ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: АТАСЫ ҮШІН ДАУЫС БЕРДІ

Уақыты: 09.06.2019
Оқылды: 998
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлау Еңбекшіқазақ ауданындағы №186 сайлау учаскесінде мезгілінде басталды. Таңғы сағат жетіде сайлаушылар легі Бәйтерек ауылындағы әл-Фараби атындағы орта мектеп ғимаратына орналасқан учаскеге жиналды.

Аталған мектепте екі сайлау учаскесі қатар орналасыпты. Біз жоғарыда сөз еткен №186 сайлау учаскесі мектептің мәжіліс залында орналасқан. Ал №185 сайлау учаскесі болса, келушілерді осы оқу ғимаратының спорт залында қабылдап жатты.

– Сайлау ойдағыдай басталды. Дауыс берушілер белсенділік танытуда. Бәрі Конституциялық құқықтарын пайдалана отырып, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне дауыс беру арқылы ықпал етіп, үлесін қосатындарын жақсы сезінеді, – дейді №186 сайлау учаскесі комиссиясының төрайымы Гүлнар Туаршиева.

Түске қарай халықтың қарасы одан сайын көбейе түсті. Сайлау бюллетендерін қолдарына алған келушілер кабиналарға беттеп, өз таңдауларын жасап, көтеріңкі көңіл-күймен шығып жатыр. Тіпті, немерелерін бірге ертіп келген қариялар да аз болған жоқ. Олар өздері белгілеген бюллетенді сайлау жәшігіне ырым етіп кішкентай бүлдіршіндерінің қолымен салды. Бұл көрініс жарасымдылығымен көргендерді сүйіндірді.

– Ел Президентін сайлау – жауапкершілігі зор тарихи сәт. Біз үй ішімізбен сайлауға қатысып, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін дауыс бердік, – дейді немересін ертіп келген ауыл қариясы Торыбай Тағаймұратов.

Болат МӘЖИТ

Бәйтерек ауылы

Еңбекшіқазақ ауданы