ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ МӘЛІМДЕМЕСІ: ҰЛТ ҮШІН ТУҒАН ҰЛ

Уақыты: 20.03.2019
Оқылды: 1367
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кеңестік кеңістіктен шыққан жас мемлекетті отыз жылдың ішінде небір қиындықтар мен сын сағаттардан аман алып шықты. Алғаш Тәуелсіздік алып, өз шаңырағымызды көтерген тұста істі неден, қалай бастарымыздың өзі санаға салмақ салған тұста осы бір тығырықтан шығар жолды да таба білді. Бір қоғамнан екінші қоғамға өткенде көшіміздің қайда барып тоқтайтыны белгісіз, алдымыз бұлыңғыр еді.

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясаты көп ұлтты тәуелсіз Отанымызға бағдаршам болды. Ядролық қарудан бас тартып, бейбітшілікті қалаған ел ретінде татулықтың бесігіне айналдырды. Сайын дала Сарыарқаның төсінен әлем назарын өзіне аударған жас мемлекеттің жаңа Астанасын салды. Еркін ел болуымыз үшін іргеміздің берік болғаны керектігін ерте түйсініп, көршілес мемлекеттермен шекарамызды белгілеп, бабадан балаға мұраға қалған қасиетті атамекеніміздің шынайы иесі екенімізді сезіндік. Айналамыздағы алып елдермен достық қарым-қатынаста байланыс жасап, еларалық түйткілді мәселелердің түйінін шешіп берді. Елбасымен бірге өткен отыз жылда әлем таныған елге айналу үшін саяси-экономикалық, мәдени-рухани бағытта қаншама игілікті сітер атқарылды. Аталарымыздан қалған: «Бардың түбі – оңалар, жоқтың түбі – жоғалар», – деген қанатты сөз бар.

Тәуелсіздік алған сәттен күні кеше ғана Елбасы өзі мәлімдеме жасап өкілеттілігін тоқтатқанға дейін көз көріп, көңіл сүйсінетін, ауыз толтыра айтатын ғаламат дүниелер іске асты. Осының бәрі еліне сенген Елбасы мен Елбасына ерген елінің ортақ жемісі екенін Ұлт Көшбасшысы үндеуінде нақты айтып өтті. Сөзін түйіндей келе Президенттік өкілеттілігін өзінің замандасы, дипломант, білікті басшы, сырбаз мінезді, білімді де парасатты тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа уақытша тапсыратынын айтты. Біз оған да қуандық. Сенат төрағасы туралы Елбасының мына сөзінен асыра айта алмаспын: «Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін». Тұңғыш Президентіміз айтқан осы сөзге сүйеніп, алдағы уақытта да еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Тәуелсіз елімізден бақ пен береке мәңгілік кетпесін деген аналық тілегімді арнаймын.

Бижамал РАМАЗАНОВА,
Алматы облысының Құрметті азаматы