Қ.ТОҚАЕВ: "ҚАРУЛЫ КҮШТІҢ МІНДЕТІ - ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ҚОРҒАУ"

Уақыты: 04.05.2019
Оқылды: 2286
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Алматы облысындағы «Айбалта – 2019» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысты. Бұл жайлы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысына «Айбалта – 2019» командалық-штабтық оқу-жаттығуының негізгі кезеңдері мен міндеттері туралы баяндалды. Оқу-жаттығу барысында шартты қарсыласты жою кезіндегі Қарулы Күштердің мүмкіндіктері көрсетілді. Қазақстан Президенті командалық пунктке барып, әскери техникалар мен қару-жарақ үлгілерін, инфрақұрылымдық нысандарды, соның ішінде модульді жылжымалы госпитальді, механикаландырылған нан зауытын, азық-түлік қоймасын, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды басқару пунктін аралап көрді.

Бас қолбасшы әскерилерді оқу-жаттығуды табысты аяқтауымен, сондай-ақ, алдағы Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні мерекелерімен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі.

- Қарулы Күштердің басты міндеті – Тәуелсіздік пен ел аумағының тұтастығын қорғау. Мемлекеттің сенімді қалқаны әрі тірегі саналатын Қазақстан армиясы күшті әрі мобильді. Бүгін сіздер тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің қуатын көрсеттіңіздер. Әскери бөлімшелер кәсіби дағдылары мен жауынгерлік рухын іс жүзінде дәлелдеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы далаға тігілген әскери лагерьге барып, әскер ботқасынан дәм татты, қатардағы сарбаздармен әңгімелесті.

Суреттер "Қазақпарат" сайтынан алынды

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»