіп орындарының 93 пайызы, мәселен, Қарағандыдағы «Карагандауголь», 36 мың жұмысшысы бар Металлургия комбинаты, Өскемендегі титан-магний, қорғасын-мырыш, Ақтөбе, Хромтау химиялық зауыттарының түгелі Мәскеуге бағынды. Ол кәсіпорындарда жұмыс істейтін мыңдаған маман негізінен басқа ұлт өкілдері еді. Қазақстанда қазақтардың саны 40 пайызға жетер-жетпес болды. Міне, осындай жағдайда мемлекеттің тәуелсіздігін жариялау және ешкімді ештеңеге ұрындырмай-соғындырмай, қақтырмай-соқтырмай тәуелсіздік жариялау Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көрегендігі, сезімтал саясаткерлігі, қайраткерлігі арқасында деп есептеймін. Сондай-ақ, Елбасы Қазақстан компартиясы комитетінің өнеркәсіп хатшысы кезінде экономикалық базалық күшіміздің бәрі Қарағандыда, Целиноградта, Қостанайда, орталық Қазақстанда шоғырланғанын жақсы білетін. Астана Қарағанды жақта болуы керек қой деген сөзді бейресми түрде айтып жүретін. Өзі де осы жақта еңбек етіп, өсті ғой. Сондықтан жалпы Астананы көшіру Президенттің көптен ойлап жүрген терең толғанысының нәтижесі екендігіне күмәнім жоқ. Осындай жағдайда солтүстік өңірлерден тәуелсіздіктің алғашқы жылдары немістер, орыстар, кейде оларға қосыла қазақтар да көшіп жатты. Соның бәрін Президент сараптап отырды да, ақыры жоғарыдағыдай Астананы көшіру туралы шешім қабылдады.
Астана туралы шешім қабылданғанда осында 260 мың тұрғынның    7-ақ проценті қазақ болған. Қазір бір миллион адамның 70 проценті қазақтар. Ың-шыңсыз, Ресейдің көптеген басылымы солтүстік жақта қазақ жоқ, негізінен орыстар деп күн сайын жазып жатқан кезеңде демографиялық жағдай осылайша оңалды. 1997 жылы қақаған аязда Президент бір-ақ күннің ішінде Астананы көшіріп алып келген кезде олар аң-таң болып, ошарылды да қалды. Ешкімнің намысына тимей, ешкімнің көңіліне келетін сөз айтпастан, демографияны бүйтеміз, сүйтеміз деп, ұрандамастан, өз ұлтымыздың, мемлекетіміздің өркендеуі үшін тарихи шешім қабылданды. Ұлттың қайта түлеп-өсуі, өркендеуі осы жерден жаңа кезеңге көтерілді. Президентпен бірге Үкімет, Парламент, басқа да министрліктер келді.
1994 жылы, 6 шілде күні Президент өз ұсынысын Жоғарғы Кеңеске дауыс беруге қойды. Ол кезде мен Жоғарғы Кеңесте едім. 1991 жылы, 31 тамызда Президент Жарлығымен Бұқаралық ақпарат құралдары және Баспасөз министрлігі құрылды. Баспа, газеттер, телеарнаның бәрінің басын біріктірген министрлікті мен басқардым. 
 
Екі жылдан соң Президент мені Премьердің орынбасары етіп бекітті. Басында идеология керегі жоқ дедік, сосын идеология керек болды. Өйткені жұртпен жұмыс істеу, сөйлесу, орыс, қазақ тілдерінде елге жағдайды, қабылданып жатқан шешімдерді түсіндіру жұмыстары көп қажет еді. Премьер-министрдің кабинеті құрылымында, облыстық әкімдіктерде орынбасарлар құрып, олардың ішкі саясат бөлімдерімен жұмыс жүргіздік. 1994 жылы сәуірде Жоғарғы Кеңес Төрағасының орынбасары болдым. Астананы көшіру идеясын айтылған сәттен қолдадым, өйткені, менің ол кездегі ең бірінші көзім жетіп тұрғаны демографиялық жағдай әрі Президенттің ойланып-толғанып жүргенін жанында жүріп көрдім. Осы жерден біздің негізгі ұлтымыздың көшіп жатқаны жүрекке ауыр тиді. Ал Астананың осында келуі арқылы демографиялық жағдайдың түзелетініне кәміл сендім. Бірақ экономикалық жағдайға күмәніміз болды. Қаржы қайдан келеді, тұрмысымызды қалай көтереміз деген күдік болғаны рас. Ал идеяға күмән жоқ. Алматы географиялық жағынан оңтүстік, оңтүстік-шығыс жақ қой. Қаншама жер мына жақта қалып отыр. Бұл жер – географиялық орталық. Ұлттың қамы. Осы жерде ұлтты тұрақтандыру, демографиялық ахуалды жөндеу бағытында қыруар жұмыс атқарылды.
Сол жағалау азынап тұрған қара жел, қара дала, саз болатын. Нұрсұлтан Назарбаев 2002 жылы «Бәйтеректі» көтерді. Мен ол кезде Сенат депутаты едім. Президент Сенаттың, Мәжілістің комитет төрағаларын, біраз депутаттарды шақырып, «Бәйтеректің» төбесіне шықтық. Жан-жағымыз, айналаның бәрі дала. Бірақ «Бәйтеректің» басында жоба тұр. Сонымен, 2005 жылы Ақорда жарқ ете түсті. Ақордамен ілесе Үкімет, Парламент ғимараттары бой түзеді. 2005 жылы осы ғимаратқа ескі қаладан көшіп келдік. Соның өзінде жел азынап тұратын. «Нұрсая» тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында бүгінгідей қаптап тұрған кафе, ресторан, дүкендердің бірі жоқ.
Қысқа мерзімде Астана өзі ғана көтерілген жоқ. Астана бүкіл қазақтың жерін, мәртебесін, өнеркәсіпті, шаруашылықты, бүкіл экономикамызды көтерді. Сондықтан, Астананың жетекшілік атқаратын орны ерекше. Біздің ұлтымыздың мәртебесін көтерген, солтүстік өңірлерінде тұрақтануына шешуші ықпал еткен де осы Астана.
Елорда мен Елбасын бөле қарау мүмкін емес. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына декларация қабылданғанда Астана Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі, Президенттің атын Астана қаласына аталуы орынды деген мәселе көтерілді. Оған депутаттар түгел қол көтерді. Журналистер сол сәтте менен: «Жаңа сіз декларацияны жарияладыңыз, сонда Астана қаласының аты қалай болмақ?» – деп сұрады. «Нұрсұлтан Назарбаевтың аты лайық», – дедім. Қазір де осы сөзімнен таймаймын. Жыл өткен сайын соған сенімім күшейіп келе жатыр. Мұны неге айтып отырмын? Жаңа еске алған Целиноградты кезінде қай қазақтан Хрущев сұрап еді? Одан арғы заманда ХІХ ғасырда осы жерде Ақмола бекінісіне шабуыл жасаған Кенесары Қасымовқа не істемеді?! Ханның басы алынды. Сондай қорлық көрген қазақты кешегі тізесі бүгілген жағдайдан көтерген Елбасының еңбегі. Ендеше оның атына бір қала беру біздің тарихтың әділдігі болар еді. Астана қаласын салдыру арқылы бабалардан қалған асыл мұра еліміздің бүкіл солтүстік, орталық, қазыналы қара топырақты, қазба байлыққа толы өңірлерінде ұлт тұрақтады.
Бұл – қазақтың қамы. Оның ешқандай артықшылығы жоқ. Дүние жүзінде 80-нен астам қалаға еңбегі сіңген адамдардың аты берілген. Астана – ұлт тарихының жеңісті келбеті. Ел еркіндігінің өрісі. Астананың туын көтерген – Елбасы қазақтың тұңғыш Президенті. Мақаламның соңын салтанаты жарасқан қазақ халқы аман болсын деп түйіндегім келеді.
 
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты