Елордаға тарту

Уақыты: 12.07.2018
Оқылды: 1510
Бөлім: САЯСАТ

Астана қаласының 20 жылдығына жамбылдықтар да үлкен үлес қосты. Елорда тұрғындарының әл-ауқаты, тұрмысы баршамыздың назарымыздан тыс қалмауы тиіс. Сол үшін жыл сайын Астанада әр өңірдің ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп тұрады. 

Жамбыл ауданы жыл сайын Астана төрінде өтетін ауылшаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі аясында елордалықтарды өзімізде өсірілген жеміс-жидек, дәнді-дақыл, сүт, балық өнімінен дәм татқызып келеді. 
Былтырғы жәрмеңкеде жамбылдықтар құны 53 млн. теңгеден астам 176240 келі ауылшаруашылығы өнімін Астанаға жөнелтті. Жерлестеріміз өсірген  пияз, картоп, сәбіз, тәтті бұрыш, шомыр, алма, қызылша, қырыққабат, баялды, сарымсақ, тағы басқа да ауылшаруашылық өнімдері мен сары май, құрт, қаймақ, қымыз, шұбат, тары, ірімшік сияқты ұлттық тағамдар, табан, жайын, тұқы, көксерке балықтары, жұмыртқа, көкөністер елордалық тұтынушылардың көңілінен шықты. Бағасы нарық бағамынан төмен, қолжетімді болғаны да қуантты. 
Осы ретте алдағы тамыз айында Астана төрінде өтетін жәрмеңкеге ауданымызда дайындық жұмысы қарқынды жүріп жатқанын айта кеткенді жөн көрдік. Себебі, онда бір жағынан арзан өнімдермен елорда тұрғындары қамтамасыз етілсе, екінші жағынан аудан кәсіпкерлері, шаруа қожалық иелері өнімін жаппай сатылымға шығарып, пайдаға кенеледі. 
Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі дегендей, биылғы мерейтойға орай ұйымдастырылатын жәрмеңке елордалықтардың көңілінен шығып, жамбылдықтардың бас қалаға деген сүйіспеншілігін әйгілей түседі деген ойдамыз.

Майра Алдабергенова 
Жамбыл ауданы