ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: АУДАН ӘКІМІ ДАУЫС БЕРДІ

Уақыты: 09.06.2019
Оқылды: 1588
Бөлім: САЯСАТ

Бүгін таң бозымен таласа күллі Қазақстан халқы мемлекет болашағы үшін ең маңызды шешім болып табылатын Президент сайлауына асықты. Тағдыршешті сәтте дауыс беруге алғашқылардың бірі болып Алакөл ауданының әкімі Әлібек ЖАҚАНБАЕВ келді.

Арнайы тіркеу рәсімінен өткеннен кейін дауыс берушілерге: «Өз таңдауларыңызды жасаңыздар. Сіздердің бүгінгі шешімдеріңіз ел болашағын қалыптастыруда өте маңызды», - деп өз бюллетенін сайлау жәшігіне салды.

Бір айта кетерлігі, аса белсенділік танытып, дауыс беруге ұжыммен ұйымдаса келген мекеме Алакөл аудандық орталық ауруханасы болды. Шипалы қолдарымен шуақ сыйлар ақ желеңді абзал жандар ел тізгінін ұстар тұлғаны таңдауда барлығымыздың да атсалысуымыз азаматтық борышымыз деді.

Аурухана директоры Асхат Бутабаев: «Бұл сайлауға барлық дәрігерлер бірауыздан қатысып, өзіміздің белсенділігімізді және келешекке деген сенімімізді көрсетуді көздедік. Сондықтан, арнайы уақыт белгілеп, денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жатқан мыңға жуық азамат сайлауға келдік. Себебі Президентті таңдауда әр тұрғынның пікірі мен дауысы маңызды. Ал денсаулық сақшылары бұл тағдыршешті таңдауға немқұрайлы қарамай, өздерінің конституцялық құқықтарының негізінде дауыс берді. Мұнда тек Үшарал қаласындағы дәрігерлер ғана емес, барлық 24 округтегі медицина қызметкерлі де қалыс қалмады. Жаңа Мемлекет басшысы бізді тың өзгерістерге, жаңа бастамаларға жетелейді деген сенімдеміз. Елбасы көздеген дамыған 30 елдің қатарына қосылу жаңа Президенттің ел басқарған уақытына бұйырсын», - деп келешекке сенімін білдірді.

Жасы жетпіске таяған кейуана, құт ұйыған құрсағына тоғыз баланы дарытқан «Алтын алқа» төсбелгісі мен «Полиция қызметкерінің анасы» медалінің иегері Бақытжан Оразгелдіқызы: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған кандидатқа дауысымды беремін. Талай жыл бойы ел басқарған Тұңғыш Президентіміздің таңдауы дұрыс деп ойлаймын. Ол кісі үміт артқан Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды баянды болашаққа қарай жетелейтініне сенімдімін»,- деді. Айта кетейік, бұл - дауыс беру бюллетенінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі жоқ алғашқы сайлау.

Сайлау барысында осыдан 1-2 ай бұрын тұрғылықты жерін ауыстырып, өзге аудан, қалалардан көшіп келген кейбір азаматтардың сайлау учаскілері бұрынғы тіркеу орындарымен тұрғаны анықталды. Бұл олқылықтың орны дереу жойылып, комиссия мүшелері сұраныс жіберу арқылы лезде саулай учаскесін жаңа тіркеу орнына ауыстырып, дауыс беру процесінің тежелуін болдырмады.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Фото - автор

Алакөл ауданы