ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: ҚАЙШЫ ӘРЕКЕТ БАЙҚАЛМАДЫ

Уақыты: 09.06.2019
Оқылды: 1076
Бөлім: САЯСАТ

Іле ауданында барлығы 81 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде ең үлкен Байсерке ауылдық округіне қарасты 16 сайлау учаскесінде барлығы 28447 тұрғын дауыс бере алады. Олардың 129-ының мүмкіндігі шектеулі. Барлығы 39 мүмкіндігі шектеулі жанға жергілікті учаскелік полиция қызметкерлері үйлеріне барып таңдау жасатады.

№28 мектеп-гимназиясында орналасқан №370 сайлау учаскесіне таңнан бері тұрғындар толассыз ағылуда. Сайлаушылардың қатарында жастар да, үлкен кісілер де бар. 82 жастағы ауыл тұрғыны Әшім Жанпейісов:

«Сайлауға дауыс беру үшін таңнан ерте тұрып, дайындықпен келдім. Бұл әрбір қазақстандық үшін маңызды шаруа. "Сайлау менсіз де өтеді" дейтіндерге түсінбеймін. Осы мемлекетте тұрып жатырсың ба, суын ішіп, жерін басып жүрсің бе, азаматтық таңдауыңды жасап, қызмет қыл. Ертеңін ойламайтын енжарлардың сөзі жаңағы. Олардың сылтауы да, даттауы да көп болады. Қазір заман басқа. Көзі ашықтардың заманы. Ешкім ешкімді әурелемейді. Мен өзімнің таңдауымды жасадым. Басқаларға да осындай кеңес берем",- деді.

Вин Чин ЛИ халықаралық бақылаушы: "Мен Шанxай Ынтымақтастық Ұйымынан келген өкілдер қатарында Алматы облысына қарасты Іле ауданындағы сайлау учаскелеріне арнайы келіп отырмын. Менің жанымда Қырғызстан, Өзбекстан елінен келген тәуелсіз бақылаушылар бар. Байсерке ауылында алдымен №24 лицейінде, содан соң №28 мектеп-гимназиясында, №12 орта мектептегі сайлау учаскелерінде болдым. Мұнда сайлау процесіне қайшы іс-әрекеттер байқалмады. Бәрі қалыпты жағдайда өтуде. Тұрғындар мәдениетпен бюллетеньдерін толтырып, кабиналарда кезекпен дауыс беруде. Қазақстандағы осы реткі сайлау науқаны көңілімнен шығып жатыр", - деп пікірін білдірді.

Мақпал МЫСА

Іле ауданы