ҮКІМЕТ: МИНИСТРЛЕР АНТ БЕРДІ

Уақыты: 19.06.2019
Оқылды: 1070
Бөлім: САЯСАТ

Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында Міндетті әлеуметтік сақтандыру жайында айтылып, ҰБТ-ға дайындық барысы сөз болды.

Онлайн өткен жиында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ант беріп, жаңа қызметтеріне ресми кірісті.

Селекторда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне көшу жөніндегі тапсырмасының орындалуы, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемді моделін енгізу және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша қойған міндеттерінің орындалуы туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады.

Жаңа жүйемен, яғни, МӘМС қызметімен 2020 жылы еліміздің 95 пайыз тұрғынын қамтамасыз ету жоспарланған. Сақтандыруды тиімді енгізу үшін 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында пилоттық жоба іске қосылады. Одан кейін барлық өңірлерді қамту жоспарда. Премьер-Министр осы тұрғыда аймақ әкімдерін де сөзге тартып, баяндамаларын тыңдады. Өз кезегінде облыс басшысы Амандық Баталов Жетісу жеріндегі медициналық мекемелердің барлығы дерлік ғаламтормен қамтылғанын айтып, тапсырма бойынша әлі де жұмыс жүргізетіндігін жеткізді. Асқар Ұзақбайұлы қазан айында бүгінгі жүктелген тапсырмалардың қорытынды отырысы болатынын айтты.

Отырыста қаралған екінші мәселе – ҰБТ-ға дайындық барысы. Биыл елімізде жоғары оқу орындарына түсуге ниет етушілер 117 мыңнан асады, ал облысымызда 14700 шәкірт мектеп бітірді. Тестілеу 20-30 маусым аралығында өтеді. Үкімет басшысы облыс әкімдеріне оқушылардың ҰБТ-ға қатысу жұмыстарын бақылауда ұстауды тапсырды.

Серік ҚАНТАЙ

Сурет ғаламтордан алынды