ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: АҚЫНДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 04.06.2019
Оқылды: 1448
Бөлім: САЯСАТ

Павлодар қаласында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген ҚР Президенттігіне «Ақ жол» партиясының атынан үміткер Дания Еспаева «Технопром текс» ЖШС, «Мерусар и К» зауытының, «Қазэнергокабель» АҚ еңбек ұжымымен кездесу өткізіп, өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Одан соң облыстық кітапханада өңір кәсіпкерлері мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерімен кездескен Дания Еспаева сайлауалды штабының жетекшісі Азат Перуашевпен бірге сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Дания Еспаеваның штабы байдарка және каноэда ескек есуден Орал ашық біріншілігін өткізді. Турнирге Қазақстанның әр қалаларынан қатысқан 120-дан астам адам жоғары нәтиже көрсетіп, әртүрлі марапатқа ие болды.

Атырау облысының еңбек ұжымдарымен кездесу өткізген Амангелді Таспихов мұнай-газ саласындағы еңбек қауіпсіздігі жайлы әңгіме қозғап, қатардағы жұмыскер мен басшылық жалақысындағы айырмашылықты қысқартудың маңызы туралы мәселе көтерді. Былтыр Атырау облысындағы өндірісте 17 тосын оқиға орын алып, жұмыскерлер зардап шеккен. Амангелді Таспиховтың Алматы облыстық штабы «Келешек» жастар кеңесімен бірге «Жігер» атты мүгедектердің қоғамдық бірлестігіне барып, сайлауалды тұғырнаманың негізгі бағдарларын түсіндірсе, Шымкент қалалық штабының өкілдері тұрғындарға үгіт-насихат құралдарын таратты.

Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесу өткізген ҚР Президенттігіне кандидат Төлеутай Рақымбеков аймаққа тән мәселелерді көтеріп, оны шешудің жолдарын ұсынды. Ауылдарда жылыжайларды көптеп салуды ұсыныс ретінде алға тартқан үміткер шұбат өндірісінен табысты арттыруға болатынын ескертті. Бүгінгі өзекті мәселенің бірі – жұмыссыздыққа қатысты ойын ашық жеткізген Төлеутай Рақымбеков өңірде ауылшаруашылығы дамуы тиіс екендігін әңгімеледі. Жиында жас отбасыларды баспанамен қамту, инфрақұрылымды дамыту және жастар саясатына қатысты мәселелер кеңінен талқыланды. Осы кезде ҚР Президенттігіне үміткер Төлеутай Рахымбековтың сайлауалды штабы Түркістан облысында поэзия кешін ұйымдастырып, жергілікті ақындарға қолдау көрсетті. Өңір белсенділері, ақындар, әншілер қатысқан кеш барысында ұйымдастырушылар «Ауыл» партиясы атынан сайлауға түсіп отырған үміткердің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, өлең оқыған ақындарды марапаттады.

ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасының басты бағыты – ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау. Осыған орай кандидаттың Түркістан облысындағы сенімді өкілдері қасиетті орындарды аралап, түркі әлемінің алтын бесігі саналатын мекеннің маңыздылығын жұртшылыққа ұғындырды. Жыл сайын мыңдаған адам келетін қасиетті шаһардағы кесенелерге арнайы барып, тәу еткен сенімді өкіл Әзиз Әнетов:

– Халықтың тағдырына бейжай қарамайтын Сәдібек Түгел нағыз патриот! Ана тілінің, ұлттық спорттың, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің дамуы үшін ондаған жыл бойы өз ұстанымын ашық білдірген ол ғасырлардан бастау алатын құндылықтарымызды жандандыруды көздейді, – деп үгіт-насихат жұмысы аясында спортшылардың қатысуымен «Киелі жерлерге тағзым» атты автошеру ұйымдастырылғанын жеткізді.

ҚР Президенттігіне үміткер Әміржан Қосановтың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Солтүстік Қазақстанда жалғасуда. Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесу өткізген облыстық штаб басшысы Зағыпар Аманжол жиынға қатысушыларға Әміржан Қосановтың өмірбаяны мен Президенттікке үміткердің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын таныстырып, қойылған өзекті сұрақтарға жауап берді.

Қазақстан Коммунистік халық партиясы атынан ҚР Президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбеков 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Талдықорғанда өткен әуе шарларын ұшыру шарасына қатысса, Көкшетау қаласында сайлауалды штабтың ұйымдастыруымен, әншілер мен партия комитеті белсенділерінің қатысуымен флешмоб өткізілді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ