Дос КӨШІМ: «САЙЛАУҒА ҚҰРАН МЕН КОНСТИТУЦИЯ АЛЫП КІРІҢІЗДЕРШІ»

Уақыты: 23.05.2019
Оқылды: 1833
Бөлім: САЯСАТ

Белгілі саясаттанушы, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, ҚР Азаматтық альянсінің вице-президенті Дос КӨШІМ Талдықорған қаласында Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, қоғам белсенділерімен кездесіп, 9 маусым – кезектен тыс Президент сайлауы кезіндегі бақылаушылардың құқықтары мен міндеттерін түсіндірді. Семинар-тренингте саясаттанушы сайлауды бақылаушыларға: "Мысалы, таңғы сағат 6:00-де сайлау учаскесінің ғимараты ашылғанда әрқайсыңыз Құран мен Конституцияны алып кіріңіздерші. Қызық ретінде. Сосын сайлау комиссиясының мүшелері қолдарын қойып, адал қызмет етуге сөз берсін", – деді.

Бұл сөзді айтудағы себебін Дос Көшім Сайлау туралы Заңға өзгерістер күнделікті өмірдегі үдеріс кезінде кеткен кемшіліктерді ескере отырып енгізілуімен байланыстырды. Мәселен, сайлау жәшігін тасымалдау кезінде көлікте бақылаушының бірге отыруы, бейнежазбаға, фотоға түсіруге рұқсаттың берілуі секілді өзгерістер бұрынғы заңда қарастырылмаған. Ал қазір бақылаушыға да, сайлау комиссиясының мүшелеріне де өзіндік міндеттемелер бекітілген. Барлығы сайлаудың әділ өтуі үшін жұмыс істейді. Сонымен бірге, Құран мен Конституцияға қол қойып, ант беру де сайлаудың әділ өтуіне ықпал етпек. Дос Көшімнің айтуынша, Шымкент өңіріндегі сайлау учаскесінде ауыл ақсақалы бата беру арқылы сайлаудың әділ әрі ашық болуын қамтамасыз еткен. Болашақта бұл бастаманы сайлау кезінде заң жүзінде қолдану жағы ескерілуі тиіс. Әр бақылаушы сайлау аяқталғаннан кейін өз идеясымен бөлісуге, жазуға, заңды бұдан әрі жетілдіруге қатысты пікірін білдіруге құқылы. Осыған орай Дос Көшім де өз ойын айтып, Сайлау туралы Заңды цифрландыруға қатысты тағы да қарау қажеттігін алға тартты.

Отыздан аса адамды қамтыған семинар-тренингте Дос Көшім бақылаушылардың тіркелуі, құқықтары мен міндеттері, жәшікті ашар алдындағы ескеретін дүниелерді, жарамсыз бюллетеньдер, заңбұзушылық кезіндегі іс-әрекеттер, дауысты санау кезінде қадағалайтын басты мәселелерді жан-жақты айтып берді. Жекелей тоқталсақ, кандидаттар қаншалықты тең мүмкіндікке ие болды, оларға басылым беттерінде бірдей орын бөлінді ме, сайлау комиссиясының мүшелері тек тақ саннан тұратындығы, кабина ішіне үгіт-насихат қағаздарын қоймау, АКТ жазудың ережелері, дауысты қайта санатудың мәселелері жайлы маңызды мәліметтер ұсынылды.

Дос Көшімнің айтуынша, сайлау үдерісін бақылаудың бірнеше түрі бар. Мәселен, үміткерге неше әйел, қай жастағы адамдар көбірек дауыс бергенін де анықтап, әлеуметтік зерттеулер жүргізуге болады. Бұл әдісті америкалықтар экзит-пол деп атайды. Сондай-ақ, сайлау кезінде кейбір дауыс берушілер кабинаның ішіне қоқыс тастайды. Әсіресе, үміткерлердің үгіт-насихаты бар қағаздарды қоқыс ретінде қойып кетуі мүмкін. Ал бұл келесі кірген адамның өз еркімен таңдау жасауына әсер етуі ғажап емес. Бұдан бөлек, сайлау комиссиясы мүшелерінің үштен екісі жиналмаса, учаске ашылмайды. Үйден дауыс берудің де заңдылықтары бар. Бақылаушы бұған да бастан-аяқ қатысып, әділдігін қамтамасыз ете алады.

Семинар-тренингте сайлау құқығы жайлы да сөз болды. Мысалы, мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-та тұрғындардың тең жартысына сайлау құқығы берілмеген. Ал Қазақстанда 18 жасқа толған азамат сайлауға қатысуға құқылы. АҚШ-та сайлауға тек саяси сауаты бар, мемлекет басшылығына бей-жай қарамайтын, белгілі бір ұйымның өкілі саналатын азамат қана қатысады. Сондай-ақ, электронды дауыс берудің артықшылығы мен кемшілігі, оның Қазақстанда біршама уақыт қолданылып, қайтадан алынып тасталуы, бұл мәселенің әлем елдеріндегі сайлау комиссияларының өкілдері, төрағалары бас қосқан жиында көтерілгені жайында әңгіме өрбіді.

Сайлау кезіндегі заңбұзушылықтарға қатысты Қазақстанда төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Қазірше мұндай келеңсіз оқиға Қазақстанда бірде-бір рет тіркелмепті. Семинарда Дос Көшім ауылды жерлерде халықтың дауысын ұрлап, онысын кейін өзеуреп айтып жүретін лауазымды адамдарды елден аластап, қатаң жазаға тарту керек деген пікірін білдірді. Саясаткердің айтуынша, мемлекетке опасыздық жасаған мұндай адамдар қандай жазаға болсын лайықты.

Биылғы жылдың 9 маусым күні республика көлемінде сайлау учаскелері таңғы сағат 6:00-де ашылады. Сағат 7:00-де дауыс берушілерді қабылдай бастайды. Кешкі сағат 20:00-де жабылады. Барлығы 12 сағаттың ішінде дауыс саналып бітуі тиіс. Бақылаушылар сайлаудың әділ өтуіне атсалысуы тиіс. Дос Көшім биылғы сайлаудың әділ өтуіне Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі кепілдік беріп отырғанын, сондықтан күдік-күмән келтірудің қажеті жоқтығын сөз етті. Саясаткер биыл бақылаушы да көп болады деген болжамын айтты.

Саясаткер семинарда осындай мәліметтерді мысалға келтіріп, Қазақстан Президенттігіне үміткер ретінде тіркелуге қойылатын талаптар жайында айтты. Дос Көшімнің сөзінше, үміткерге қойылатын мемлекеттік қызметте бес жыл жүруі, жоғары білімінің болуы, 40 жастан асуы, Қазақстанда кемінде 15 жыл тұруы секілді талаптар өзгертуді қажет етеді. Бұған қатысты ол шет мемлекеттерден нақты мысалдар келтірді. Бұдан бөлек, сайлау комиссиясының мүшелері бюджет қызметкерлері болмаса деген тың ұсынысын ортаға салды.

Талдықорғандағы семинар-тренинг жуырда ашылған "Social Center" әлеуметтік қолдау орталығында өткізілді. Шара барысында қатысушылар тарапынан сайлау төңірегінде бірнеше сауал қойылды.

Айта кетейік, Алматы облысындағы семинар-тренингке «Демократияны тарату орталығы» қоғамдық бірлестігі мұрындық болды. Бұл жоба АҚШ-тың «ЮСАЙД» агенттігінің қолдауымен Қазақстан Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығының гранты есебінде жүзеге асуда. Сондай-ақ, Қазақстанның Азаматтық альянсі көмек беруде. Жобаның мақсаты – сайлауға деген халықтың сенімін арттырып, Үкіметтік емес ұйымдардың өзара байланысын нығайту, бақылауға ынталы топтарды оқыту, жергілікті тренерлерді дайындау.

Қуаныш ТҰНҒАТАР