ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: ЖЕР ИГЕРУ МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ

Уақыты: 06.06.2019
Оқылды: 1371
Бөлім: САЯСАТ

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан ҚР Президенттігіне үміткер Төлеутай Рахымбеков Алматы қаласындағы ғылыми-зерттеу институттарының мамандарымен кездесу өткізіп, халқымыздың алтын бесігі – ауылды жерлердің өркендеуіне қатысты ойларын жеткізді.

Ауылшаруашылық саласының барлық бағыттарына арналған сайлауалды бағдарламасын таныстырған кандидат еліміздің азық-түліктік қауіпсіздігін нығайтудың тиімділігі мен отандық өнімді импортқа шығарудың пайдасы жайындағы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, мұндағы мамандардың әлеуметтік жағдайын сұрап білген үміткер жерді күтіп, баптап пайдаланудың тиімділігін мәселе ретінде көтерді. Отандық білім мен ғылымның, өндірістің дамуын жеделдетудің жолдары қарастырылған жиынға қатысқан Өмірбек Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия институтының ұстаздары өздерін толғандырған сұрақтарға лайықты жауап алды.

«Ақ жол» партиясынан президенттікке үміткер Дания Еспаеваның штабы «Алашқа тағзым» акциясын өткізіп, Ақмола облысында орналасқан «АЛЖИР» мемориалды кешені мен аштық құрбандары ескерткішінің алдында тағзым жасады. «Ақ жол» партиясының басшылығы, депутаттар, үміткердің сенімді өкілдері қатысқан шара кеңестік идеологияның құрбанына айналған жандардың рухына Құран бағыштады. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған акция аясында «АЛЖИР» лагерінде азапталған 18 мыңнан астам әйелдің тағдыры әңгімеленіп, ауыр азаптан көз жұмған жандардың рухына арнап гүл шоқтары қойылды.

ҚР Президенттігіне Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының атынан кандидат Жамбыл Ахметбеков Семей қаласының тұрғындарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, кедейлікпен күресуге арналған жоспары толық жүзеге асқанда қоғамдағы мұқтаж жандар мүлде болмайды. Осыған орай кездесуге қатысқан жұртшылық жалақы көлемін арттыру, еңбек жағдайын жақсарту, медициналық қызметпен қамту және баспана беру сынды мәселелерге қатысты көкейді тербеген сауалдарын қойып, жауап алды.

Қазақ халқының мәдени мұрасын сақтауды өзінің сайлауалды бағдарламасына ұстаным ретінде алған ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел Атырау қаласында сайлаушылармен кездесу өткізіп, халқымыздың ұлттық құндылықтарын сақтаудағы ұстанымын таныстырды. Сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген басты міндеттерге ерекше тоқталған кандидаттың сенімді өкілдері Ынтымақ Құлтасов, Клим Губашев, Асан Қарамоншақовтар кездесуде сөз алып, үміткер бағдарламасындағы ел болашағын айқындауға қажетті басым бағыттар жайында әңгімелеп берді. Кездесу аясында «Ұлттық құндылықтарды ұлықтаймыз» атты қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылып, домбырашы Тұрлан Бисембаев, суретшілер Лаура Тілекбай мен Мұрат Ерғалиевтар шеберлік сабағын өткізді.

ҚР Президенттігіне үміткер Әміржан Қосановтың сайлауалды штабтары үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Кандидаттың сенімді өкілдері Ақтөбе қаласында сайлаушылармен кездесу өткізіп, кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Кездесуді ашып, жүргізіп отырған Ақтөбе облыстық сайлауалды штабының басшысы Айтқали Италиев тұғырнаманың негізгі бағыттарын таныстырып, көпшіліктің көкейін тербеген мәселелерді талқыға салды. Кездесуде пікір білдіріп, өзекті сұрақтар қойған жергілікті тұрғындарға штаб мүшелері жауап берді.

Еліміздегі өндіріс орындарындағы қауіпсіздік ережелерінің дұрыс сақталмауы адам өміріне зиянды екендігін көпшілікке жеткізуге күш салған ҚР Президенттігіне кәсіподақтар қауымдастығының атынан кандидат Аманкелді Таспиховтың сенімді өкілдері Қызылорда қаласында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Балаларды қорғау күніне орай кешкі серуенге шыққан қала тұрғындарына үгіт-насихат парақшараларын таратқан белсенді жастар Аманкелді Таспиховтың сайлауалды бағдарламасы туралы үнпарақтар таратып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ