ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: 800 КӘСІПКЕРДЕН ШАҒЫМ ТҮСКЕН

Уақыты: 24.05.2019
Оқылды: 1577
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Республикасының Президенттігіне «Ақ жол» партиясының атынан кандидаттығын ұсынған үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды штабы Қарағанды қаласында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Азат Перуашев жетекшілік жасаған жылжымалы насихат тобының жиналысына Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Барлыбаев, «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары Дмитрий Васильев және штабтың өзге де мүшелері қатысып, Қарағанды кәсіпкерлеріне Дания Еспаеваның бағдарламасын таныстырды.

Жиын аясында сайлаушыларға үгіт-насихат материалдары таратылып, Президентікке кандидаттың қазақстандық өндірісті қолдауға қатысты ұсыныстары – баршаға қолжетімді несие, салық мөлшерлемесін төмендету, әділ бәсекелестікке қажетті мүмкіндік қарастыру сынды шарттары жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ, үгіт-насихат шарасына қатысушылардың көкірегін тербеген мәселелердің жауабы беріліп, аса маңызды тақырыптар – осы өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері айтқан түйінді мәселелер есепке алынды. Атап айтқанда, былтыр «Ақ жол» партиясының облыстық филиалына 800 кәсіпкерден шағым түскен.

Оның қатарында мемлекеттік органдар тарапынан жасалған әкімшілік қысым, заңсыз тексерістер және кәсіпкерлердің құқын бұзуы сынды деректер бар. Осындай мәліметтерді жинақтаған партия өкілдері парламенттік фракцияға ұсыныс беретіндерін жеткізді.

«Ақ жол» партиясының атынан ҚР Президенттігіне үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды бағдарламасы Қарағанды құбыр-механикалық зауытының ұжымына да таныстырылды. Өндірістік нарыққа 25 жылдан аса қызмет ұсынып келген зауыт негізінен еліміздегі жылу электр стансыларын жөндеумен, қызмет көрсетумен және қосалқы бөлшектерін дайындаумен айналысады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Қарағанды облысы