ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: КУРСАНТТАР ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

Уақыты: 09.06.2019
Оқылды: 1075
Бөлім: САЯСАТ

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары алғашқылардың қатарында Қазақстан Республикасының Президентін сайлауға қатысып, өз дауыстарын беріп үлгерді. Әскери оқу орнының аумағында курсанттар таңғы сағат 7-ден бастап сайлау құқықтарын пайдалана отырып, ел президенттігіне үміткерлердің біріне таңдау жасады.

"Президенттік сайлау – еліміз үшін маңызды қадам. Жаңа Президент жаңа бастама, тың серпін әкелетініне сенімім мол. Болашақ офицер ретінде жаңадан сайланатын Мемлекет басшысына ақтық деміміз қалғанша қызмет етеміз деп ант етемін", - деді курсант Қанат Дастан.

Әскери институттың тұрақты құрамы мен олардың отбасы мүшелері де конституциялық құқықтарының негізінде сайлауға қатысты. Аталмыш әскер институттан жалпы сайлау учаскелеріне 1500-ден астам адам келмек. "Дауыс беру Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес ұйымдасқан түрде өткізіліп жатыр. Жеке құрамның барлығы сайлауға белсенді түрде қатысуда", – деп атап өтті Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков.

Атап өтейік, сайлауға дайындық барысында институттың ақпарат тақтасына ҚР президенттігіне үміткерлер туралы мәліметтер орналастырылды.

РЭжБӘИИ баспасөз қызметі

Фото - Е.ӘЛІБАЕВ