Зағипа БАЛИЕВА: "КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗУҒА ӘЗІРМІН"

Уақыты: 08.05.2019
Оқылды: 1671
Бөлім: САЯСАТ

Жастарға қызмет көрсету орталығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Зағипа БАЛИЕВАМЕН кездесу өтті. Жастар жылы аясында ұйымдастырған шара еркін форматта өрбіп, қатысушылар өзара пікір алмасты.

Зағипа Яхянқызы Жетісу жастарының жетістіктеріне көңілі толатынын айтып, әлі де болса атқарылуы тиіс жұмыстарды сөз етті. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Жомарт Қаратас өткен жылы жүзеге асқан игі істерді мысалға келтіріп, биылғы жоспарларымен бөлісті. Әсіресе, жас отбасылардың ажырасуының алдын алу бойынша атқарылған жұмысты тілге тиек етті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты қойылған сауалдарға жауап беріп, ұсыныстардың ескерусіз қалмайтынын жеткізді. "Жастардың ойларын білу үшін осы кездесуге арнайы келдім. Қандай мәселе болмасын шешу үшін көмек қолын созуға әзірмін. Осы елді басқаратын сіздерсіздер, сондықтан, халыққа адал қызмет етуге тиіссіздер", – деген Зағипа Яхянқызы өңірдегі жастар бір-бірімен тәжірибе алмасу керектігін айтып, табиғатты барынша таза ұстауға шақырды.

Қалалық, аудандық жастар ресурстық орталықтарының жетекшілері, жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағалары, полицияға қолдау көрсетуші «Жалын» жасағының мүшелері, жас ақындар мен журналистер, белсенді жастар, еріктілер қатысқан кездесуде жастардың жұмысқа орналасуы, бос уақыттарын тиімді пайдалану, салауатты өмір салтын ұстану туралы да сөз қозғалды.

Жиын соңында барлық қатысушылар естелік суретке түсіп, тарқасты.

Мәулен ӘНЕРБАЙ