Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ АНТ БЕРДІ

Уақыты: 12.06.2019
Оқылды: 3128
Бөлім: САЯСАТ

Көпшіліктің кемел шешімі өрнек салған тағы бір шара тарих қойнауына қонақтады. Бірлігіміз бәдізделген, даналығымыз дәріптелген, парасат пернелері паш етілген тағы бір күн ел шежіресіне алтын әріппен енді. Шартарап көз тіккен ауқымды шараның шымылдығы Нұр-Сұлтан қаласының Тәуелсіздік сарайында түрілді. Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде халықтың 70,96 пайыз дауысын жинаған Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ салтанатты түрде ант беріп, Мемлекеттік Туды сүйді. Ұлықтау рәсімінен кейін Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, халықты мазалап жүрген көкейкесті мәселелерді атап көрсетті. Сондай-ақ, жаңа міндеттерді жария етіп, қоғамның барлық саласында әділдік орнату, жемқорлықты жою, тұрғындар табысын арттыру, жастарға қамқорлық жасау сияқты бірнеше маңызды жоспарымен бөлісті.

Тәуелсіздік сарайында тарихи сәт қарсаңында құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған. Сарай алдында сап түзеген әскерилерден бастап іште отырған әр саланың қызметкерлеріне дейін айшықты шараны асыға күтіп отыр. Толқынысты мезетте минуттар маңғаздана жылжып, секундтар сылбыр соғатындай. Кенет әр қазақтың жүрегіне қонақтаған әйгілі «Үшқоңыр» әнінің әсем әуені шырқала жөнелді. Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құрметпен шақырылды. Келесі сәтте ұлт ұранына айналған «Елім менің» әні құйқылжыды. Кезектен тыс Президент сайлауында айқын басымдықпен жеңіске жеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сарай ішіне салтанатпен кірді.

Ұлықтау рәсімі ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәмидің сөзімен басталды. Ол өз сөзінде Ата Заңымыздың 42-бабына сәйкес жаңа сайланған Президенттің ант беру шарасынан кейін қызметіне кірісетінін мәлімдеді. Тарқата кетейік, негізгі заңның 42-бабы 4 тармақтан тұрады. Оның біріншісінде сайланған Президенттің қалай ант беретіні, мәтіні көрсетілсе, қалған тармақшаларда Ұлықтау рәсіміне кімдердің қатысатыны, ант берудің мерзімі, Тұңғыш Президенттен басқаларының екі реттен артық сайлана алмайтыны жайлы жазылған.

Шарада Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ҚР Конституциясына қолын қойып тұрып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, жүктелген мәртебелі міндетті адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!» – деп ант берді. Конституция талаптарына сәйкес өткізілген рәсімнен кейін жаңа сайланған Президент Мемлекеттік Туды сүйіп, шексіз құрмет көрсетті. Артынша Гимн шырқалып, Ақорда үстіндегі күн рәуішті рәмізіміз – Көк Ту көтерілді. Бірнеше мәрте зеңбірек атылып, Ұлықтау рәсімінің мерекелік лебі есті.

ҚР Конституциясының 42-бабына сәйкес ант беру шарасынан кейін Президент ресми түрде қызметіне кіріседі. Саяси шарада Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев қызметіне енді кіріскен еліміздегі ең жоғарғы лауазымды тұлғаға Президент куәлігін табыстады.

Тарихи шарада сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сенім артқан барша халыққа алғысын айтты.

– Бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. – Саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді. Біз бір ел, бір халық болып, Қазақстанның алдағы даму жолын бірге айқындадық. 9 маусымда Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген әрбір азаматтың пікірі біз үшін өте маңызды. Өйткені, халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз.

Ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы Қазақстанның тәуелсіздігі мен демократиялық іргетасын қалауда ерекше еңбек сіңірген Елбасыға тоқталды. «Ақиқатын айтуымыз керек, бұл сайлауда біздің азаматтарымыз Елбасының стратегиялық бағдарын қолдап дауыс берді. Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның Көк Туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті. Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілек келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар: Елбасы жолын, Стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту. Шын мәнінде, халықтың дәл осындай өтініш-тілек айтуы – заңды, орынды. Себебі, қазіргі дамыған Қазақстан – бұл, ең алдымен, Елбасының арқасы», – деді Президент.

Елбасының тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы бірден-бір тұлға екенін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемдік сын-қатерлерді де айналып өткен жоқ. Әсіресе, іргесі шайқалған мемлекеттерден, тұрақтылығы жойылған елдерден сабақ алатын уақыт жетті. Қазіргі таңда өршіп тұрған сауда соғыстары да халықтың әлеуметтік жағдайына әсер етпей қоймайды. Осындай күрделі де күрмеуі қиын шиеленісті жайттарды атап өткен Республика Президенті Қазақстан халқын мазалайтын негізгі мәселелерді тарқатты.

– Бүгін халықты, ең алдымен, не мазалайды? Ең бірінші, азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды. Әлеуметтік саясаттан бастап  мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуін талап етеді. Халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы халықтың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық – біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар, дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Сондықтан, дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін орта мерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ары қарайғы сөзін экологиялық мәселелермен байланыстырды. Елімізде табиғатқа деген қамқорлық азайып барады. Салдарынан өзен-көлдерге нұқсан келіп, қоршаған ортаның хәлі мүшкіл жағдайға түсті. Сондықтан, тез арада бірыңғай экологиялық саясатты қолға алып, жаңаша серпін беретін кодекс қабылдау қажет.

Өзекті мәселенің тағы бірі – таза ауызсу. Президент сапалы ауызсу әрбір үйде болуы керектігін айтты. Сонымен бірге, жолдың сапасы да мемлекет назарында болады. Осындай бірнеше мәселені атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат, өңірлерді дамыту, сыртқы саясат және жастарға қамқорлық көрсету бағыттары бойынша жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.

Ұлықтау рәсімінде таныстырылған он бағыттың әрқайсысы тұрғындар үшін үлкен маңызға ие. Президент он бағытты жүзеге асыру үшін алдымен экономикалық өсімнің тұрақты болуы керектігін тілге тиек етті. «Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін Экономикалық өсім болуы тиіс. Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттерді айқындаймыз», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы жемқорлықпен күрестің күшейетінін, 1 қыркүйекке дейін бармақ басты, көз қысты әрекетті мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар дайындалатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы сот жүйесін реформалауға ерекше назар аударды. Сот әділдіктің соңғы шегі екенін түсіндірген Президент құқық қорғау жүйесі халықтың сеніміне ие болу үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Әсіресе, судьяларды бағалау және іріктеу жүйесін қатайту керектігін алға тартты. Мемлекет басшысы республика бюджетін қандай бағытқа жұмсау жайына да кеңінен тоқталды. Мұндайда бюджет қаражатын жаңа жұмыс орындарын ашуға бағыттау маңызды. Осылай ой өрбіткен Қ. Тоқаев мемлекет алдында Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұрғанын айтып өтті.

– Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдай жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Баршаға мәлім қағида бар. Ол – қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан. Президенттің айтуынша, азаматтарды толғандырған мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Аймақта қордаланған мәселелерді шешуге тек билік өкілдері ғана емес, сонымен бірге, халық та белсене араласуы қажет. Яғни, болашақта Қазақстанда жергілікті өзін-өзін басқару жүйесі нығайтылады. Мемлекет басшысы биыл екі жыл толған Рухани жаңғыру бағдарламасының да ары қарай жалғасын табатынын мәлімдеді.

– «Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді, – деді Қазақстан Президенті. – Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан, бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет.

Сөзінің соңғы бөлігінде Мемлекет басшысы жастарға қамқорлық көрсету мақсатында Президенттік кадрлық резерв құру туралы бастама көтерді. Бұл жоба мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде жүрген дарынды жастарды қолдауға арналған. Сөз түйінінде Президент: «Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы парызым. Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін», – дей отырып, барша қазақстандықтарға амандық, құт-береке тіледі.

Шара соңынан Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен әскери шеру өтті.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Суреттер "www.akorda.kz" ресми сайтынан алынды

Нұр-Сұлтан қаласы