Амандық БАТАЛОВ: "ЕЛ АЛДЫНДА ЖҮЗІМ АШЫҚ БОЛСА ДЕЙМІН"

Уақыты: 17.06.2019
Оқылды: 994
Бөлім: САЯСАТ

– Амандық Ғаббасұлы, сізбен алғаш кездескенде айтқан бір сөзіңіз есіме түсіп отыр. «Мен қанша жерден әкім болсам да, бірінші кезекте құрылысшымын» деген едіңіз. Қазір аздаған қызметке қолы жетсе, асқақтап кететін замандастарымызды көріп жүрміз. Осы бір айнымас қалыпты қалай сақтап қалуға болады?

– Бұл әке-шешемнің берген тәрбиесінен шығар. 1994 жылы қырыққа толмаған шағымда Алматыдағы Ленин ауданының әкімі болып тағайындалдым. Қуанышыммен бөлісуге бірден әке-шешеме бардым. Әкемнің 84-ке келген кезі еді. Тыста таңғы жаттығуын жасап жүр екен. «Әке, мен әкім болдым», – дедім амандасып жатып. «Үйге бара бер, бара бер», – деді қысқа ғана қайырып. Жүзінен ешқандай да эмоция байқалған жоқ. Анама айтып ем, ол кісі қуанып, мені айналшықтып жүгіріп жүр. Аналар сондай ғой! Әкем асықпай жуынып-шайынып, дастарқан басына келгенде мені қасына отырғызып алды да, батасын берді. «Балам, енді сен әкім болдың. Әкіммін деп әкірейме, таудан асқан аспан бар. Халықтың қамын ойла. Және ашу үстінде асығыс шешім қабылдама. Ол адамдардың тағдырына әсер етеді», – деген еді. Әкемнің осы сөзін жадымнан шығарғаным жоқ, өмір сапарымдағы Темірқазыққа айналды десем де болады.

90-жылдар ел үшін қиын кездер болды. Сол кезде ғылыми атақтың құны 2000 доллар болатын. Маған «сіздің атыңыздан ғылыми еңбек жазып берейін» дегендер болды. Бірден бас тарттым. «Инженер деген атым жетеді» дедім. Өз басым атақтан құр алақан емеспін. «Еңбек сіңірген құрылысшы», «Нағыз халық әкімі» деген атаққа ие болғанмын. Егер де кандидаттық немесе докторлықты қорғаған болсам, ғылыми жұмыспен айналысуым керек емес пе? Бастысы, оны өзің жазуың керек. Оған менің қолым тимейді. Мен жұмысқа беріліп кеткен адаммын. Өз мамандығымды сүйемін және соған адалмын.

– Бізде ғылыми атағы көп шенеуніктер аз емес қой.

– Иә, ғылыми атағы көп шенеуніктер аз емес. Менде жоқ. Мен инженер-гидротехникпін. Осы атағым өзіме жетеді. Сонымен мақтанамын! Мен ол шенеуніктерді кінәламаймын. Әркім өзі біледі. Алматыдағы көптеген ғимаратты салдым – Оқушылар сарайын, «Алатау» санаториясын, «Қазақфильмнің» «Тон» студиясын. Сол кезде Голливудқа барып, жобаны алып келіп, Қазақстанда бірінші болып салдық. Шәкен Аймановтың қазақ киносының жұлдызын жаққан кезі еді. Сол жерде қаншама ғажайып кинокартиналар түсірілді. Жас кезімізде мехнаты көп шаруалардың бел ортасында жүрдік.

– Әкеңіз Қарақалпақстанға қалай барды? Арқадан Нүкіске қоныс аударуы ХХ ғасыр басындағы зұлмат жылдармен байланысты ма?

– Әкем 1910 жылы дүниеге келген. Өмірбаянында шыққан тегі шаруа отбасынан деп жазылған. Төрт жасында әкесінен, 12 жасында анасынан айырылыпты. Біздің атақонысымыз – Қостанай. Ата-бабаларымыз сөз ұстаған, ел басқару ісіне араласқан әйгілі тұлғалар болған екен. Қазан революциясынан кейін біздің үлкен әулет көп қиындық көрген. Әкем ешкі бағып кетіпті. 14 жасында оқуға талаптанып Саркөлден 160 шақырым жолды жүріп өтіп, Қостанайға жеткен. Сол жерде комсомолға өтеді. Комсомол қатарына өткендерді Алматыға ЦК-ның ғимаратын салуға жібереді. Бұл 1924 жыл. Ол уақытта ел астанасы – Қызылорда. Елорданы Алатауға көшіру үшін дайындық жұмыстары жүрді емес пе. Бар-жоғы 14 жаста болған әкей сол шаруаға атсалысқан. ЦК-ның ғимараты – қазіргі Жүргенов атындағы өнер академиясы.  Талай өнер қайраткері оқып шыққан білім ордасында әкемнің қолының табы қалған. Құрылыс аяқталған соң, оқимын деген балаларды іріктеп алып Қызылордадағы рабфакқа ( жұмысшы факультеті – Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында жұмысшы және кедей шаруа жастарына білім беру  үшін ашылған оқу орны – ред.) апарып түсірген. Сол жерде Совет Одағының Батыры атанған Төлеген Тоқтаров, академик Қарағұлов – бәрі бірге оқыған. Сыр еліндегі рабфакты аяқтағаннан кейін Самарқанд қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына түседі. Айтпақшы, мен ол жаққа барып, әкемнің барлық құжаттарын тауып алдым. Дипломында бір «төрт» жоқ. Кілең «беске» оқыған. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, жолдамамен Тамды ауданына аттанады. Еңбек жолын қарапайым зоотехниктен бастайды. Исмаил Юсуповтың кезінде екі аудан Өзбекстан құрамына өтіп кетті емес пе? Сөйтіп, әкем сол жақта қалып қояды. Іскерлігінің арқасында қызметі жоғарылап, Бұхара қаласына ауысады. Қарақалпақстанның ауыл шаруашылығы министрінің орынбасарына дейін көтеріледі. Үш колхозды қосып, Карл Маркс деген үлкен совхоз құрады. Депутат болып та жемісті еңбек етті.

Әкемнің еңбегін Шараф Рашидов бастаған сол кездегі өзбек басшыларының бәрі жоғары бағалаған. 1963-84 жылдары  Қарақалпақстанды басқарған Қалибек Камалов әкемді өзінің ұстазы санаған. Атын атамай, Аббас аға дейтін. Қалекең қазір 94 жаста. Елінің қадірлі ақсақалы. Бір жылдары мені Нүкіске арнайы шақырып, екі күн қонақ етіп, батасын берді. Мен ол кезде облыс әкімінің орынбасары едім. Қазір сол жақтағы ағайынға «мен бата бергесін Амандық облыс басшысы болды» дейді екен. Асылы, бата алған жақсы ғой. Атам қазақ «Мата алма, бата ал» демей ме?! «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дейді. Алла ұзақ ғұмыр берсін. Ол кісілер  талай қиындықты бірге жеңді. Зобалаң жылдарды  бастарынан бірге өткізді. Үлкен ағамның алдында үш әпкем өмірден өтіпті. Анам марқұм тоғыз құрсақ көтерді. Содан алтауы аман қалдық қой. Қысқасы, әкем 1961 жылы «Ер жігіт – туған еліне» деп Қостанайға оралады. Туған елі құшағын жайып қарсы алған. Абай атындағы үлкен совхозды береді. Тумасынан жұмысына аса мұқият, тиянақты әкем абыроймен зейнетке шықты. Балаларына байлық тастап кеткен жоқ. Бірақ бәрімізге білім берді. 10-сыныпта оқып жүрген кезім. Бірде үйге әкемнің ағасы келді. «Әй, Ғаббас, талай жерді кездің. Одан не таптың? Сен Амандықты оқытпай-ақ қой. Одан да алдына жылқы, сиыр салып бер. Малға қарасын. Мал береке ғой. Дәулетің артады», – деді. Әкем ағасының тілін алмады. Мені бетімнен қақпай оқуға жіберді. Көпті көрген жан еді. Қазақтың болашағын ойлап қиналатын.

– Былтыр Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды. Соның басы-қасында өзіңіз болдыңыз. Музейдің құрылысына ғана емес, сол кездегі трагедияға тереңірек үңілген боларсыз?

– Музейді салу бастамасы 2001 жылы қолға алынған еді. Мен бұл тақырыпты барынша зерттедім. Көп оқыдым. Қазір көп құжат әлі де көптеген  адамдардың қолында. Тоталитарлық жүйенің құрбанына айналған жандардың ұрпақтарының қолындағы құнды дүниелерді бір жерге жинау керек болды. Жасыратыны жоқ, кейбіреулер оны жоғалтып та алып жатыр.  Музей біздің болашағымыз үшін керек. Біз тарихты ұмытпауымыз тиіс. Қазір ол музейде зерттеу орталығы ашылып, көптеген жұмыс жүріп жатыр. Советтер билікке келгенде әр халықты зерттеді. Қазақтар дүниенің жарымын алып жатқан түркілердің қатарында болған жауынгер халық. Ұлы сахараның иесі болды. Жібек жолының бойында ғаламат мәдениеттер жасалды. Жоңғарды жойып жіберген батыр ел. Сол кездегі орталықтағылар осының бәрін білді. Сондықтан да бізге көп қиянаттар жасалды. Ұлттың көшбасшысы – зиялыларды атты. Көшпенді елді ұжымдастырып, күштеп отырықшы елге айналдырды. Миллиондардың өмірі қиылған аштық болды. Ал өзбектер отырықшылыққа бейім және диқан болғандықтан, колхоздастыруда қиналған жоқ. Біздей шығынға ұшырамады. Қазақтар қынадай қырылып қалды. Соның бәрі Голощекиннің кезінде болды. Ол кезде бірінші хатшы қазақ болса, екінші хатшы міндетті түрде өзге ұлттан тағайындалады. Ол орталыққа бәрін мәлімдеп отыратын салпаңқұлақ болатын. Тәубе, қазір азат елміз. Тәуелсіздіктен артық бақыт жоқ. Қасіретті көп көрген халықпыз ғой. Таңымыз атты. Болашағымыз зор боларына сенемін.

– Құрылыс дегеннен шығады, біздің қалаларды аралағанда көзге бірден еңселі әкімшілік, прокуратура, сот ғимараттары көзге түседі. Тұрғын үйлер біркелкі, советтік қалыпта салынып жатады. Бұл біздің сәулет-құрылыс саласын өнер деңгейінде қабылдамауымыздан ба, әлде басқа да себептер бар ма?

– Құрылысты сәулет өнері ретінде қарау үшін кешенді жұмыс атқару керек. Тек әкімшілік ғимараттар мен оның айналасына ғана көңіл аударуға болмайды. Талдықорғанға алғаш келгенімде галстук пен костюм-шалбарды шешіп тастап, таңнан кешке дейін құрылысшылармен бірге жүрдім. Қалаға кіреберісте алдыңыздан театр, Оқушылар үйі, Жастар сарайы қарсы алады. Және тәуелсіз Қазақстанның туы желбіреп тұр. Биіктігі – 92  метр. 1992 жылы мемлекеттік рәміздер туралы заң қабылданған. Орталық алаңды Арқарлы мен Қапалдың гранитынан жасаттық. 100 жыл тұра береді. Римдегі, Венециядағы, Карловы Варыдағы алаңнан кем емес. Бір ағашты да шаппадық. Халық демалатын орындарды көптеп аштық. Әкімшілік алдындағы субұрқақтар қосылғанда халық осы жерге келеді. Бұл жер тек мемлекеттік қызметкерлер ғана жүретін жер емес, көпшілік қыдыратын орынға айналды. Бас жоба дегеніміз – концепция. Тұрғын үй құрылысы, өндіріс және жасыл аймақ егжей-тегжейлі жоспарлануы тиіс.

– Мектептегі достарыңызбен араласып тұрасыз ба?

– Мектептегі, институттағы, өмір жолында табысқан достарыммен араласып тұрамын. Үнемі кездесіп тұрамыз. Жәрдем көрсетіп те жүремін. Өткенде бір досым ауырып қалды. Ем-домына көмектестім. Мектептегі екі досым Ресейде тұрады. Сергей мен Саша екі жыл бұрын осы жерге келіп қонақ болып кетті. Мен мектепке бармасам, олар да бармайтын. Біздің балалық достығымыздың сондай өз қызықтары болатын.

– Достық қарым-қатынасқа сіздің лауазымыңыз әсер етпей ме?

– Кеше маған 62 жыл бойы дос болып келе жатқан жолдасым келіп кетті. Ерсұлтан Бектұрғанов (мәжіліс депутаты) екеуміз балалық шағымызды еске алдық. Совхоздың есепшісінің  қызына ғашық болғанбыз. Бізден бір нәрсе сұраса, қолымыздағыны аямай жарыса беретінбіз, бізге көңіл аударса соған мәз боламыз. Негізі, достықты сақтау өзіңе байланысты. Кейбір достарым «сіз» деп әңгіме бастаса ренжимін. Достықты сақтауды үйрену керек. Достық деген – өте нәзік дүние. Әсіресе маған қиын. Оған себеп – менің қызметім. Достарыма қатты сөйлеп қойсам, ренжіп қалған жоқ па деп алаңдаймын. Әзілімді дұрыс түсінді ме деп уайымдайсың. Достықты аялап отыру ләзім. Сергей досым Ресейден келгенде менің әкемді, шешемді есіне алады. «Анаңның қаз етінен жасаған палауының дәмі әлі аузымда» дейді. Осындай естеліктер жан-жүрегіңді елжіретіп жібереді.

– Әкеңіз жайлы жақсы айттыңыз. Сіздің балаларыңызбен қарым-қатынасыңыз қандай?

– Мені әкем өте қатал ұстады. Әлі есімде, институтта оқып жүрген кезім. Қостанайға жазғы демалысқа демаламын деп келген едім, кеңшардың қара жұмысына салды да жіберді. Аты есімде жоқ, бір неміс трактористің қасында топтальщик болып, қыста мал жейтін силос даярладық. Жақсы жұмыс істесем керек, механизатор екеуміз жоспарды артығымен орындағанымыз үшін аудандық газетке шықтық. Ол газет менде әлі сақтаулы. Таңғы төртте тұратынбыз. Жұмыс сағат алтыдан түннің бір уағына дейін жалғасады. Бір айда 160 рубль таптым. Ол дегеніңіз – сұмдық көп ақша. Ал мен балаларыма жұмсақтаумын. Алайда балаларымды еркелетіп жібергенім жоқ. Жақсы тәрбие алды. Аналарының еңбегін айтып өткім келеді. Әлі күнге дейін олардың бейәдеп қылықтарын көргенім жоқ. Қолдары ашық. Немерелерім болса өмірімнің мәні. Айша деген немерем бар. Тәтті. Астанада тұрады. Сонымен ойнағанды жақсы көремін. Елордаға барғанда бірінші немереммен ойнап аламын да, сосын, үкіметтің жиналысына қатысамын.

– Волейболдан спорт шеберісіз. Волейбол – ұжымдық һәм интеллектуалды спорттың түрі. Әрбір ойыншы командаластарының алдында жауапкершілікті сезінуі тиіс. Саясатта жауапкершілікті сезінетін, сатпайтын, сенуге болатын  команда жасақтау қиын ба?

– Қолынан іс келетін, халық алдындағы жауапкершілікті сезінетін мемлекетшіл азаматтармен бірге жұмыс істегім келеді. Маңайыңда шәкірттерің болса жақсы. Сіз айтып отырғандай, команда жасақтау оңай емес. Өте қиын. Бір адамдарды тағайындайсың, үміт ақталмай қалады. Рекомендация арқылы кадрлық мәселе шешіліп жатады. Қателесетін кез де болады. Өзің айтқан волейболда қанша жаттығу жасатсаң да, түк шықпайтын спортшылар болады. Мемлекеттік қызметте де сондай. Әрине, өз ісіне тыңғылықты һәм жауапты шенеуніктер жоқ емес. Сондай жігіттер қызметіне лайықты болып шыққанда кеудеңді қуаныш кернейді. Ең бастысы, халық мақтағанда адам танығаныңа қуанасың. Сосын, «сені ел мақтап жатыр» деп қанаттандырып қоясың. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар, халықтың пейілін сезінген ол шенеунік тіптен жақсы еңбек ететін болады.

– Бір байқағаным, қазір шенеуніктердің қарамағындағыларға зекіп сөйлеуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл ненің көрінісі?

– Кейде қатты-қатты сөйлесуге тура келеді. Бірақ ешқашан да қарамағыңдағы адамға ар-намысына тиетін сөз айтпау керек. Егер айтқаныңды істемесе, жалынбайсың ғой. Сондай кезде қатал болуға тура келеді. Біздің жұмыста шұғыл шешім қабылдайтын кездер болады. Қызылағаш трагедиясын еске алыңызшы. Үлкен бағдарламаларды жүзеге асырасың. Әр іс рет-ретімен істелінуі тиіс. Сондықтан да қатал талаптар қоясың. Бірде бір шенеунік досымның қарапайым адамдармен қалай амандасқанын көріп таңғалдым. Тәкаппар, өзін тым асқақ ұстайды. Бірақ онысын байқамайды. «Жерге түс» дедім. Ендігәрі өзін бұлай ұстамау керектігін ескерттім. Ауыр сөздер айттым. Себепсіз бақырып-шақыру дұрыс емес.

– Өмірде жеткен ең үлкен жетістігім деп нені айтар едіңіз?

– Нені айтамын? Отбасым! Бала-шағамды өсіріп-өндірдім. Басты жетістігім – менің отбасым.

– Сіздің сұхбатыңызды оқып отырған «Жас Алаштың» оқырмандары туралы не ойлайсыз?

– «Жас Алашты» халық оқитынын білемін. Сіздерді ойлы оқырман оқиды. Байсалды басылымға жазылатын жандар мемлекетшіл, ұлттың тағдырына алаңдайтын, елін сүйетін патриот жандар деп ойлаймын. «Жас Алаш» – сөзінің дуасы бар газет.   

– Мемлекеттік қызметтен кеткенде немен айналысқыңыз келеді?

– Мен ендігі бар уақытымды немерелеріме арнағым келеді. Өмір бойы еңбек еттім. Жылына бір-ақ рет демалысқа шығасың. Оның өзінде 15-ақ күн. 1970 жылдардың соңында жолдамамен Ялтаға барып, 30 күн демалғаным бар. Балаларыма мынандай талап қойып отырмын. Енді жылына екі рет немерелеріммен демалатын боламын дедім. Байтақ Қазақстанның барлық керемет жерлерін аралаймыз. Сосын, бір рет достарыммен балыққа баратын боламын. Балаларым келісті.

– Талдықорғанда қаласыз ба?

– Білмеймін. Талдықорған облыс орталығы болғанда ең бірінші мен келгенмін. Түнгі сағат 12-де шыршалардың арасында жиналыс өткізетінмін. Сол кезде Алматыға қайтқым келіп тұратын. Қазір орынбасарларым демалыс болса, Алматыға тартып тұрады. Мен оларды түсінемін. Бірақ «сендер халықпен бірге болуларың керек, кетпеңдер» деп айтып тұрамын. Жетісуда 18 жыл өмірім өтті. Ол аз уақыт емес. Қазір Алматыға барсам, керісінше, Талдықорғанға кеткім келіп тұрады. Бұл жерде көп нәрсе жасадым ғой. Әлихан деген досым «Амандық, сен жетісулық болып кеттің» дегені бар еді. Қостанайға Шәңгі бабамның асына барғанымда «Жетісу мені бір атаның баласы деп бөліп-жармай құшағына басты» деген едім. Талдықорғанда үш бөлмелі пәтерім бар. Зәулім сарайым жоқ. Балаларым Алматыда тұрады. Олар үлкен қалаға үйреніп қалған. Сондықтан солардың қасына барамын. Осында қалам деп өтірік айта алмаймын. Бірақ Талдықорғандағы пәтерімді сатпаймын. Бұл шаһарға келіп тұрамын. Келгенде халықтың бетіне тура қарай алатындай жүзім ашық болса деймін. Кейде келе жатқан жолыңнан бұрылып кететін кездер болады. Құдай сондайдан сақтасын.

– Мемлекет мүддесі жолында еңбегіңізге сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан - Қанат ТІЛЕУХАН

"Жас Алаш" газеті