Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

Қ.ТОҚАЕВ: "САЙЛАУДЫҢ ӘДІЛ ӨТУІНЕ КЕПІЛДІК БЕРЕМІН"

Уақыты: 09.04.2019
Оқылды: 786
Бөлім: САЯСАТ

Қымбатты Отандастар! Бүгін елімізге және әрқайсымызға қатысты аса маңызды Үндеу жариялап отырмын. Еліміздің Конституциясына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдадым. Мен бұл жауапты шешім бойынша Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ақылдастым. Парламенттің қос палата спикерімен, Премьер-Министрмен кеңестім. Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгіндім. Парламенттегі партия жетекшілерімен кездестім.

Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау - өте маңызды әрі қажетті қадам. Біз Елбасымыздың арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық жүйеде өзіне лайықты орнын алды. Бізді ықпалды және белді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындайды. Қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Жоғары билік заңды және бейбіт жолмен ауысты. Бүкіл әлем қоғамдастығы осы оқиғаны түсіністікпен және құрметпен қабылдады. Мемлекет басшысы ретінде мен өзімнің міндетімді және жауапкершілігімді терeң сезінемін.

Президент лауазымына кіріскеннен бастап өңірлерді аралап жүрмін. Халықтың көңіл-күйін жақсы білемін. Зиялы қауыммен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, инвесторлармен, халықаралық тұлғалармен кездестім.

Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз - біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек. Сондықтан, елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр.

Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек.

Ол үшін аталған тағдырлы шешімді қабылдадым. Мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет.

Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни, сіздерге  сенемін.

Қадірлі Отандастар! «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді дана халқымыз. Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Еліміздің келешегі әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты!

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

 

АСА МАҢЫЗДЫ ШЕШІМ

Назира БИСАРИНА,

№3 Қабанбай орта мектебінің директоры, Алакөл ауданы:

- ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрқайсымызға қатысты аса маңызды мәлімдеме жасады. Жалпы, кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау – өте маңызды әрі қажетті қадам деп білемін.

Мемлекет басшысы мұндай жауапты шешім қабылдамас бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, Парламенттің қос палатасы спикерлерімен, Премьер-Министрмен ақылдасқанын, Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгініп, кеңескенін айтты. Осылайша сайлауды мерзімінен бұрын өткізу мәселесі жан-жақты талқыланды. Бұл –  ертеңгі бейбіт күн үшін қабылданған оң шешім екенін дәлелдейді.

Біз қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткерудеміз. Күн өткен сайын дамып, өркендеп келе жатқан мемлекетімізге қызыға да қызғана көз тіккендер қаншама? Осындай алпауыт мемлекеттермен тереземіз теңескеннен кейін біздің әлсіреуге құқығымыз жоқ.

Елдің ертеңі бәрімізді алаңдатады. Сол үшін тәуелсіз, қуатты мемлекеттің тізгінін берік ұстап, әлемге танылған беделімізді одан әрі асқақтататын Президентті сайлау – тікелей халықтың еншісінде. Сондықтан да Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдық келісімді күшейтіп, экономиканың дамуын қамтамасыз ету үшін нақтылық орнатып, сайлаудың ашық әрі әділ өтетінін қадап айтты.

Халықтың бірлігі мен татулығы бірінші кезекте тұруы тиіс. Алдағы уақытта кезектен тыс өтетін Президент сайлауы да осы мақсатты көздейді.

Біз ел болашағына бей-жай қарай алмаймыз. Еліміздің келешегі, халықтың тағдыры біздің шешімге тікелей байланысты екенін ұмытпайық.

БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ – БІРЛІК

Ғабит ТҰРСЫНБАЙ,

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі:

- Қазақстан Республикасының Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Президент сайлауының 9 маусымда өтетінін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл шешімді шығару үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасқанын айтты.

Сондай-ақ,  Парламенттің қос палатасы спикерлермен және Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен кеңескенін жеткізді. Президент сайлауының таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беретінін айтты. Әлемде алауыздық белең алып тұрған заманда биліктегі тұрақтылықты сақтауымыз керек. Ол үшін тездетіп елдің болашағына еңбек ететін Президентті  сайлап алғанымыз  жөн.

Біздің басты құндылығымыз – татулық. Елдегі береке-бірлікті сақтау үшін Мемлекет басшысын сайлауда қателеспеуіміз керек. Тәуелсіздік алғаннан бергі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық сақталуы тиіс. Үндеуде, Президент айтқандай, бізді ықпалды және беделді мемлекет ретінде әлем мойындады.

Болашақта да әлем халықтары арасындағы биігімізден төмендемей, беделімізді түсірмеуіміз керек. Тарихи сәтті пайдаланып, ел арасына іріткі салып «ары-тарт, бері тарт» жасайтындар болуы мүмкін. Соған жол бермеу үшін Тәуелсіз Қазақ елінің туын биік ұстап, халықтың болашағы үшін қызмет ететін рухы мықты азаматты президенттікке сайлап алып, мемлекеттің өркен жаюы үшін білек сыбана еңбек етуге кірісейік.

ЕЛДІГІМІЗДІ КӨРСЕТЕЙІК​

Ердос ДӘРКЕНБАЕВ,

Шелек өлкетану-тарихи музейінің меңгерушісі,

Еңбекшіқазақ ауданы:

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды мәлімдеме жасап, ел көкейіндегі енді сайлау қашан өтер екен деген алаңдаушылылыққа нүкте қойды. Мемлекет басшысы өз Үндеуінде биылғы 9 маусымда кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін айтып, Қазақстан азаматтарын ауқымды саяси шараға үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Мемлекет басшысы айтқандай, қазіргі таңда әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз тұрақты, мемлекет іргесі мығым кезде алдағы міндеттерді еш алаңсыз жүзеге асыру үшін бізге бірінші кезекте айқындық қажет. Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы тағдырлы шешім қабылдап отыр. Мұндай сәтте біздің алдымызда ауызбірлікті сақтап, саяси шараға бір кісідей атсалысу міндеті тұрады. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген халқымыз бұл жолы да елдігін танытып, әлемге үлгі-өнеге көрсетеді деген сенімдемін.

Қазір Қазақстанды әлем жұртшылығы бейбітшіліктің бесігі ретінде таниды. Тұңғыш Президентіміздің өкілеттігін тоқтатуы да бейбіт жағдайда жүзеге асып, әлем елдеріне демократиялық үдерістің жарқын үлгісін көрсеттік.

Менің ойымша, кезектен тыс сайлау өткізу шешімі дер кезінде қабылданды. Егер келесі жылға дейін созатын болсақ, Жалпыхалықтық санақпен тұспа-тұс келіп қалады. Оның үстіне, алдымызда сындарлы кезеңдер, жаңа міндеттер тұр. Ел мүддесі жолындағы ауқымды шараларды бірлесе атқару үшін биліктің тұрақты болғаны, Президентімізді сайлау арқылы айқындап алғанымыз аса маңызды.

Әрбір Қазақстан азаматы саяси науқаннан тыс қалмауы тиіс. Өйткені, біздің таңдау мемлекет болашағын белгілейді. Барлық тұрғындарды жазда өтетін саяси шараға белсенділікпен қатысуға шақырамын.

БЕЛСЕНДІЛІК ҚАЖЕТ

Қанат БЕКЕЕВ,

«Ауыл» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы:

- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы мәлімдемесі көпшіліктің көкейіндегі ойды дөп басқандай әсер етіп, еліміздің саяси өміріндегі шешуші қадамнан хабар берді.

Шындығында, қоғамның саяси тұрғыдан дамуы азаматтардың белсенділігіне тікелей байланысты. Сондықтан, еліміздің әрбір тұрғыны өз шешімін жасап, белсенділік танытуы тиіс. Өйткені, болашақтың жарқын да табысты болуы бүгін жасалған түзу қадамға, дұрыс таңдауға қатысты дамиды. Осыған орай, еліміздің саяси өміріне қашанда белсенділікпен қатысып келе жатқан Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясы алдағы 9 маусымда өтетін Президент сайлауын үлкен дайындықпен қарсы алады. Партияның барлық өңірлердегі филиалдары өз мүшелерімен жұмысты белсенді жүргізіп, еліміз бен жеріміздің, мемлекетіміздің қарқынды дамуы жолында аянбай еңбек ететінін жеткізгім келеді. Соған сай Жетісу жұртшылығы да  саяси шарада белсенділік танытып, сайлауда өз таңдауын жасайды деп сенемін.