ЖЕТІ КАНДИДАТ: КЕЗДЕСУ ЖАЛҒАСУДА

Уақыты: 29.05.2019
Оқылды: 1280
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының атынан ҚР Президенттігіне кандидат Жамбыл АХМЕТБЕКОВТІҢ Жамбыл облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Ж.Нұрәлиев Талас ауданының Қаратау кентінде сайлаушылармен және еңбек ұжымдарымен кездесті.

Өз сөзінде ҚКХП-ның интернационализм мен әлеуметтік әділдік сияқты басты ұстанымдарына тоқталған сенімді өкіл қоғамның дамуы әртүрлі ұлт өкілдерінің арасындағы татулық пен келісімге байланысты екендігін және ҚКХП-ның қашанда интернационализм ұстанымынан таймайтынын жеткізді. «Адал еңбек қоғам мүддесі үшін!» деп аталатын сайлауалды тұғырнаманы таныстырған соң Қазақстанның салық жүйесіне тоқталып өтті. Ел болашағы алдында мемлекет пен азаматтардың жауапкершілігі жоғары екендігін атап өткен Нұрәлиевке сайлаушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Сауалдар негізінен жұмыссыздыққа, төмен жалақыға, ауызсу мәселесіне қатысты болды.

«Ақ жол» партиясының үкілеген үміткері Дания ЕСПАЕВАНЫҢ Солтүстік Қазақстан облысында өткен үгіт-насихат кездесулеріне «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ еңбек ұжымы қатысып, кандидаттың сайлауалды тұғырнамасымен танысты. Мұнай-газ, қорғаныс және энергетика салаларына қажетті құрылғылар шығаратын кәсіпорын бүгінгі күні мұнай, теміржол компанияларына арнап 100-ден астам тауар түрін шығарады. Осыған орай отандық өнімді қолдау сайлауалды бағдарламасының басты тетігі екендігін ерекше атаған Дания Еспаеваның ұсынысы кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапты. Бағдарламасында сатып алу жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстар барлығын алға тартқан кандидат зауыт қызметкерлері қойған сауалдарға толдық жауап берді.

ҚР Президенттігіне үміткер Әміржан ҚОСАНОВТЫ қолдауға бағытталған кезекті үгіт-насихат іс-шаралары Атырау облысында өтті. Кандидаттың сенімді өкілдері «Ақжелкен» ЖШС жұмысшыларымен кездесу өткізіп, жиынға қатысқандарға сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды. Кездесуді ашып, жүргізіп отырған Атырау облыстық сайлауалды штабының басшысы Утебаев Ғалымжан Қосанов тұғырнамасындағы қамтылған тақырыптар жөнінде әңгіме өрбітіп, кандидаттың ұлт болашағы, мемлекеттің өркендеуіне қатысты ойларынан үзінді келтірді. Кездесуге қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, мазалаған сұрақтарын қойды. Өзекті сұрақтарға штаб мүшелері жауап берді.

ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Шымкент қаласында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Қала тұрғындарымен кездескен штаб мүшелері кандидаттың сайлауалды бағдарламасына тоқталып, аталған құжатта білім беру саласын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінгенін айтты. Одан бөлек, Қ.Тоқаевтың қайраткерлік тұлғасына тоқталған штаб мүшелері кандидаттың тәжірибелі саясаткер екенін айтты. Одан соң «TeamQazaqstan» атты форумына қатысқан Қ.Тоқаевтың сенімді өкілдері үш мыңнан астам жастың басын қосқан іс-шарада белгілі өнер, спорт және мәдениет жұлдыздарының пікірлерін тыңдады.

Президенттікке үміткер Сәдібек ТҮГЕЛДІҢ сенімді өкілі журналист Ғалия Балтабай Павлодар жұртшылығымен кездесті. Кандидаттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Павлодар қаласындағы Бұқар жырау атындағы мұражайда өткен жиында сенімді өкіл кездесуге жиналған көпшілікке Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Жиын аясында «Сағым жылдар» ансамблі өнер көрсетіп, көпшіліктің ризашылығын алса, ансамбльдің батагөй әжесі, бата беруден өткен республикалық конкурстың жеңімпазы Бақытжамал Елеукенова үміткерге бата беріп, ақжол тіледі.

Президенттікке кандидат Аманкелді ТАСПИХОВТЫҢ Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Б.Нұрымбетов, Е.Каппель және аймақтық штаб жетекшісі М.Төлепберген Тараз қаласындағы «Казфосфат» ЖШС филиалының еңбеккерлерімен кездесіп, үгіт-насихат жиынын өткізді. Кәсіподақтар федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында сөз сөйлеген Б.Нұрымбетов Президенттікке кандидаттың өмірбаянын айта келе, сайлауалды тұғырнамасының ерекшелігіне тоқталды. Сондай-ақ, кәсіпорындағы ұжымдық шарттың шешімін таба алмай отырған тұстары да әңгіме болды.

ҚР Президенттігіне «Ауыл» партиясының атынан ұсынылған кандидат Төлеутай РАҚЫМБЕКОВТІҢ сенімді өкілдері Ақтөбе қаласында өткізген сайлауалды үгіт-насихат кездесуінде өзекті мәселелерді кеңінен талқылады. Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбековтің өзі еліміздің басқа аймақтарындағы кездесулерін жалғастырып жатыр. Жуырда ғана Орал маңындағы шаруа қожалықтарын аралап, сайлауалды бағдарламасын таныстырған ол батыстағы басқа өңірлерге де ат басын бұрады деген ақпарат бар.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ