Қ.ТОҚАЕВ: "ҚАЗАҚСТАНДА ЖЕМҚОРЛЫҚ ӘДЕТКЕ АЙНАЛЫП КЕТТІ"

Уақыты: 20.05.2019
Оқылды: 1602
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясаты жөнінде селекторлық жиын өтті. Алқалы жиынды жүргізген Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттің іргетасын іштен ірітетін парақорлық, жемқорлық сынды жағымсыз әрекеттерді болдырмауға қатысты өз ойын ортаға салып, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың баяндамасын тыңдады.

– Сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке орасан нұқсан келтіріп қана қоймай, мемлекеттің дамуына әсер етіп, қоғамның негізгі ұстындарын іштен ірітеді. Парақорлық біртіндеп ұлттық мәдениет пен дүниетанымның бір бөлшегіне айналып барады, – деген Президент жемқорлықтың зардабын жан-жақты таныстырды. – Жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде, тіпті, әрбір елде бар құбылыс деуге болады. Осы келеңсіз үрдіске биліктің төтеп бере алатындығы немесе тыйым сала алатындығы өзекті мәселе болып отыр. Жасыратын ештеңе жоқ, Қазақстанда жемқорлық, нақты айтқанда, пара беру, пара алу әдетке айналып кетті. Жыл сайын елімізде орташа есеппен 2 мыңнан астам жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркеліп, мыңнан астам адам жауапқа тартылады. Бұл - өте қауіпті ауру. Батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел. Осы ауруды шұғыл түрде емдемесек кеш болуы мүмкін. Жемқорлықтың кесірінен алып империялар мен мемлекеттердің құлағанын тарихтан жақсы білеміз. Оған өзіміз де куә болдық. Жемқорлық – өте қауіпті үрдіс. Сондықтан, оның тамырына балта шауып, түбегейлі жою қажет. Бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп жұмыс істеуіміз керек.

Осылай деген Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың санасына әбден сіңісіп кеткен парақорлық, жемқорлық ұғымдарын түбегейлі жою керектігін алға тартып, ол үшін қажетті тетік – қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелердің жұмысын жандандыру қажеттігін ескертті.

Мемлекет қазынасы талан-таражға түспеуі керек. Аты-жөні әйгілі тұлғалардың парамен ұсталғандығы жайында ақпараттар жиі таралатын болды. Соңғы үш жылдың ішінде 900-ден астам адам қаржыны жымқырғаны үшін жауапқа  тартылған. Соның кесірінен халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, тұрмыс деңгейі төмендеп кеткен. Әсіресе, ауызсу мен жергілікті жолдардың сапасы сын көтермейді, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы тоқыраған.

Президент қоғамның жегіқұрты саналатын парақорлықпен күреске барша жұрттың жұмылуы қажеттігіне, азаматтардың санасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұғым бала күнінен сіңірілуі керектігіне, қоғамдық бақылауды күшейтуге, мемлекеттік шешімдер қабылдаудың ашықтығына, аса маңызды мәселелерді талқылауға Парламенттің, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуын қамтамасыз етуге ерекше тоқталды. Одан бөлек, биліктің барлық деңгейінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуге үкіметтік емес ұйымдарды қатыстыруды, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл институттарын күшейтуді Үкіметке тапсырды.

Бұдан соң тақырыпқа байланысты баяндама жасау үшін мінберге шыққан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев еліміздегі жағдайды таныстырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты нақты ұсыныс берді. Оның айтуынша, парақорлық пен жемқорлықтың тамырына балта шабу үшін нақты шаралар қолданып, қоғамның барлық салаларын қамтитын бағдарламалар жүзеге асырылуы керек.

Тақырыпқа байланысты, онда да өңірлердегі ауызсу, жол мәселесіне қатысты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев кезекпен жауап беріп, өз аймақтарындағы жағдайды баяндады. Селекторлық жиында қаралған мәселелерге байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, Ауылшаруашылық министрі, Қаржы министрі жауап беріп, өз пікірлерін жеткізді.

Алқалы жиынды қорытындылаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі әкімдер мен басқарма, департамент басшыларының орынбасарлары мен қызметкерлері парақорлық, жемқорлық дерегімен жауапқа тартылған жағдайда мемлекеттік қызметтен өз еркімен кететіндігін ескертті.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды