Құтты орда

Уақыты: 06.07.2018
Оқылды: 1448
Бөлім: САЯСАТ
Сарыарқаның төрінде қазығын қаққан құтты орданың бүгінгі келбеті жан тебірентеді. Адамға шалқар шабыт сыйлап, өмірге деген құштарлығынды арттырады. Тіпті, бала қиялыңа құлаш қанат бітірген тәуелсіздік тұмарындай көрінеді көзге. Бәлкім, сол үшін де шығар азаматтың арындай биік, тұрқы таудай асқақ. Шыны керек, бүгінде кез келген баланың арманы Астанамен астасып жатқан сыңайлы.
Иә, осыдан жиырма жыл бұрын қуаныштың самалы есіп, шаттықтың шымылдығы түрілген сәтте сәби күлкісі жарқын шықты. Еркіндікке ұмтылған қазақ даласына құт қонғандай әсерде болдық. Кешегі баба мұратына айналған жұмыр жердің кіндігінен орын тепкен шалқар шаһардың сұлулығы әлемді аузына қаратты. Құдды, атам айтқан ертегі сияқты. Әрбіріміз көңіл түкпірінде жатқан сөздің жақұтын арнағымыз келді. Сүйдік, тамсандық. Бүгінде Астанаға бара қалсаң патша сарайының ішіне енгендей күй кешесің. 
Жалпы, Астана – өскелең қала. Кемел де келісімді ойлардың, ізгі ниет пен игі тілеудің қаласы. Айталық, қаланы қақ жарған Есіл өзенінің жағалауын кезінде басқан қамыс-құрақ қаба сақалдан арылып, бетон тақтайшалар төселген. Есілдің мәрмәр жағалауынан зәулім ғимараттар салуға да, қаланың орталық бөлігінде еуропалық үлгідегі шағын орамдар тұрғызуға да орын жетерлік. Ендеше, шаһардың кейбір кең де түзу көшелері дәстүрлі шығыс байтақтарын, мәселен, көргендерге Каир мен Делиді елестететіні сөзсіз.
«Бәрін айт та, бірін айт» дегендей, бәрінен де бас алаң төріне көз тастаған жан бүкіл тарихы – бірігу тарихы болған халқымыздың өмірінде келісімді билігімен, әділ сөзімен, елінің басына ауыртпашылық түскенде шешендігімен, алғырлығымен еліне қорған болған, асқан беделге бөленген дана үш би – Әйтеке, Қазыбек, Төле бас қоса отырған сәулетті ескерткіш орнатылыпты. Көшелері де тап-тұйнақтай, қазақ даналарының есімімен аталады. Бұл нені аңғартады. Яғни, болашақ ұрпақ бабаларына құрмет көрсету арқылы, келешекке нық қадам басады.
Елорданың өркендеуі ел дамуының белгісі. Ендеше бас қаланың жаңадан қаланып жатқан іргетасының берік болуы да мемлекетіміздің болашаққа нық сеніммен жасар қадамының нағыз кепіліне айналмақ. Келер ұрпақтың да, жастардың да болашағы бір өзіңде! Ал сенің гүлденуің солардың қолында. Келешегің жарқын болсын, халқымның Ақордасы көркейіп, биіктерден көріне бергейсің. Жасай бер жас қала!
 
Қаракөз ӘБІЛДА
Талапты ауылы,
Көксу ауданы