ҚАЗАҚСТАН: БОЛАШАҒЫМЫЗ БЕЙБІТШІЛІКПЕН БАЙЛАНЫСТЫ

Уақыты: 22.04.2019
Оқылды: 1969
Бөлім: САЯСАТ

Тарихтан өз еншісін алған жас Қазақстан мемлекеті санаулы уақыт ішінде-ақ әлемдік аренада өз беделін қалыптастырып үлгерді. Мұның басты себебі ішкі тұрақтылық пен бейбітшіліктің мызғымай сақталуы мен сыртқы саясаттағы ұтымды бағыт деуімізге негіз бар. Осыған орай аз жылдар ішіндегі мемлекетіміздің атқарған істері мен басым бағыттарына тоқтала кетейік.

Кез келген мемлекеттің сыртқы саясатты жүргізуде айқын ұстанымдары мен нақты мақсаттары болады. Біздің еліміздің сыртқы саясаттағы негізгі мақсаты – елдің қауіпсіздігін сақтай отырып, егеменді ел ретінде мемлекет дамуы үшін  сыртқы қолайлы жағдайды қалыптастыру. Сондай-ақ, дүниежүзінде болып  жатқан ғаламдық мәселелерді шешуде белсене атсалысып, әлемдік бейбітшіліктің сақталуына өз үлесін қосу. Аталған мақсаттарды жүзеге асыру үшін еліміз, ең алдымен, сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында нақты үш бағытты айқындап алды. Бірінші бағыт – өзге мемлекеттермен, әсіресе бұрынғы одақтас республикалармен, Азия, Тынық мұхиты елдерімен АҚШ-пен дипломатиялық қарым-қатынас орнату. Екінші бағыт – жеке мемлекеттермен байланыс орнатып қана қоймай, олармен мәдени экономикалық сауда қатынастарын күшейту. Үшінші бағыт – еліміздің қауіпсіздігін сақтау, дүниежүзілік соғыстың алдын алу, ядролық қаруды тоқтатуға атсалысу.

Қазақстан сырт елдермен қарым-қатынасын күшейту мәселесін ең алдымен көрші мемлекеттерден бастады. Алдымен 1992 жылы 21 қазанда Ресей Федерациясымен дипломатиялық қатынас орнатылды. Осы кезеңнен бастап, екі ел арасында көптеген іргелі істер атқарылып, маңызды құжаттарға қол қойылды. Солардың бірі ретінде 1992 жылы 25 мамырдағы «Достық, ынтымақтастық және өзара көмек» туралы шартты атай аламыз. Дәл осындай шартқа шығыстағы көршіміз ҚХР-мен 1992 жылы 25 ақпанда қол қойылған болатын. Бүгінгі таңда әлемдік қауымдастықта ойып тұрып орын алуымызға Ресей мен Қытай секілді  алпауыт елдермен жақын байланыста болудың маңызы зор болды.

Еліміз егемендігін енді алған жас мемлекет болса да БҰҰ ЕҚЫҰ, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО сияқты ірі халықаралық ұйымдарға мүше болып, тіпті, кейбіреулеріне төрағалық ету мәртебесіне дейін ие болды.

Біздің еліміз бейбітшілікті қашанда ту етіп ұстап келеді. Соғысты болдырмау, ядролық қаруды тоқтату секілді жаһандық күрделі мәселелерді дүниежүзілік деңгейде көтеріп, бүкіл әлемге бейбітшілік, ынтымақтастық, келісім секілді құндылықтарды насихаттап келеді. Мәселен, тәуелсіздік ала саласымен біз Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім қабылдап, ядролық қаруға қарсы екенімізді жарияладық. Күллі әлемдегі айтулы оқиғаның біріне айналған еліміздің қауіпсіздік пен бейбітшілік саласындағы батыл қадамын БҰҰ ғана емес, дүниежүзіндегі түрлі халықаралық ұйымдар мен қауымдастықтар жоғары бағалады. Дәл сол күннен бастап, бүкіл дүниежүзі Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде ғана емес, әлемге үлгі боларлықтай еңселі ел ретінде танып, мойындады.

Бүгінгі таңда еліміз сияқты қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныштықта өмір кешіп жатқан елдер кемде-кем. Қазақстан сыртқы саясаттағы ұстанған дұрыс бағдарымен ғана емес, ішкі саясаттағы оңды бағыттары арқылы да өзге елдерге көрегендіктің озық үлгісін көрсетті. Дамудың даңғыл жолына түсіп, сыртқы саясатта және әлемдік қауымдастықта маңызды орын алуымызда Елбасымыз Н.На­­­зар­баевтың ерен еңбегін айтпай өту мүмкін емес. Жоғарыда аталған халықаралық қатынастардағы жетістіктеріміз бен табыстарымызға Елбасымыздың әлемді мойындатқан бастамалары мен көреген саясатының арқасында жеттік десек, артық айтпағанымыз болар.

Бүгінде еліміздің жаһандық істерге қатысты бастамаларына дүниежүзі елдері қолдау білдіріп, үлкен құрметпен қарайды. Бұл – еліміздің әлемнің барлық мемлекетімен тең деңгейде қарым-қатынас орнатып, әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі бола білгенінің айқын дәлелі.

Фатима ҚОЗЫБАҚОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты, профессор

ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенттері