ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАНДЫ

Уақыты: 09.06.2019
Оқылды: 1347
Бөлім: САЯСАТ

Аудан орталығындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте екі сайлау учаскесі орналасқан. Соның бірі - №264 учаскеде 2659 сайлаушы тіркелген. Комиссия төрайымы Ақмарал Қалыбаеваның айтуынша, дауыс берушілер таңертеңнен белсенділік танытуда.

Олардың өз конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына комиссия құрамындағы 11 адам барынша мүмкіндік жасап, тиісті қызмет көрсетуде. Халықаралық ұйымнан бақылаушылар келіп, дауыс беру барысымен танысыпты. Сағат 11 шамасында сайлаушылардың 315-і келіп, өз таңдауын жасады.

Біз осында тәуелсіз бақылаушы Қарлығаш Ақылованы кездестірдік. «Аманат» тәуелсіз платформасының атынан келген ол азаматтардың өз бюллетенін алып, үміткерді жасырын белгілейтін арнайы жабық кабинаға кіріп-шығып, қағазды жәшікке салғанын қатаң қадағалап тұрды.

Жасы 18-ге толып, саяси шараға алғаш қатысқан Нұрай Сүлейменқызын да әңгімеге тарттық:

- Қазақстан-Ресей Медицина университетінің студентімін. Осында әкеммен бірге келдім. Еліміздегі маңызды саяси оқиғаға алғаш рет қатысқандықтан толқыдым. Өз елімнің жарқын болашағынан күтер үмітім үлкен. Сондықтан, өзім қалаған кандидатқа дауысымды бердім. Оның жастарды қолдайтынына, елімізді жаңа биіктерге бастайтынына сенімім кәміл. Егер ол Президент болса, жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандардың жұмысқа орналасуы жеңілдейді деп есептеймін. Дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын, - деді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Ұзынағаш ауылы,

Жамбыл ауданы