ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ҮНДЕУІ: ЕЛ БІРЛІГІ САҚТАЛАДЫ

Уақыты: 20.03.2019
Оқылды: 1609
Бөлім: САЯСАТ

Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті жасаған маңызды мәлімдемеге әлем жұртшылығы да назар аударды. Өйткені, алыс-жақын шет мемлекеттердің басшылары пікір білдіріп, Қазақстандағы тарихи шешімге үн қатуда. Бұл еліміздің әлемдегі орнын, мемлекетіміздің іргетасын қалап, экономикасын дамытқан Нұрсұлтан Назарбаевтай ұлы тұлғаның абырой-беделін білдірсе керек.

Тұңғыш Президентіміздің өзі айтқандай, бұл жолғы мәлімдеменің маңызы да, мазмұны да бөлек болды. Осы орайда ұлт мақтанышы Қадырғали Жалайыридың: «Халықтың мұраты – саялы мемлекет құру. Халықтың байлығы патшамен, патшаның байлығы халқымен», – деген даналық сөзін айтқым келіп отыр. Ұлт Көшбасшысы отыз жыл ел басқару ісінде көрегендік танытып, көпшіліктің арман-тілегін орындауға, жетпіс жылдық кеңестік империяның идеологиясынан арылтып, заманауи демократия қалыптастыруға бар күш-жігерін арнады. Тарих үшін тым аз уақыт ішінде Тұңғыш Президентіміз адал еңбек етудің, мақсат-мұратқа сүрінбей жете білудің, ел бірлігін сақтап, келешекке жол салудың жарқын үлгісін көрсетті.

Тұғырлы тұлғаның ендігі тілегі – Мәңгілік Елімізді ары қарай гүлдендіріп, тәуелсіз Отанымызды, береке-бірлігімізді сақтау. Ұлт Көшбасшысы әрбір ел азаматын әлемді еркін аралайтын, үш тілді білетін заманауи тұлға ретінде көргісі келеді. Әсіресе, жас буынға айтары көп. Өз мәлімдемесінде: «Халқымыздың достығы мен бірлігін, бір-бірімізге деген сенімді сақтап, еліміздегі әрбір азаматтың төл мәдениеті мен дәстүрін құрметтей біліңіздер. Сонда ғана біз мықты болып, сын-қатердің бәріне төтеп береміз. Сонда ғана өркендейтін боламыз», – деді.

Ұлт тұлғасының келелі сөзі ел ертеңі – жастардың жүрегіне өшпестей жазылуы тиіс. Мәлімдемесінде айтылғандай, Тұңғыш Президентіміз билікке келетін жас буынды тәрбиелейтін ұлағатты ұстаз қызметін атқарып, қалың елдің қорғаны, панасы, абыз ақсақалы болып қала бермек.

Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы