ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: Қ.ТОҚАЕВТЫ ҚУАТТЫ ЕЛДЕР ДЕ ҚОЛДАЙДЫ

Уақыты: 27.05.2019
Оқылды: 1912
Бөлім: САЯСАТ

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ғима­ратында ҚР Президенттігіне кандидат Қ.Тоқаевтың об­лыстық қоғамдық штабының мүшелері Жетісу жерінің белгілі ақын-жазушылары, өнер қайраткерлерімен кез­десу өткізді.

Алғашқы болып баяндама жа­саған «Nur Otan» партиясы облыс­тық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық штабтың жетекшісі Ғалиасқар Сарыбаев Пре­зиденттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, ондағы басымдықтарды жан-жақты атап өтті.

– Біз өз кезегімізде дұрыс таңдау жасауымыз керек. Ел қолдап отырған, әлем мойындап отырған саясаткер­ді таңдауымыз қажет. Бұл тұрғыда лайықты жалғыз кандидат, әрине, Елбасымыз ел болашағын сеніп тап­сырған Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол ел келешегін кемелдендіріп, жерімізді гүлдендіріп, экономикамызды дамытып, қиюы кеткен істерді қалпына келтіреді деп сенемін, – деді өз сөзінде Ғалиасқар Төлендіұлы.

Облыстық қоғамдық штабтың мү­шесі, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Жанәділов:

– Бүгінде экономикамыз күннен-күнге жақсаруда. Жаһандық даму зы­мыран жылдамдықпен алға басып ке­леді. Осындай кезеңде тәжірибесі мол, саясат сахнасында беделі бар, дипломат, бірнеше тілді меңгерген Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тұтқасын ұстағаны дұрыс шешім. Облыстық штабтың мүшесі ре­тінде аудан, ауылдарды аралап жүріп, халықтың «Nur Otan» партиясы ұсын­ған кандидат туралы жылы пікірлерін естіп жүрмін. Бәріңізді Қасым-Жомарт Кемелұлына дауыс беруге шақырамын! – десе, Қазақстан Журналистер одағы­ның мүшесі Нұрила Бектемірова:

– Қай тұрғыдан алып қарасаңыз да ел басқаруға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы келеді. Кез келген қа­зақстандық лайықты жалғыз кандидат екенін түсінуі керек. Елбасымыз ұсын­ған азамат ел ішіне ғана емес, алыс-жа­қын шетелдерге де есімі белгілі саясат­кер, – деп сөзін түйді.

Өз кезегінде Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін:

– Әлемнің алдыңғы қатарлы елде­рі Қасым-Жомарт Кемелұлына жоға­ры баға беріп, ол туралы жылы пікір білдіріп жатыр. Ол біздің мақтанышы­мыз. Қуатты елдер қолдап жатқанда қазақстандықтар да қолдайды деген се­німдемін, – деді.

Кездесуде Қазақстан халқы Ас­самблеясының мүшесі, еңбек ардагері Оралбек Жақиянов пен Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жангелді Не­меребаев сөз сөйлеп, «Nur Otan» пар­тиясы ұсынған кандидаттың көзқара­сын, ұстанымын қолдайтындықтарын жеткізді.

Жиын соңында елімізге танымал ақ­сақал Әлімғазы Райымбеков бата беріп, Сүйінбай атындағы облыстық филармо­нияның әншісі Бақберген Асқарбеков «Nur Otan» партиясына арналған әнді шырқады

Серік ҚАНТАЙ